Қытайда «Алтын адам» көрсетілді

Қытайда «Алтын адам» көрсетілді

Қытайда «Алтын адам» көрсетілді
ашық дереккөзі
Қытайдың Шиян қаласында қазақтың ежелгі дала өркениетінің бірегей мұралары көрсетілді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Жэньминь жибао» басылымына сілтеме жасап хабарлайды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясындағы «Еуразия сахарасындағы алғашқы көшпелі ұлттың мәдениеті» атты көрме Шиян қаласы тұрғындарының көзайымына айналды. Көрмені «Таң патшалығы» мемлекеттік мұражайы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырған. Оған Қазақстаның нышаны ретінде бүкіл әлемге танымал болған «Алтын адам» экспонаты қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларынан ХІХ - ХХ ғасырлардың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері, біздің заманымызға дейінгі VII-ІІІ ғасырларға тиесілі алтын бұйымдар ұсынылды. Көрмеге қойылған жәдігерлердің жалпы саны 81-ден асады. Шара 15 маусымға дейін жалғаспақ. «Қазақстанның нышанына айналған асыл мұра - «Алтын адам» дүниеде сирек кездесетін жауһар. Тек қазақстандықтар тамашалап келген ерекше жәдігерді шияндықтар көруге мүмкіндік алды. «Алтын адамды» көргілеріңіз келсе  «Таң патшалығы» мемлекеттік мұражайына келіңіз. Бұнда қойылған жауһарлар сақ, үйсін, қаңлы мәдениеттерінен сыр шертеді», - деп жазады дереккөз. Еске сала кетейік бұған дейін «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында аталмыш жәдігер Мәскеу көрмесіне  қойылған болатын.