17 Мамыр, 14:20 369 0 Заң Әсел ӘНУАРБЕК

Онлайн несие оңай деп...

Елімізде жоғары пайызбен онлайн несие беретін шағын ұйымдардың қатары көбейді. Мұндай ұйымдарға қатысты қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Тіпті, олардың аңғал тұтынушыларды алдап соққан жағдайлары да жиі тіркелуде. Қоғамда дау тудырған онлайн несие беретін фирмалар халық қалаулыларын да алаңдатпай қоймады. Сөйтіп, таяуда Мәжіліс онлайн несие беретін ұйымдарға қатысты заң жобасын бекітті.

Жыл басында сенаторлар Бас прокуротурадан 1000 пайызға дейін онлайн несие беретін шағын ұйымдардың жұмысын қатаң бақылауға алуды талап еткен. Өйткені онлайн несие беретін қаржылық ұйымдардың жұмысын ешкім бақыламайды. Сенатор Сергей Ершов қаңтар айында Бас Прокуратураға жолдаған сауалында: «Займдар еш талдаусыз, тексерусіз, нақтылаусыз ұсынылады. Қарыз алушы адамның несие тарихына қатысты теріс мәліметтер болса да аталған ұйымдар еш кедергісіз ақша береді. Клиенттің деректерін сәйкестендіріп те әуре болмайды. Бәлкім, ол алкоголь немесе есірткіге масайып не біреудің қысымымен алып жатқан шығар, кім біледі? Оның үстіне, интернет банктер қарызды 700-1000 пайызбен беретін көрінеді. Мұны да бақылап отырған ешкім жоқ», – деген еді.

Бүгінде ғаламторда онлайн несие беретін шағын ұйымдардың жарнамасынан көз сүрінеді. Ел аумағында онлайн несие беретін ұйымдардың қызметіне Алматы, Астана қалаларының және Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жиі жүгінеді екен. Интернет арқылы микронесие беретін ұйымдардың сайтында өтініш толтырған кез келген адам қарызға ақша ала алады. Екіншіден, мұндай ұйымдар кепілдік талап етпейді. Үшіншіден, жұмыс орнынан, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан анықтама қажет емес. Жеке басты куәландыратын құжат болса жеткілікті. Басы артық шаруадан қашатын, оның үстіне қаржылық тұрғыдан қиналып отырған жан шағын несие орталықтарына бармағанда қайтсін.

Ал депутаттар жеңіл жолмен онлайн несие алудың қауіпті екендігін айтады. Мәселен, интернет банктер қарызды 700-1000 пайызбен береді. Бірақ мұны көбінде аңғал адамдарға ескертпейді. Ал бұл өз кезегінде клиенттердің құқығын бұзады. Оның үстіне, қаржылық ұйымдар қарыз берер кезде клиент туралы мағлұматты заңсыз жинайды. Соған қарамастан онлайн несие көмегіне жүгінетіндердің қарасы қалың.

Негізінен, елімізде тұрғындарға онлайн несие беретін фирмалардың жұмысын Қазақстан қаржы техникалық қауымдастығы қадағалайды. Олар да қарапайым жұртты алдап соғатын интернет банктердің бар екенін жоққа шығармайды. Қауымдастық өкілдерінің сөзінше, жұртты алдап соғатын алаяқтар қауымдастыққа мүше емес екен. Мұндағылар тек заң бойынша жұмыс істейді. Яғни, клиенттердің құқығын бірінші орынға қояды. Олардың дерегінше, елімізде онлайн несие берумен заң бойынша тек 15-ке жуық фирма айналысады. Қалғандары жұрттан артық ақша алуға әуес алаяқтар. Сондықтан, қауымдастықтағылар тұрғындарға интернет арқылы қарыз аларда аса сақ болуға кеңес береді. Әрі жеке куәлікті де көрінген жерге қалдыруға болмайтынын ескертеді. Өйткені біреу атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі әбден мүмкін.

Онлайн несие берушілер арасындағы заң бұзушылықтардың көбеюі Ұлттық банкті де бейжай қалдырған жоқ. Ұлттық банк интернет арқылы жоғары пайызбен қарызға ақша тарататын шағын фирмалардың жұмысын қатаң бақылауға алмақ. Енді мұндай компаниялар жылдық үстемені 100 пайыздан асырмауы тиіс. Және несие тек теңгемен берілу қажет. Ал осы талаптарды орындамаған фирманың клиентке ұсынған қарызы тиын-тебен болып қалады. Мұның бәрі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңда атап көрсетілген. Аталмыш заң жобасын таяуда Мәжіліс мақұлдаған болатын. Ұлттық банк заң талаптарын сақтамағандармен соттаспақ. Ұлттық банк төрағасының сөзінше, мұндағы мақсат – интернет арқылы несие беретін ұйымдарды жабу емес, азаматтарды өмір бойы қарыз төлеуден құтқару.

Microfinance Information Exchange халықаралық ұйымы 2018 жылдың басында ТМД аумағындағы микронесиелер нарығы туралы есебін жариялаған болатын. Сонда Қазақстан банктік емес мекемелер арқылы берілген несие көлемі бойынша бірінші орынға жайғасыпты. Еліміздегі шағын несиелер портфелі – 464,3 млн доллар. Бұл жалпы ТМД нарығының 33 пайызына тең. Сол есеп бойынша, қарыз алушылардың жалпы саны 254,5 мың адам болған. Онлайн несие көмегіне жүгінетіндер қатарының көп болуына талаптардың жеңілдігі себеп. Фирманың сайтына кіріп, өтініш қағазын толтырсаңыз болғаны, ақша банк карточкаңызға түседі. Ал клиенттің құқығы заңмен қорғалмаған. Және алған адам қарыздан жақын жылдары құтылмайды. Өйткені онлайн-несиенің жылдық үстемесі 900-1000 пайызға дейін жетеді.

Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметтеріне жүгінсек, 2017 жылдың 3 тоқсанында 18 миллион қазақстандықтың ішінде 9 миллионы – экономикалық белсенді халық екен, оның ішінде еңбекпен қамтылғаны – 8,5 миллион, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі – 2,1 миллион, ал өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтушылар – 275 мың адам. Соған қарамастан, 2017 жылдың 3-тоқсанының соңында микронесиелердің жиынтық көлемі бір жылда 67,6 пайызға көбейіп, 150,6 млрд теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, осы уақыт аралығында ҚР шағын бизнеске берілген банк несиелері бар болғаны 12 пайызға өскен.

Ranking.kz порталының дерегінше, еліміздегі әрбір үшінші адам банкке берешек екен. Ал банктерден несие ала алмағандар еріксіз микроқаржылық ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Елімізде 2015 жылы 2,5 млрд теңге онлайн несие алынса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 8,9 млрд теңгеге жеткен. Ал өткен жылдың 9 айында қазақстандықтар 22 млрд теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген. Бұл онлайн несиеге халықтан сұраныс бар екендігін айғақтайды. Сондықтан да онлайн несие беретін компаниялар отандық қаржы жүйесінен өз орындарын алып отыр. Бұған дейін Үкімет бұл ұйымдардың жұмысына еш араласпаған еді. Енді арнайы заң жобасы бекітілгеннен кейін онлайн несие беретін шағын қаржылық ұйымдар талапқа сай жұмыс жүргізуге міндеттеледі.

2014 жылдан бері онлайн несие нарығының арқасында қазынаға 9 млрд теңге пайда түсіпті. Мамандар биыл онлайн несие алушылар 3 млрд теңге салық төлейді деп болжап отыр. Онлайн несиелеу нарығынан бюджетке пайда түсетінін ескерген мамандар бұл жүйенің жұмысын мүлдем тоқтатуға болмайтындығын айтады. Өйткені шағын ұйымдар қызметіне ақшаны қолма-қол алатын, ресми түрде банкке барып, несие рәсімдеуге мүмкіндігі жоқ жандар жүгінеді. Яғни, онлайн несиелеу төлем қабілеттілігі жоқ адамдарға мүмкіндік береді. Онлайн несие беруші компаниялар жұмысын тоқтатса да, мұндай азаматтардың онлайн несие рәсімдеуге деген сұранысы азаймайтыны сөзсіз.

Бұған дейін Парламент онлайн несие сервистерінің қызметін шектеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеп, депутаттар оны реттеудің бірнеше жолын қарастыратындықтарын айтқан. Әзірге онлайн несие нарықтағы бөлшек сауданың 1 пайыздан аз мөлшерін құрағанымен, саланың қарқынды дамып келе жатқанын және елді бөтен ниетті несиегерлерден қорғау үшін осындай реттеу керектігі анық.

Негізінен, әлемнің дамыған елдерінің қаржылық технологиялар нарығында реттеушілік шектеулер бар. Олардың көпшілігінде несие мөлшерлемесіне тікелей шектеу қойылмаған. Мысалы, АҚШ-тың көптеген штаттарында ставкаға шектеу жоқ, ал орташа ставка – жылына 600 пайыз. Ұлыбританияда 2016 жылы мемлекет қарыздың жиынтық борышына 100 пайыз деп шектеу қойды. Біздің Ұлттық банк те осы тәжірибені қолдайды. Дәл осындай шектеулер 2013 жылдан бастап Латвияда, 2016 жылдан бастап Чехияда енгізілген. Ал Ресейдің Орталық банкі борыштың ең жоғары мөлшерін 150 пайыз көлемінде шектеуді жоспарлап отыр.

 

 

Соңғы жаңалықтар