Ауыл шаруашылығының алдағы адымы

Ауыл шаруашылығының алдағы адымы

Ауыл шаруашылығының алдағы адымы
ашық дереккөзі
Ауыл шаруашылық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына байланысты түзетулерді дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінің депутаттары талқылады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндеті қойылған болатын.Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізген.Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Үкіметтік сағат өткізілді. Бағдарламаның түйінді көрсеткіштері мен іс-шаралары негізінде, жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленген.Оны іске асыру мерзімі 10 және одан да көп жылды құрайды. Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізіне отбасылық фермалар түріндегі шағын шаруашылықтар алынады және ол ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашылықтардан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен тұратын зәкірлік кооперация нысанында жасалады. Ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн, гектардан 100 млн, гектарға кеңейту, ірі қара малды 15 млн, басқа дейін, қойды 30 млн, басқа дейін көбейту көзделіп отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жеке шарттары көзделетін болады, олар: жер учаскелеріне басымдылық беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдар инфрақұрылымын құру. Сүтті мал шаруашылығы бағдарламасы да сүт өндіру жөніндегі отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалады. 2027 жылға қарай отбасылық фермаларды 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы-сүт фермаларды 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланған. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылмақ. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн тоннаға ұлғайту міндеті қойылып отыр. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кәсіпорындар салу, қолданыстағыларын реконструкциялау және жаңарту, сондай-ақ, ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделген. Өсімдік шаруашылығына байланысты сапалы тұқым, техникалық жарақтандыру, нақты егіншілік, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, әртараптандыру, суармалы жерлерді айналымға енгізу тізбесі қарастырылған. Жалпы, Мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты арттыру, аграрлық ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді. Бұл шаралар Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен үшін қойылған міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.

                                                                                         Ғалым Орынбасарұлы

Астана