Сәтбаев университетінің беделі неге түсті?

Сәтбаев университетінің беделі неге түсті?

Сәтбаев университетінің беделі неге түсті?
ашық дереккөзі
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехника университеті бір кезде аты елімізге кең тараған таңдаулы техникалық жоғары оқу орнына жататын. Осы университетте үздіксіз 54 жыл профессор болып қызмет атқарамын, 32 жыл философия кафедрасына жетекшілік жасадым. Сонымен қатар қоғамдық жұмыс ретінде ұжымында 640 коммунисі бар партия ұйымына хатшы болдым. Сол жылдары университет ректоры Ә.Қ. Ома­ровпен бірлесіп университет беделін көтеруге біршама қызмет атқардық. Мәселен, Одақ дәрежесінде назарға іліккен «Единый перспективный план учебной, политико-воспитательной работы, рассчитанный на весь период обучения» деген жоспар жасап, әрбір оқытушы, кафедра меңгерушісі, декандардың атқаратын қызметін көрсеттік. Талап ететін болдық. Университетте алғаш соғыс ардагерлерінің мемориалын жасадық. Студенттердің денсаулығына мән бердік. Жақсы спортшылар тәрбиеленді. Студент-альпинист Валиев Эверест шыңына шықты. Университеттің бір теңгесін шығармай, партком демеуші тауып, 20 мың долларға Чехословакиядан заманауи музыкалық аспаптар алдырып, студенттерден құралған ансамбль ашып, оған әлемге кейін аты шыққан «Досмұқасан» есімін партком шешімен беріп, ұдайы қолдап отырдық. Әйтпесе, балалайка, мондалинмен «Досмұқасан» аты шыға қояр ма еді? Институттың тәжірибелі оқытушыларын Азия, Африка елдеріне жәрдемге жібердік. Олар сондағы университеттерде лекция оқыды. Студенттер мен мұғалімдерге үлкен асхана салдырдық. Тағы айтатын бір мәселе, ректорат пен парткомның бірлескен мәжілісінде ҚазПТИ-дің құрылыс аумағын бектіп, соған дайындықты бастадық. Ол Сәтбаев, Сейфуллин, Байтұрсынов, Тимирязев көшелері шаршы аумағын қамтитын. Соны шегеледік. Оған себеп Тимирязев-Байтұрсынов көшелері қиылысында университеттің Әскери дайындық кафедрасы үшін тұрғызылған көп қатарлы үлкен корпус бар екендігі. Мақсатымыз ерекше университет қалашығын салу. Жоғарыдан келісім де алдық. Жатақхана, оқу, басқа ғимараттарды арнайы жоспарладық. Қапшағай көлінің терістік жағасынан студенттерге демалыс аймағын аштық. Бірақ өмір өтеді, бастықтар ауысады. Біздің бастамамызды толық қолдаған ректор Б.Р. Рахышев еді. Бірақ 1986 жылғы оқиға кедергі болды. Біздің кезімізде университеттің көп қабатты екі үлкен ғимараты тұрғызылды: Мұнай, Гук деп аталатын. Өкініштісі, басталған істің көбі аяқталмағаны. Кеңес жүйесі құлады. Кейін студенттерге арнайы салынған асхана жабылып, қиратылды, қанша жыл өтсе де жаңа асхана салынбады, студенттерге жатақхана ретінде тұрғызылған ғимарат жекеменшікке сатылды. Еліміз егемендік алып, нарық жолына түскенде жеке меншік құлқын тесіп шыға келді. Бұл тұрғыдан шет елдердің тәжірибесін ескермедік. Ол елдерде қадағалау, тәртіп өте қатаң. Қарау жолмен байысаң ешкімді аямайды. Нарық жолына түскен қазіргі Қытайда да солай. Нарық – пайдаға негізделген. Ол түсінікті. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз бар. Біздің университетте бұрынғы қатаң талап күрт құлдырады. Оқыту, тәрбие жұмысы сылбыр жүре бастады. Түсініксіз жағдайда атын ешкім білмейтін ғылым докторы, академиктер көптеп шыға келді. Олар кімдер? Әрине, университет басшыларымен әмпей-жәмпейлер. Көбі кешегісін ұмытты. Солар қалыптастырған ауыр ахуалдан көптеген оқытушы профессорлар опық жеді.