Жолы – тақтайдай, әлеуеті – батпандай

Жолы – тақтайдай, әлеуеті – батпандай

Жолы – тақтайдай, әлеуеті – батпандай
ашық дереккөзі
Алып шаһар – Алматының жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. Шаһар жолдарын барынша сапалы әрі дер кезінде жөндеу – кезек күттірмейтін міндет. Жол инфрақұрылымын дамытуды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жыл сайынғы Жолдауларында назардан тыс қалдырмайды. Бұл ретте Алматы қаласында атқарылып жатқан шаруалар шаш етектен. Биыл да қала басшылығы күн жылынысымен жол жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Президент өз Жолдауында еліміздегі автожолдардың сапасын арттыру үшін қомақты қаражат бөлуді тапсырды. «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек», – деген болатын Мемлекет басшысы. Елбасының тапсырмасын орындауда Алматы қаласы да шет қалып жатқан жоқ. Шаһардағы жолдар мен жолайрықтарды жөндеу жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Биыл Алматыда ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше орташа жөндеуден өтпек. 157 көшенің 80 пайызы 25 тамызға дейін, қалған 20 пайызы қыркүйектің аяғына дейін тақтайдай даңғылға айналады деп жоспарланып отыр. Жер асты өтпелі жолдардың барлығы күрделі жөндеуден өтуде, жаңа фонтандар салу жоспарланған. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге қаланың бірқатар негізгі даңғылдары жаңарады. Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше, орташа өңдеу жұмыстары жүргізілу барысында тек қана жол жабындысы ғана ауыстырылып қоймай, жарамсыз жағдайда арық науалары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар толығымен жасалады. Сонымен бірге, 24 көшеде үгітіліп кеткен бетон жол жиектастары толықтай алмастырылып, оның айналасы абаттандырылады. Гагарин, Жароков, Садықов, Яссауи, Байтұрсынов, Мақатаев көшелеріндегі жол жиектастары төзімді гранитке ауыстырылады. Өйткені бұл материал тез үгілетін бетонға қарағанда өте төзімді. Алматы көшелерін жаңа қалыпқа келтіру жұмыстары 2018 жылы толық аяқталады. «Біз Алматыны «Қала – адамдар үшін жайлы» қағидасы бойынша дамытудамыз, сондықтан жұмыстарды жүргізген кезде кедергілерді барынша азайтып, уақытты қысқартқан жөн. Өткен жылы жолдарды жөндеу, жылу трассаларын жаңарту, орталықты жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асты, дегенмен процесс барысында бірқатар кемшіліктер анықталды, әсіресе, тайм-менеджмент бойынша. Биылға жасалған жоспарда кейбір мердігерлердің жөндейтін жолдары небәрі 5 шақырым, оны қарашаға дейін созудың қажеті қанша. Қыстың алдында тегістелген асфальтты жол кімге керек», – деген болатын Бауыржан Байбек. Ал «Қала жүргінші үшін» қағидасы аясында ұзындығы 30 шақырымнан асатын жаңа тротуарлар салынуда және жөнделуде. Жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшеден кіру бөлігі тарылады. Айта кетейік, Түрксіб ауданында Стаханов, Париж коммунасы, Шымкент, Буденный көшелері бөлігінде жаңа тротуарлар пайда болды. Әуезов ауданындағы №6 және №8 ықшам елді мекендерде жаңа аула аралық тротуарлар пайдалануға берілді. Бостандық ауданында Дунаевский көшесі бойымен Жароков және Ходжанов көшелерінде де тротуарлар іске қосылды. Осыған ұқсас жұмыстар қаланың барлық аудандарында жүруде. Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек жуырда қала инфрақұрылымын дамытуда кешенді әдістің маңызды екенін атап өткен болатын. Егер орталықта көшелер жүргіншілер қалауына сай қайта жаңарса, ал қала айналасында көлік қозғалысының легі үшін қажетті жағдай жасалады. Одан бөлек, қазір қаладағы Абай даңғылын созу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Құрылыс үш бөлікке бөлінген. Алғашқы Наурызбай ауданындағы бөлігі қазіргі уақытта аяқталды. Оның ұзындығы 1 шақырымнан асады. Екінші бөлігінің ұзындығы 2 шақырымға жуық, құрылыстың құны – 8 миллиард теңге. Үшінші бөліктің ұзындығы – 1 км 250 метр. Оның құны – 2,5 миллиард теңге. Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Абай даңғылын созу жұмыстары 2019 жылы толық тәмамдалады. Ал Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне қосу 2018 жылдың қыркүйек айында бітеді деп жоспарланған. Бұл жұмыстар үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі бойына жолайрық салу көлік қозғалысы легін 20 пайызға арттыруы тиіс. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп болжануда. Рысқұлов даңғылы мен Құлжа трактісінің қиылысында да жаңа жолайрығы салынуда. Бұл солтүстік-шығыс бағыттағы кіші көлік айналымының көлік өткізу қабілетін арттырады. Қазіргі кезде мұнда эстакада тіреуінің астына өндіріс қондырғылары орнатылуда және инженерлік желілер қайта ауыстырылуда. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі бойында да жаңа жолайрықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Наурызбай ауданын орталықпен қосу үшін Шаляпин және Жандосов көшелеріне басымдық берілуде. Абай даңғылының бойында Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін үңгілеу жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар, Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы осы жылдың екінші жартысында басталады. Негізінен Алматы қаласының көлік дәлізін жақсартуға бағытталған жоба биылғы жылдың екінші жартысында бастау алып, 2021 жылы аяқталады. Жолдың толықтай пайдалануға берілуі 2036 жылға дейін жалғасады. Жоба толықтай жүзеге асқаннан кейін Алматы қаласы маңындағы көлік қозғалысы өзгеретін болады. Айналма жолға қаланың 6 көшесі қосылады. Олар: Абай даңғылы, Рысқұлов көшесі, ақын Сара көшесі, Тілендиев көшесі және Солтүстік айналма жарты шеңбері. Жолдарды ретке келтіру барысында, қалада бұрыннан дұрыс орналаспаған тұрақтар мәселесі де шешілмек. Әсіресе, қалаған жеріне көліктерін қаңтарып кететін көлік жүргізушілерінің әрекеті назардан тыс қалмайды. Енді жол жөнделгенде, тұрақ қалталарының бергі беттері ғана абаттандырылатын болады. Бұрыннан бар жасыл желекті барынша сақтауға жөндеу жұмыстары кедергі келтірмеуі тиіс екендігіне мән берілмек. Бастысы бұқараға ыңғайсыздық тудырмай, көшелердің жабылатын бөліктері туралы ақпаратты тұрғындарға дер кезінде хабарлау керектігі де қатаң қадағаланады.