Колледж жастарының конференциясы

Колледж жастарының конференциясы

Колледж жастарының конференциясы
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы «Нархоз» университетінің Экономикалық колледжінде студенттер арасында Республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан экономикасын дамытудағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбын арқау еткен жастар «ел дамуына арқау болады» деген өз жобаларын таныстырды. Республикалық ғылыми-теориялық конференцияға Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларының колледж студенттері мен жетекшілері қатысты. Жалпы саны жиырма екі студенттің жиырма екі жобасы да өте өзекті. Аталған колледж атынан алғашқылардың бірі болып жобасын таныстырған Ринат Галимуллин Қазақстандағы шикізат өңдеудің өзекті мәселелеріне тоқталды. Бүгінгі таңдағы кем-кетігін жіпке тізіп, артықшылықтарын айрықша атап өтті. Сауалдарға жауап берген Р.Галимуллин өз сөзін: «Біз соңғы он жылда экономикалық қуаттылығымызды нығайттық, әлі де дамушы елдер қатарындамыз. Халықтың әл-ауқаты орташа деңгейге жетті. Осы сәтті пайдаланып барлық күш-жігерімізді, қарым-қабілетімізді отандық өндіріс саласын көбейтуге сарп етуіміз керек. Көбейтіп қана қоймай сын мен сапаға төтеп бере алатын тауар өндірісін жолға қоюуымыз шарт», – деп қорытындылады. Алматы экономика және құқық коллледжінен келген Р.Годин жобасына сыни көзбен қараған қатысушылар табылды. Жалпы алғашқы екі жоба таныстырылымы да талас-тартысқа толы болды. Бұл дегеніміз Қазақстан жастарының ел болашағына немқұрайлы қарамайтынының айғағы іспетті. Осыдан кейін жиырма жоба екі топқа бөлініп, конференция әрмен қарай жалғасты. «Биогаз – индустриализацияның негізгі альтернативті энергия көзі», «Цифрлы Қазақстан», «Қаржы секторын дамытудың негізгі бағыттары», «Франчайзинг – кәсіпкерлікті дамыту саласының жаңа бағыты» сынды түрлі тақырыптар қозғалған студент жастар жиыны өзара пікірталас алаңына айналғаны тәнті етті. Конференция соңында сөз алған ұстаздар балалардың ой-өрісінің дамуына, жаңа жобаларды ойлап табуына мүмкіндік беретін осындай ғылыми әрі теориялық конференциялар көп болуы керек деп тарқасты.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН