«Қасіретті жылдар тағылымы»

«Қасіретті жылдар тағылымы»

«Қасіретті жылдар тағылымы»
ашық дереккөзі
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы датаға орай сейсенбі күні ҚР Ұлттық музейінде «Қасіретті жылдар тағылымы» атты көрме және дөңгелек үстел өтті. Сталиндік қуғын-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап шекті. Деректер бойынша, 1920-30 жылдардағы ашаршылықтан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды. 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілді. Осындай ауыр жағдайда қаза тапқан құрбандарды еске алуға арналған көрмеге қуғын-сүргін құрбаны болған әулет өкілдері – Қожықов Қожа Ахмет, Қожықов Құлахмет, Қожықова Латипаның салған суреттері қойылды. Қожықовтар әулетінің жеке коллекциясындағы туындылар қатарында қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көрсететін картиналар да бар. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Марал Балтышев: «Ол нәубет жылдардың қазақ халқының тағдырына тигізген әсері зор. Саяси қуғынның құрбандары туралы мағлұматтар әлі де зерттеліп, зерделеніп жатқаны анық. Құғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларымызды еске алып, тарихымызды тану – біздің басты парызымыз. Бүгінгі көрме соның бір көрінісі болмақ. Қазаққа келген осындай қиындықтардың салдарынан халық қырылып, саны азайып кеткені ақиқат», – деді. Ал Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуле Қожықова: «Л.Қожықова жүзден астам өрнектік туындылардың авторы. Оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Будапешт және Вашингтон музейлерінде сақтаулы. Оның тәрбиелеп өсірген төрт ұлы да өнер қайраткерлері. Қожа Ахмет Қожықов өте талантты кәсіби график суретші, Құлахмет – театр және кино суретшісі, Сұлтан Ахмет – өнер қайраткері, Нұрахмет – мүсінші болған. Бүгінгі көрмеге Қожықовтар әулетінің шығармалары қойылып отыр. Жалпы 80-ге жуық туынды ұсынылды», – деп атап өтті. Көрменің ашылу салтанатынан кейін музейдің кіші мәжіліс залында «Қасіретті жылдар тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға тарихшы ғалымдар, музей саласының мамандары, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және Астана қаласындағы ЖОО-ның студенттері қатысты.