Тәлім-тәрбиенің бетімен кеткені сонша, сабақ үстінде бір студент бір студенттің өмірін қапияда қиды. Шара қабылдаудың орнына «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалды да, әлгі студенттің ата-анасы баласының мәйітін Қарағандыға алып кетумен тынды бұл іс. Неге бұлай болды? Бұрын қоңторғай өмір сүргендер қазір жеке қоршаулы зәулім сарайларда тұрады. Оған ешкім таңданбайды. Сірә, бұл кәдімгі өмір салтына айналған сияқты. Бірде университет парткомына ЦК-ның партия бөлімінен, Оразай Батырбековтен қоңырау шалғаны есімде. Ол кісі: «Ө.А. Жолдасбеков жөнінде өз қолыңмен жазып, машинкаға бастырмай ұсыныс жазып, қол қойып, бүгін әкеп бер», – деді. «Бізге шұғыл керек»,– деді. Парткомның есігін жауып алып, Ө.А. Жолдасбеков политехте оқу жұмысы жөніндегі проректор екенін жаздым. «Оқу жұмысын біледі. Жақсы адам. Коллективте беделді. Елмен тіл табысып, сөйлесе біледі. Ұйымдастыру қабілеті жоғары», – деп жаздым. Кейін білсем, менің пікірім ЦК КПК бюросына керек болыпты. Ө.А. Жолдасбеков ҚазМУ-ге ректор болып бекітілді. Ол ректор болған соң жаңа жерде ҚазМУ қалашығын жасады. Арада көп жылдар өтті. Ө.А. Жолдасбеков дүние салды. 2018 жылдың 20 сәуір күні ҚазМУ қалашығын аралап көрдім. Керемет! Талай ірі корпустар салынған. Мәселен, кітапхана өз алдына корпус, сауық үйі өз алдына корпус. Байқасам, біздің политехтегі жобалаған бастамамыз осында – әл-Фараби университетінде іске асырылған екен. Оны бастаған Өмірбек Жолдасбеков, аяқтап отырған Ғалымқайыр Мұтанов. Құтты болсын айтып, алғыс білдіреміз. Мұның бәрі өткен іс, тарих. Бірақ тарих үйретеді әрі сабақ болады. Ал енді Сәтбаев атындағы дүрілдеген политех қазіргі мүшкіл жағдайға неліктен және қалай жетті? Оны тексеріп, талдаған ешкім жоқ. «Жабулы қазан жабулы». Кім жазықты екені ашылмады. Жаңа басшылық көптеген қиындықтарға душар болды. Оны көріп отырмыз. Жас азаматтарды қолдағым келіп, жазып отырмын. Әрине, кеткендердің бәрі нашар, қалғандар талант деп айта алмаймын. Үлкен жылдамдықта бәрін ескеру қиын. Техникалық оқу орнында қоғамдық ғылымдарды, әсіресе, философия, логика, тарих сабақтарын тәжірибелі, білімді мамандар жүргізуі тиіс. Бұл – өмір талабы. Заман талабына сай маман даярлау басты қажеттілік. Ең өкініштісі, қазір университтеттегі қоғамдық ғылымдар кафедрасының халі мүшкіл. Болашақ үшін не істеуіміз керек? Біздіңше, екі нәрсе қажет. Біріншіден, тәжірибелі мамандардан комиссия құрып, қалыптасқан жағдайдың себебін ашып, пайдалы қорытынды жасау, ақ пен қараны ажыратуға тиіспіз. Өйткені бұл үлкен сабақ! Екіншіден, биылғы оқу жылы аяқталуға таяу. Жаңа оқу жылына әлі алда үш-төрт ай уақыт бар. Конкурс өткізіп, университеттің құрамын тазартып, жаңа әрі мықты кадрлармен нығайту керек. Сәтбаев университетіне келуге ұмтылатындар көп. Тек таңдау қажет. Осы екі жұмысты іске асыру жаңа басшылыққа қолдау болады деп түсінемін. Бұл – жаңару. Онсыз прогресс, ілгерілеу болмайды. Жаңа басшылыққа табыс тілейміз. Мен осы университеттегі ауыр жағдайды талай байқап жүрсем де, кезінде Елбасыға хабарламағаныма өкінемін. Бәлкім, жағдай ертерек жөнделген болар еді. Әлі де кеш емес. Тек еңбек пен адалдық, қатаң талап керек. Бұл екеуі табыс кілті дер едім. Сонда Президент сенімі ақталады. Ел, студенттер риза болады. Өйткені техникалық оқу орны еліміздің даму дәрежесінің көрсеткіші. Қазақстанға жоғары дамыған білімді, түрлі былық-шылықтан ары таза техникалық кадрлар ауадай қажет. Сәтбаев университеті жаңа биіктерге көтерілетініне кәміл сенемін. Іске сәт!  

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі