17 Мамыр, 13:21 305 0 Қоғам Әсел ӘНУАРБЕК

ҰБТ: «Алтын белгінің» артықшылығы қалмады ма?

Бір аптадан кейін кезекті оқу жылы артта қалып, тағы бір топ түлектер үлкен өмірге жолдама алады. Түлектердің алдында бірнеше маңызды шаралар бар. Әуелі соңғы қоңырау салтанаты, одан кейін мектеп бітіру кеші. Ал ең маңыздысы – ұлттық бірыңғай тестілеу. Түлектердің жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік беретін ұлттық сынақ биыл қандай тәртіппен өтеді? Жыл сайын даудан басы арылмайтын ҰБТ-ның 2018 жылғы жаңалықтары қандай?

Биыл ҰБТ елімізде 15-мәрте өтеді. Білім және ғылым министрлігі келтірген мәліметке сүйенсек, 2004 жылдан бері ҰБТ-ға 1 млн 600 мың адам қатысқан, жыл сайын тестілеуді өткізу технологиясы да жаңарып келеді. Үстіміздегі жылы ҰБТ республика бойынша 167 орталықта өтеді. Ал әр пәннен шектеулі балл – 60. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария бойынша шекті балл – 60, Ұлттық университеттер мен медицина мамандықтарына шекті баллды – 65 балды құрайды. Бүгінде 327 мың өзін-өзі байқау тестілеуі өтсе, оның 100 мыңнан астамы онлайн жүйеде өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, талапкерлердің 30 пайызы математика мен физика пәнін таңдап отыр. Бұл пәнді таңдаған талапкерлер 52 мамандық бойынша оқуға тапсыра алады. Ал бұдан кейінгі орында 25 пайыз көрсеткішпен химия және биология пәндері тұр. Техникалық мамандықтарға гранттардың көбеюіне байланысты аталған пәндерді таңдаушылар қатары өсе түсетіні анық.

ҰБТ жауаптары сатылмайды?

Білім және ғылым министрлігі биыл ҰБТ-ны тапсыру форматы өзгермейтінін мәлімдеді. Демек, ұлттық сынақты түлектер өткен жылғы ережелер бойынша тапсырады. ҰБТ бұрынғысынша 5 пәннен тұрады, оның үшеуі – міндетті, қалған екеуі – таңдау пәні. Міндетті пәндерге математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы енеді. Ал ҰБТ-да екі таңдау пәнінің болуы талапкерлердің грантқа қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Екі бейіндік пәннің пайда болуы талапкер үшін қандай артықшылық әкелуі мүмкін? Сала мамандарының айтуынша, егер оқушы математика мен физиканы қатар таңдайтын болса, онда таңдауға болатын мамандықтар саны артады. Демек, физика мен математиканы таңдау арқылы талапкердің оқу грантын ұтып алу мүмкіндігі 40 пайызға артатын көрінеді. Бұрын жалғыз таңдау пәнімен мұндай мүмкіндік аз болған. Сонымен бірге, биыл түлектер ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыра алады. Ол үшін алдын-ала өтініш жазуы тиіс. Соңғы деректерге сенсек, 250-ге жуық оқушы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырмақ. Бірақ ағылшын тілінде тест тапсырушыларға ешқандай жеңілдік жасалмайды. «Ағылшын тіліндегі сұрақтар дайын және тест кітапшаларына енгізілді. Барлық сұрақтар оқу бағдарламасын қамтиды және білім беру талаптарына сай келеді. Қазақша болсын, орысша болсын, мазмұны жағынан көп айырмашылық жоқ», – дейді Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық сынақты өткізу форматы өзгеріссіз қалғанымен, биыл Ұлттық тестілеу орталығы сынақтағы сұрақтарға баса назар аударып отыр. Жалпы, Ұлттық тестілеу орталығы жыл сайын тест тапсырмаларының барлық түрін 35 пайызға жаңартатын. Ал биыл тест тапсырмаларының базасы 50 пайызға жаңарды. «Егер 2017 жылы бізде 80 мыңнан астам тест тапсырмасы болса, биыл 120 мыңнан асады. Оның шамамен 11 пайызы функционалды сауаттылықты анықтауға бағытталған. 37 пайызға жуық сұрақтың бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар. Мұндайды былтыр енгізгенбіз. Бұл пәнді терең түсінуге, құрғақ жауаптарды жаттап алудан сақтайды. Бұл бітірушінің ойлай алуы үшін жасалған», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Айта кететін тағы бір жайт, сынақ сұрақтары мазмұны жағынан биылғы ҰБТ сауалдарына өте жақын, бірақ тестілеу кезінде қайталанбайды. ҰБТ жақындаған сайын тест саудасының көркін қыздырғандар көбейетіні бесенеден белгілі. Бірақ оларды ұстап, жауапқа тарту қолдан келмей тұр. Ең өкініштісі, осындай алаяқтарға  алданып жатқан ұл-қыздар  аз емес. Ғаламторда да тест жауаптарын сатамын деген жарнамадан көз сүрінеді. Бағасы аса қымбат дей алмаймыз. Бір пәннің шпаргалкасы 5 мың теңгенің шамасында. Бірақ сатып алынған жауаптар түлектерге сынақ кезінде көмектеспейді. «Ешқашан ҰБТ-ның жауаптары сатылмаған. Сатылмайды да. Өйткені бұл мемлекеттік құпия заңына жатады. Оның құпиялық режимін, тестілеу орталығы ғана емес, Білім және ғылым министрлігі мен құзырлы орындар қадағалап отырады», – деп қадап айтты Ұлттық тестілеу орталығының директоры. Рамазан Әлімқұлов тестілеу кезінде кейбіреулердің әр жерден құраған тестілеудің жауаптарын сататынын, алайда «Мемлекеттік құпия туралы» заңға сәйкес ешбір жауап алдын ала берілмейтіндіктен ата-аналар мен талапкерлердің ондай алаяқтарға алданбауын, тек өз біліміне сенуі, берілген уақытты тиімді пайдалануы керектігін алға тартып отыр.

ҰБТ-ға дейін түлектер өздері білім алған мектепте қорытынды аттестациядан өтеді. Мектептегі қорытынды аттестацияда бітіруші түлек ең алдымен қазақ тілі мен әдебиетінен еркін тақырыпта эссе жазса, екінші пән – Қазақстан тарихынан сұрақтарға ауызша жауап береді. Қазақстан тарихы пәні бойынша оқушыға теориялық және шығармашылық бағыттағы сұрақтар қойылады. Ал үшінші пәнде оқушы алгебрадан жазбаша емтихан тапсырады. Мұнан соң оларға қазақ немесе орыс тілінен (орыс мектептері қазақ тілінен, қазақ мектебіндегілер орыс тілінен) тест сұрақтары беріледі. Ең соңғы емтихан оқушылардың өздері таңдаған пәнінен болады.

Талапкерлерге берілетін мүмкіндіктер көбейді

Сынақты тапсыру мерзімі 20 маусымнан басталады. Ал ҰБТ мен кешенді тестілеуден 50-ден төмен балл алған талапкерлердің тамыз айында екінші рет тест тапсыруға мүмкіндігі бар. Егер талапкер екінші сынақтан да өте алмаса, жоғары оқу орнында ақылы түрде бір семестр оқып, қаңтар айында қайта тест тапсыра алады. Осы кезде межеден асырып балл жинаса, тегін білім грантына қол жеткізу мүмкіндігі ұлғаяды. Мемлекеттің мектеп бітірушілерге үш бірдей мүмкіндік беруінің де себебі жоқ емес. Жыл сайын 30 мыңға жуық талапкер ҰБТ-дан межелік балл жинай алмай оқудан қағылады. ҰБТ-дан өте алмаған түлектердің көпшілігі көршілес Ресей, Қырғызстан елдеріне ақылы оқуға кетеді. Осылайша, қомақты қаржы көршілес елдің қазынасына құйылады. Міне, осыған тосқауыл қою мақсатында мемлекет талапкерлерге 3 бірдей мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, биыл орынды себептермен тестілеуге қатыса алмай қалған талапкерлерге де жеңілдік жасалмақ. Яғни, түлектер қандай да бір себеппен өз тобында ҰБТ тапсыра алмай қалса, онда оқушының тест тапсыру күнін ауыстыру мүмкіндігі қарастырылуда. «Ауырып қалса не басқа да негізді себептер туындағанда қалада басқа да тапсыру пунктері болса, бітіруші сол лекпен, қабылдау комиссиясының шешімімен тапсыра алады. Бітіруші бір пунктке бекітіледі, қандай да бір себеппен өзінің пунктінде тапсыра алмай қалса, келесі күні басқа пунктке барып, сонда тапсырады. Өйткені өзінің пункті жабылып қалады. Бұрын бітіруші басқа пункте тапсыра алмайтын, өйткені бақылау-өлшеуші материалдар бекітілген пункте ғана басып шығарылатын», – деді Рамазан Әлімқұлов.

Сынақтан мүдірмей өтіп, жоғары ұпай алғандар үшін биыл қосымша 20 мың грант бөлінген. Көбі техникалық салаға. Сондықтан, министрліктегілер пән таңдарда физика мен химияға көңіл бөлуге кеңес береді. «Биыл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша бөлінетін 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Сондықтан оқушылардың таңдау пәнін белгілеуі өте маңызды. Тағы бір ескерер дүние, талапкерлер тестілеу парағын толтыруда қателіктерге бой алдырып жатады. Бұл ретте биыл Ұлттық тестілеу орталығының өңірлердегі филиалдарына сынама тестілеу парақшалары жіберіліп, оған оқушылар белсенді түрде қатысты», – дейді Асхат Аймағамбетов.

