Базарлар заман талабына сай болмақ

Базарлар заман талабына сай болмақ

Базарлар заман талабына сай болмақ
ашық дереккөзі
Алматы шаһарында бүгінгі таңда 57 базар жұмыс істейді. Соңғы бес жылдың ішінде қала басшылығы «қызыл жиекке» орналасқан, санитарлық нормалар мен мегаполистің архитектуралық келбетіне сай келмейтін 20-дан астам базардың жұмысын тоқтатты. Сүріліп жатқан базарлардың көбі көшеге жақын салынған. Осыдан туындайтын жол кептелісінің де түйткілдері қолға алынуда. Айталық «Алтын Орда» базарының алдында 3-4 сағаттық кептелістен қажыған тұрғындар үшін жол айрықтары мен қоғамдық көлік өтетін жеке жолдар салынып жатыр. Қаланың ірі базар орталығына айналған «Барахолка» сауда-саттық орталығында дәл осы түйткіл бар еді. Қазір бұл мәселе шешімін тапқан.  Арнайы жаяу жүргінші аймақтары мен қоғамдық көлік үшін кеңейтілген жолдар салынып, жер үсті өтпелі жолдары пайда болды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада әлі де болса сауда талаптарына сәйкес келмейтін базарлар бар. Кәсіпкерлер контейнерлер мен дүңгіршіктерде сауда-саттық жасауда. Бұл қала ажарын бұзады. Қаланы одан әрі дамыту үшін мұндай базарлар жойылуы тиіс. Жуырда ғана «Кар Сити» сауда орталығы алдындағы 100-ден астам сауда мен  қоғамдық тамақтану орындары қызметін тоқтатты. Ал «Рахат» базары маңын жалға беру мерзімі аяқталысымен, оның айналасына қалалықтар үшін аллея салу жоспарланған. Қазіргі таңда 16 базарды жаңарту жұмыстары жүзеге асты, олардың меншік иелері 16 миллиард теңгеден астам инвестиция бөлген. Жыл аяғына дейін тағы да  алты базар реконструкцияланады. Бес базарға жаңарту жұмыстары жүргізіліп, келер жылы аяқталады. «Біз арнайы сүрілетін базарларды 1 ай немесе 20 күн бұрын ескертеміз. Қазір заңсыз сауда орындары өте көп. Мысалы, саудагерлер үй салынуы тиіс жерлерге сауда-саттық орындарын салып алады. Арнайы сауда-саттық  орнын салу үшін рұқсаттама қағазы болу керек. Көп саудагерлер заң жүзінде осындай түйткілдерге тап болып жатады. Қазіргі таңда «Тастақ» базары мен «Сайран» автобекетінде заңсыз сауда орындарын тексеріп жатырмыз», – деді «Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының» бас маманы Әлібек Төлбасиев. Қала басшылығының мәліметінше, базарларды модернизациялаудың бірқатар  нақтылы шарттары белгіленді. Барлық базар ошақтарында санитарлық-эпидемиологиялық станция, өрт қауіпсіздігі талаптары ескеріліп, көлік тұрағының болуы міндетті. Сонымен қатар кәсіпкерлер тіркеуден өтіп, POS-терминалдар мен кассалық аппараттарының болғаны жөн. Базарларды модернизациялау қазірдің өзінде тиімді болуда. Соңғы жылдары сауда айналымы қалада 3,4 пайызға артып, 12,8 трлн теңгені құрады.  Бұған сауда орындарының санын ұлғайту мен  кәсіпкерлер жұмысын  оңтайлы қамтамасыз ету  арқасында қол жеткен. Айта кетерлігі, Алматыда биылғы жылы қолайлы қала  кеңістігін жасау мақсатында бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев  көшелері мен «Астана» алаңынан өзге, мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары жаңарады. Орталықтандыру қағидасы бойынша қаланың барлық  аудандарында  600 аула қайта жасалып, ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше жөнделеді және 30 шақырымнан асатын жүргінші жолдары салынады.

Дарын Құрманқұл