17 Мамыр 2018, 12:26 629 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Сиыр сүті бұзауға ғана пайдалы

«Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал» деген бабалар сөзі тегін айтылмаған. Соңғы жылдары жас аналарымыз омырау сүтін түрлі химиялық немесе түлік сүтімен алмастырып жүр. Жиырма жылға жуық тәжірибемнен байқағаным, ана сүтімен өскен баланың денсаулығы ғана емес рухани күш-жігері, таным-түйсігі өте мықты болады.  Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, ана сүті бір жылдан кейін С дәруменін – 60-95%, А дәруменін – 38-75%, энергияны – 31%, ақуызды – 43%, калцийді – 36% қамтамасыз етіп отырады. Демек, бала үшін ана сүтінен пайдалы, ана сүтінен нәрлі, ана сүтінен тойымды тағам жоқ.

Ана сүті – балаға қажетті табиғи қорек. Оған дәлел, жаңа туған нәресте алғашқы тәулікте анасының ақуызына қанбаса – иммун тапшылығы сезіледі. Қазақ­станда А, В дәрумендерінің жетіспеушілігімен қоса анемия сырқатына душар болған сәбилер қатары 70 пайызға дейін артып отыр. Мұның басты себебі омырау сүтінің өз мөлшерімен берілмеуі екенін көп аналар ұқпай жатады. Осы орайда жас аналардың танымын арттыру үшін бағзы заманнан аманат болған аналар мектебінің рөлі орасан. Бүгінде осы мектептің орнын ауруханалар, аналар орнын ақ халатты жандар басқаны белгілі. Ендеше білгенмен бөлісу бізге парыз. Бір жылдан артық ана сүтімен емізу – баланың жақ-бет сүйектерінің жетілуіне, тістердің бекуіне, дұрыс тістеудің қалыптасуына кепіл.1,5-2 жыл бойы ана сүтімен емізілген балаларда стоматологиялық және логопедиялық аурулар өте сирек кездеседі. Мұның барлығын уақыт дәлелдеген. Сондай-ақ, нәрестенің ас қорыту жүйесі бірден толық қалыптаса қоймайды, бірақ ол ана сүтіндегі ақуыздарды өте жақсы сіңіреді. Сәбиге сүтпен берілетін ақуыз оның физикалық өсуі мен салмағына әсер ететінін де айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың семіруі қалыпты жағдайға айналып барады. Оның басты себебі смартфондар мен теледидарға телміріп, көп қимыл, қозғалыс жасамауы дегенімізбен ана сүтімен берілген қажетті мөлшердігі ақуыз баланың семіру қаупін төмендететінін естен шығармағанымыз абзал. Өйткені онда көп мөлшерде сарысу ақуызы, аз мөлшерде казеин және ас қорыту процесін жеңілдететін жартылай ыдыратылған ақуыздар мен ферменттер болады. Сарысу ақуызы асқазанда тамаша қорытылады, ал оның емшек сүтіндегі казеинмен ара қатынасы 70/30-ды құрайды. Ақуыз құрамына кіретін аминқышқылдар деңгейі емшек сүтімен үйлесімді. Осылайша, емшек сүтінің ақуызы сәбиге арналған үйлесімді мөлшерімен, сонымен қатар жоғары сапасымен ерекшеленеді. Дәл сол себепті сәбиге ана сүтінен асқан нәрлі тағам жоқ.

Дұрыс тамақтану мен экологиялық ортаға байланысты ана сүті аз немесе тартылып қалатын жағдайлар көп кездеседі. Ондайда сәбидің қарны тоймай мазасыздануы мүмкін. Қарын тоймау салмақ қоспауы мен дене мүшесінің баяу дамуына алып келеді. Сондай жағдайға кезіккен аналар емшек сүтін сиыр сүтімен алмастырып жүр. Екі сүттің құрамы бірдей деуге келмейді. Кейбір ақпарат көздері табиғи сиыр сүтінің өсіп келе жатқан бала үшін пайдалы әрі нәрлі заттектердің қайнаркөзі екендігін алға тартады. Ол – рас. Бірақ сиыр сүтіндегі пайдалы һәм нәрлі заттектер бұзау үшін пайдалы. Нәрестенің ас қорыту жүйесі үшін ол ауыр. Сиыр сүтінде сарысу ақуызының казеинмен ара қатынасы 20/80-ді құрайды, ал ақуыз мөлшері – емшек сүтінен 3 есе артық! Сәби рационында ақуыздың шамадан тыс мөлшері зат алмасудың бұзылуына, тез өсуге және семіруге әкелуі мүмкін. Минералды заттектер сәби ағзасына қажетті мөлшерден айтарлықтай көп. Олар бүйрек жұмысын қиындатады, ал шамадан тыс ақуыз қандағы инсулин деңгейін арттырады. Сиыр сүтінің құрамындағы ақуыз – ең мықты аллергендердің бірі. Сондықтан емшек сүтін сиыр сүтімен алмастыруға және қаймағы алынбаған сиыр сүтімен 2 жасқа дейінгі сәбилерді тамақтандыруға болмайды.

 

Гүлнар БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,

дәрігер

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы

Соңғы жаңалықтар