«Алтын белгі» иегерлеріне  басымдық беріле ме?

Биыл 7 мыңға жуық «Алтын белгі» иелері ҰБТ-да бағын сынамақ.  Білім және ғылым министрлігі «Алтын белгі» иегерлеріне конкурс кезінде басымдық берілетіндігін айтуда. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, басымдық тек қана ұпайлары бірдей болғанда ғана берілетін болады. Яғни, конкурс кезінде «Алтын белгі» иегері мен өзге талапкердің ұпайлары бірдей болса, грант алғашқысына бұйырады. «Соңғы жылдары бұл мәселе көп талқыланды. Бұған дейінгі білім туралы заңда «Алтын белгі» иегерлері артықшылыққа ие болуға құқылы болған. Бірақ өткен жылы ҰБТ форматында өзгеріс болғандықтан, «Алтын белгі» мектепте аттестаттау нәтижесі бойынша берілді. Себебі басымдылық құқық бойынша мәселелерді қарау қажет болды. Енді «Алтын белгі» иегерлері оқуға түсер кезде ғана теңдестірілген құқыққа ие болады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізде болса, өткен жылы «Алтын белгі» иегерлері оқуға түсу кезінде жеңілдіктен қағылып, кейбір үздіктер мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмай қалған болатын. Ал 2015 жылы 39 «Алтын белгі» иегері, 8 халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері, 92 ғылыми байқау жеңімпаздары, 293 шығармашылық және спорттық сайыстардың жүлдегерлері гранттан қағылған болатын.  Әрине, ол кезде «Алтын белгі» иегерлерінің мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалуы мүмкін екендігін ешкім де ойлаған жоқ. Өйткені мектепте «Алтын белгіге» қол жеткізген оқушының еш қиындықсыз тегін білім алатындығын жиі айтады. Алайда сол кезде білім грантына ие болғандар тізімінен өздерінің аты-жөндерін таба алмаған түлектер мен олардың ата-аналары абдырап қалғаны жасырын емес. Сөйтсек, гранттан қағылған «Алтын белгі» иегерлерінің көпшілігі мемлекеттік грант аз бөлінетін мамандықтарға құжат тапсырыпты. Экономика, құқық, медицина, халықаралық және шет тілдері мамандықтарына құжат тапсыратын талапкерлер қатары тым көп. Осының кесірінен мектепті үздік аяқтап, жоғары балл жинақтаған түлектердің біразы бюджет есебінен оқу мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселе 2016 жылы да қайталанды. Оқу жылының соңында 45 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік білім грантынан қағылып, олардың ата-аналары наразылықтарын білдірген-ді.

Бұрындары «Алтын белгі» иегерлеріне кез келген жоғары оқу орнына жол ашық болатын. «Алтын белгі» иегерлері тізімнің көш басында тұрады, яғни көп жағдайда «Алтын белгі» иегерлері автоматты түрде грант иеленеді деген сөз. Бірақ кейбір мамандықтарға (50 орынға 60 Алтын белгі иегерлері қатысса) «Алтын белгі» иегерлері арасындағы байқау өткізіледі. Енді «Алтын белгі» иегерлері үшін мұндай жеңілдіктер көзден бұлбұл ұшты.

Он бір жыл көз майын тауысып оқыған баланың жоғары оқу орнына түсу кезінде басымдыққа ие болуы заңдылық емес пе?! Үздік оқыған шәкірттің өзгелерден ерекшеленуі, өзі қалаған университетте білім алуы орынды болар еді. 11 жыл бойы мектепте үздік оқыған шәкірттің басты мақсаты да жоғары оқу орнына еш қиындықсыз түсу екендігін түсіну биліктегілерге қиын болғаны ма? Расында да, 11 жыл бойы барын салып оқыған «Алтын белгі» иегерлерін мұндай жеңілдіктен қағу орынсыз секілді. Егер мектепті үздік аяқтаған түлектер жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсе алмайтын болса, онда «Алтын белгінің» артықшылығы неде? «Алтын белгі» түлектердің университетке түсуіне көмектеспесе, ол үшін тырмысудың қаншалықты қажеті бар? Бұл мәселені қанша көтергенімізбен, министрлік ұстанымын өзгертпейтін тәрізді.

Қалай десек те, түлектер әдеттегідей ұлттық бірыңғай тестілеу сынынан сүрінбес үшін аянып қалмайды. Ал ұстаздар мен ата-аналар шәкірттері мен ұл-қыздарының келешегі үшін алаңдаулы. Бастысы, талапкерлердің білімі әділ сараланып, лайықтылар жоғары оқу орнына қабылданса болғаны.

 

Соңғы жаңалықтар