Соңғы қоңыраудың сыңғыры

Соңғы қоңыраудың сыңғыры

Соңғы қоңыраудың сыңғыры
ашық дереккөзі
Ертең – 25 мамыр. Ұлы даланың барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» (Мұқағали Мақатаев) алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәт.  Білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады. Оқушылар үшін соңғы қоңырау рәсімінің маңызы айрықша. Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Бұл күні ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз. Биылғы соңғы қоңырау салтанаты еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойының қарсаңында келіп отыр. Сондықтан, еліміздегі барлық білім мекемелерінде соңғы қоңырау салтанатты Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» тақырыбымен өтетін болады. Биылғы оқу жылының басында 3 миллионнан астам оқушы мектеп партасына жайғасса, соның 146 мыңы алтын ұясымен қоштасады. Олардың 70 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш берген. Мектеп бітірушілердің 73 мыңы сынақты қазақ тілінде тапсырады, бұл түлектердің 80 пайызын құрайды. Биыл елімізде алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр. Сынақты ағылшын тілінде тапсыруға 250-ге жуық түлектен өтініш түскен. Ал республика бойынша 7 мыңға жуық мектеп бітіруші түлек «Алтын белгіден» үмітті.  Оның 1692-сі – Оңтүстік Қазақстан облысының шәкірттері. Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 11-сыныпты 33 766 оқушы бітіреді. Оның 26 мыңы – қазақ, 2834-і – орыс, 4605-і – өзбек, 327-сі тәжік сыныптарының оқушылары. Ал Алматы қаласында биыл 9100 бала мектептен түлеп ұшады. Олардың 7300-і ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті. Қалған түлектер алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орындары мен колледждерінде білім алуға шешім қабылдаған. Маңғыстау облысында мектеп бітіретін оқушылар саны – 5626. Оның 4167-сі ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген. Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп бітірушілер саны да биыл 5 мыңға жетті. Өткен оқу жылында мектептердегі білім беру бағдарламасында айтарлықтай өзгерістер орын алған жоқ. Оқу жылының басында 2,5 және 7-сыныптар жаңартылған оқу мазмұнына көшті. Білім және ғылым министрлігі 2017 жылдан бастап оқушылардың білімін критериалды бағалау тәртібін бекіткен болатын. Жаңа бағалау жүйесі бойынша, оқушылар пән бойынша оқып бітірген тақырыбына бір баға, ал тоқсан аяғында жалпы пәнді игеруіне байланысты екінші баға алады. Бұл ретте оқушының білімі балл және дәстүрлі баға түрінде бағаланады. Ал жарты жылдық пен жыл соңында оқушыдан сынақ алынады да, бір бөлімді игеруіне және тоқсандағы біліміне қарап оқушыға қорытынды жылдық баға қойылады.

Мектеп бітіру кешіне кім қарсы?

Бүгінде барлық мектептердегі Соңғы қоңырау салтанатынан кейін мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастыруы дәстүрге айналып барады. Бұл тек жолдағы кедергілерге ғана емес, жол қозғалысына қатысушы басқа да тұлғалардың қауіпсіздігіне кері ықпал етіп, апаттық жағдайдың жоғарылауына себеп болып отыр. Сондықтан мектеп ұстаздары мен ата-аналар бұл күні балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет. Тіпті, 25 мамыр күні Шымкенттегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істеуге бел буып отыр. Тарыдай болып кірген ұяларынан таудай болып шыққан 146 мың түлектің алдында үлкен сын сағаты тұр. Мектептегі қорытынды аттестациялаудан өткеннен кейін түлектер мектеп бітіру кешін тойлауы дәстүрге айналған. Алтын ұяларына деген қимастық пен алға жетелейтін армандары қатар келген жас түлектер үшін бұл күннің маңызы ерекше. Бірақ мектеп бітіру кешін дүбірлетіп атап өту мәселесі қоғамда жыл сайын қызу талқыға түседі. Осы ретте, еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев мектеп бітіру кештеріне қатысты пікір білдірген болатын. Министр мектеп бітіру кешіне қатысқысы келмейтін оқушылар мен ата-аналарды ешкім қинамайтынын, олардың ресми аттестат тапсыру салтанатына ғана қатысуына болатынын тілге тиек етті. Бірақ министрліктің мектеп бітіру кешін өткізуге қатысты арнайы тұжырымдамасы жоқ. «Мұны мектептегі мұғалімдер кеңесі, оқушылардың өзі, ата-аналар комитеттері шешеді. Балалар бітіру кешін қалауларынша тойлауға құқылы. Біз балаларға шектеу қойып, қарсылық танытпаймыз. Бұл мәселеге негізінен жергілікті атқарушы органдар, қалалық билік органдары жауапты. Тоқетерін айтқанда, министрлік мектеп бітіру кешін қымбат шоуға айналдыруға қарсы», – деді Білім және ғылым министрі. Министрлік мектеп бітіру кешінің дүбірлеп өтуіне қарсы болғанымен, ата-аналар балаларының өміріндегі ерекше бір кезеңді есте қаларлықтай етіп өткізу үшін барын салады. Түлектерге қуаныш сыйлайтын бұл мереке кейбір ата-ана үшін артық шығын. Соған қарамастан, ешбір ата-ананың мектеп бітіру кешін ұйымдастырудан бас тартар түрі байқалмайды.