Талапты жасқа қолдау көп

Талапты жасқа қолдау көп

Талапты жасқа қолдау көп
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысында «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, ауылға бет бұрған жастар саны көбейіп келеді. Бұл туралы ауыл жастарын тұрғын үймен қамту мәселелері бойынша партияның Байғанин аудандық филиалында өткен басқосуда айтылды. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші маманы Айгүл Нұрқасымның айтуынша, 2009 жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың артуына байланысты ауданға 326 маман келген. Оның 236-сына көтерме жәрдемақы берілсе, 90 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Олардың арасында 201 педагог, 17 дәрігер, 7 спортшы, 7 мәдениет қызметкері, 1 әлеуметтік сала және 3 агроөнеркәсіптік кешеннің мамандары бар. – Жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия биыл 42 жас маманның өтінішін қарап, қанағаттандырды. Оның 25-і көтерме жәрдемақы, ал 17 маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік жеңілдетілген несие ала алады, – деді ол. Оған қоса аудан орталығы – Қарауылкелді ауылында екі қабатты сегіз пәтерлік жалдамалы коммуналдық тұрғын үйлер салынуда. Сондай-ақ, екі пәтерлік төрт және алты жалдамалы коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы да биыл бітеді. –  Қаймағы бұзылмаған ауыл қашан да береке мен молшылықтың мекені. Бір кездері ауылды тастап, жақсы өмір іздеп қалаға қарай ағылған жастар бүгінде қайтадан ауылға бет бұрды. Әйтсе де ауданымызда дәрігерлер тапшылығы азаймай отыр, –  деді аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Бауыржан Тәжімұратов. Басқосуда «Дипломмен –  ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келген жас маман Гүлжайна Қойшығұлова  еш қиындықсыз баспаналы болғанын айтып, замандастарын мүмкіндіктен құр қалмай, ауылға келіп еңбек етуге шақырды. Елімізде мектеп бітіруші түлектерге де айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде олардың алдында үлкен сынақ, келешегіне жол салатын жауапты таңдау тұр. Түлектердің бірі жоғары оқу орнына талаптанып көруге бел буса, екіншілері қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеру үшін арнайы орта оқу орындарында білім алуды жөн көреді. Ал енді бірі бірден еңбекке араласқысы келеді. «Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» жобасы осындай маңызды шешімнің алдында тұрған өрендерге бағдар беріп, жол көрсетуді мақсат еткен. Балқаш ауданындағы «Бақанас» және «Шамшырақ» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері «Нұр Отан» партиясының  «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында №1 Бақанас орта мектебі мен  Б.Бей­секбаев атындағы орта мектепте түлектермен кездесті. Онда алдағы кезде болатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында жоғары оқу орындарына жол ашатын ұпайға қол жеткізе алмаған түлектерге «Сәтті қадам» жобасының қандай көмегі болатындығы жан-жақты түсіндірілді. Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында өткен жылы мектеп бітірушілердің тестілеуден кейін жоғары, орта оқу орындарына түсуі туралы ақпараттар жиналып, талпынысы сәтсіз болған  түлектердің колледждерде техникалық, кәсіби мамандықтарды игеруіне партиялықтар тарапынан нақты көмек көрсетілгені жайында айтып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатындығын жеткізді. Дәл қазіргі кезде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында қандай мамандық иелеріне сұраныс көп екендігі және жас мамандарға қандай қолдау қарастырылғаны жайлы ақпараттармен бөлісті. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Кәдірбек  Омаров  пен «Бақанас» БПҰ төрағасы, Бақанас ауылдық округінің әкімі, Дархан Төлеубекұлы мектеп түлектерінен болашақ мамандықтары туралы ойларын сұрап, ақыл-кеңестерін айтып, партиялықтардың бастамашыл жаңа жобалары туралы әңгімеледі. Мектеп бітірушілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарды.