17 Мамыр, 13:50 204 0 Туризм "Түркістан" газетінің авторлары

Алаш кәсіпкерлерін шақырған Аустрия

Жақында Алматыда Аустрия және Қазақстан кәсіпкерлері бас қосқан шарада жағымды жаңалық жария болды. Бұдан былай қазақ кәсіпкерлері Аустрияның инновациялық жобаларына қатысуға мүмкіндік алды. «Austrian Business Agency» компаниясының Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа және Орталық Азия бойынша кеңесшісі Петр Лешль әңгімесінің әлқиссасында Алматыға осыдан 10 жыл бұрын келгенін есіне түсіріп: «Сол кезде Вена мен Алматыда тау шаңғысы туризмін дамытуға болатыны жайлы ой түйіп  қайтқанмын. Қазір сол есіме түсіп отыр. Алматының  туризмі  үлкен жобаларға сұранып тұр. Алатаудың бөктерін, Медеу мен Шымбұлақты туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға болады. Бізде тәжірибе бар. Егер келісімге келсек, бұл салада біраз жобаларды қарастыруға болады», – деді ол.

«Austrian Business Agency» компаниясы Аустрия аумағында шетел кәсіпорындарын орналастыру мәселесімен айналысады. «Біз қазақ кәсіпкерлеріне мүмкіндік бергіміз келеді. Осы саланы бірлесіп дамыту, маман даярлау, инфрақұрылым әзірлеу бойынша сіздермен серіктес болуға дайын екенімізді жеткіземіз», – деді Петр Лешль. Солтүстік Аустриядағы №1 инвестор Петр Лешльдің айтуынша, Ресейдің Аустриядағы инвестициясының көлемі 24 млрд АҚШ долларына жеткен. «Қазақстанды Аустрияның №2 инвесторына айналдыруды мақсат тұтамын. Біз сіздердің инвесторларыңызға барлық қолайлы шарттарды қарастырамыз», – деді ол ағынан жарылып.

Бұдан кейін Аустрия мен Қазақстанның экономикасын салыстыра отырып, өзара сәйкестіктерді тілге тиек еткен инвестор: «Қазақстан шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндігін енді саралап жатса, Аустрия оны ел экономикасының локомотивіне айналдырды. Аустрияда ірі өндірістік-өнеркәсіптік кешендердің саны аса көп емес. Десе де, бізде «Танылмаған чемпиондар» деген атау бар. Бұл атау компанияларға дайындаған өнімдерінің экспорттық әлеуетіне қарай беріледі. Әзірге «танылмаған чемпиондардың» қатарына «Engel» және «AVL List» компаниялары еніп отыр», – деді.

Бүгінде Аустрия инновациясының әлеуетін әлем жоғары бағалайды. Мұнда 3 мыңнан астам ғылыми-зерттеу институты мен мыңдаған шағын инновациялық фирмалардың басын қосып отырған 35 технологиялық орталық жұмыс істейді. Мемлекет ғылымға бөлінетін қаржыны жыл сайын көбейтуде. Инновациялық жобалар салықтан босатылады. Ғылымға пайызы төмен несие беріледі, мемлекет тарапынан субсидия қарастырылады. Ғылыми жобаларды қолдайтын агенттік пен ғылыми қорлар жұмыс істейді. Sony, Siemens сияқты әлемдік деңгейдегі концерндер корпоративтік зерттеулерін Аустриядағы еншілес ұйымдарына тапсырған. Аустрияның ноу-хауына инвестиция салған кәсіпкер бірден әлемдік экономикамен интеграцияланады екен. Осы арқылы қысқа мерзімде әлемнің кез келген нүктесінен еншілес компания ашу мүмкіндігіне ие болады.

Басқосу барысында Аустрия елшілігінің сауда ісі бойынша кеңесшісі Михаэль Мюллер Аустрия қазақстандық бизнеске не ұсына алатынын айтты. «Аустрия жеріндегі операциялық қызмет бизнесті дамытуға мүмкіндік береді, еуропалық және әлемдік нарыққа жол ашады. Бүгінгі бизнес жаһандық сипатқа ие, ал қазақстандық бизнес осы трендті ұстанады», – деді Михаэль Мюллер. Ол Аустрия өмір сүру деңгейі бойынша әлемдегі ТОП-15 елдің қатарында екенін және «Mercer» халықаралық агенттігінің зерттеуінше, Вена сегізінші жыл қатарынан өмір сүру үшін ең тартымды қалалардың рейтингінде жетекші орынға ие болып келе жатқанын атап өтті. «Әлемнің әртүрлі елдеріндегі беделді компаниялардың 3 мыңнан астам аймақтық кеңселері Венадан өздерінің Еуропадағы бизнесін бақылайды. Бұдан бөлек 1600-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылған. Аустрия Шығыс пен Батыс арасындағы іскери қарым-қатынастың интерфейсі, сонымен қатар көпшілік мойындаған инвестициялық хаб. Венада әлемдік деңгейдегі банктер, халықаралық қауымдастықтар мен халықаралық коммерциялық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан», – деді Михаэль Мюллер.

Аустрия үшін Қазақстан ТМД-дағы үшінші маңызды серіктес. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 1 млрд еуродан асты. Бүгінде біздің елде 50-ден астам аустриялық компания кәсібін дөңгелетіп отыр. 1991 жылдан бері аустриялық компаниялар Қазақстан экономикасына 5 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Аустрия делегациясының мүшесі Анна Цайтлингер: «Аустрия ШОБ-тың отаны екенін, экономикасының драйвері шағын және орта кәсіпкерлік екенін Петр Лешль таратып айтты. Ал Қазақстанда шетелдік шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндігі туралы түсінікті инвестиция әлемінде қалыптастыру керек. Сонан кейін шағын және орта кәсіпкерліктің интеллектуалдық деңгейін көтеру жайын да ойланып жүргендеріңіз дұрыс. Әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта кәсіпкерлік өкілі мен алпауыт концерн басшылары қатар тұрады. Мемлекеттің қаржылай көмегі мен көзқарасы бірдей. Аустриядағы шағын және орта кәсіпкерлік коммерциялық емес, инновациялық сипаты басым», – деді Анна Цайтлингер. Ол Аустрия интеллектуалды ресурсқа зәру емес екенін алға тартып, мұнда адам капиталының мүмкіндігін көтеруге басымдық берілетінін баяндады. «Венада әлем жастары арасындағы интеллектуалдар сайысы жиі өтеді. Өзінің қабілетіне сенген жас Венаның жоғары оқу орындарында білім алуға тырысады. Аустрия экономикасына қаржы құйған инвестор аз уақытта қаржысын еселеп қайтарып алады. Себебі бізде бизнеске жеңілдік көп», – деді Анна Цайтлингер.

Тоғжан Төлеген

Соңғы жаңалықтар