Түлектердің 70 пайызы мемлекеттік тілде тапсырады

Түлектердің 70 пайызы мемлекеттік тілде тапсырады

Түлектердің 70 пайызы мемлекеттік тілде тапсырады
ашық дереккөзі
Қазір мектеп бітірген жас талапкерлердің көңілі күпті. Өйткені бәрі де алаңдаулы. Бүгіннен бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бағын сынағандар, бәйгенің алдын бермесе дейміз. Оқуға түсуге ниет еткесін, ҰБТ-ны дұрыс тапсырғаны дұрыс қой. Айта кетер бір жайт, 2017-2018 оқу жылында 147 023 түлек орта мектепті бітіріп, 29 мамыр – 9 маусым аралығында қорытынды аттестацияны тапсырды. Қорытынды нәтижелерге көз салар болсақ, «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 6 892 түлектің 6 780-і (98,4%) өз білімдерін растап, «Алтын белгі» төсбелгісін алды. Үздік аттестатқа үміткер 4966 үздік бітірушінің 4915-і (99%) өз білімдерін дәлелдеді. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, өтініш жазған. Олар биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының (131 377) 70 пайызын құрап отыр. ҰБТ тапсыруға ниетті 69 209 түлек қазақ тілінде, ал 23 618 – орыс тілінде тапсырады. ҰБТ 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі.  Барлық аудиториялар байланыс дабылын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, ҰБТ барысын бақылау   және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ, онлайн тарату камераларымен жабдықталған. – ҰБТ нəтижелерін алу үрдісі үнемі жетілдіріліп отырады. Бұрын-соңды тестілеу нəтижелері арнайы тақташаларға ілінген болса, бүгінгі таңда БҒМ-нің басқа да қосымша мүмкіндіктері бар. ҰБТ-2018 нəтижелерін ендігі кезекте  Telegram-бот @edu.gov.kz немесе edu.mail.kz сайты арқылы үйден шықпай-ақ білуге болады. Ол үшін тестілеуге қатысатын əрбір талапкерге берілетін ТЖК (тест тапсырушының жеке кодын) енгізу қажет. Тестілеу қорытындыларын сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан білуге болады. Тестілеу нəтижелерін əрбір талапкер өзі ғана көре алатынын естеріңізге саламыз. ҰБТ нəтижелері жоғарыда көрсетілген ресурстарға ақпараттың өңделуіне байланысты жарияланатын болады, –деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.