БАҚ: медиа сауаттылықтың алтын діңгегі

БАҚ: медиа сауаттылықтың алтын діңгегі

БАҚ: медиа сауаттылықтың алтын діңгегі
ашық дереккөзі
Алматыда мамырдың 17-18 күндері ЕҚЫҰ Офисі мен Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен «InternetCA-2018 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы»  ІХ ортаазиялық форумы өтті. Биылғы форумның тақырыбы – «БАҚ, мемлекет, қоғам»: цифрлық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық». Форумға Қазақстан, Германия, Литва, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар, журналистер, блогерлер, ғалымдар, министрлік мамандары, үкіметтік емес ұйым мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. InternetCA-2018 қатысушылары мемлекеттік, БАҚ пен қоғамның ақпараттық кеңістіктің дамуына тигізер әсері, интернеттің шындықты қалыптастырудағы ықпалы, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді сақтау, әлеуметтік жобаларды геймификациялау, фактчекинг, «Аудиторияның медиа сауаттылығы фейк жаңалықтарға, насихатқа қарсы ең тиімді құрал бола ма?», сондай-ақ, ксенофобия мен өшпенділік тілі туралы ой бөлісті.  Сондай-ақ, ақпараттық кеңістіктегі БАҚ пен мемлекеттің рөлін талқылаған мамандар тың бастамалар мен идеяларды нақты мысалдармен жеткізді. Тақырып аясы өте кең. Айталық, «Еркіндік немесе бақылау: Мемлекет өз азаматтарының цифрлық «меніне» қалай қарау керек?», «Фактчек – манипуляция және фейктерге қарсы күрес құралы ма?», «Кибермемлекет пен киберқоғам: «иә» немесе «жоқ?», «Өзбекстан ақпарат құралдарында ксенофобия мен өшпенділік тілінің көрініс табуы», т.б. тақырыптар бойынша арнайы сессия отырыстары өтті. Шетелдік сарапшы-мамандардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы кезде фактчекинг журналистік зерттеу түрінде медиа-кеңістікте айтарлықтай жылдам дамуда. Кез келген ақпарат әп-сәтте бүкіл әлемге тарап үлгереді. Ақпараттық соғыс: халықаралық саяси, экономикалық немесе әскери блоктар арасында жүріп жатыр. Осы тұрғыда жалпақ жұртқа шынайы, нақты ақпарат жеткізу қиын соғуда. Яғни, белгілі бір оқиғаға орай қоғамда екіжақты көзқарас қалыптастыру, бұқара санасына жаттанды мәлімет беру белең алған. Бұл кезде фактчек көмекке келеді. Фактчек – БАҚ дәл осы популизм мен манипуляцияны, түрлі деңгейдегі спикерлердің көпірме сөздеріндегі күмәнді деректерді әшкерелеуді көздейді. Фактчек форматында жұмыс істейтін алғашқы ресурстар осыдан 30 жылдай бұрын пайда болды. Қазіргі кезде әлем бойынша олардың саны 114-ке жеткен. Латын Америкасы, Африка құрлығы, Батыс Еуропа елдерінде өз фактчекинг тұғырнамасы қалыптасқан. Ал ең ірі фактчек-ресурстар желісі АҚШ-та. Мұнда олардың саны 30-дан асады. Демек, күллі елдер фактчекерлері әрдайым тәжірибе алмасып отырса, үйренетін тұсы көп. Себебі бүгін кез келген ақпараттың рас-өтірігін тексеру, содан кейін ғана қоғамға тарату ісі кемшін түсуде. Барлық саладағы мәліметті жария етуде әуелі тексеру – ортақ талап, ал нысанды таңдау – әркімнің өз қалауы. Фактчекинг саласындағы шетелдік үрдіс пен форумға қатысқан мамандар пікірін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.