17 Мамыр, 11:40 128 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

СҰЛУТӨРДІ ЖЫРЛАҒАН СУРЕТКЕР

Көркем әдебиет – ұлтты тәрбиелейтін құдіретті құрал. Алайда оның құдіретін талантты қаламгерлер ғана таныта алады.Қазақ прозасының бүгінгі биігіне жетуіне тер төккен қаламгерлер көп. Солардың арасында интеллектуалды прозасымен ерек танылған белгілі сыншы, жазушы Марал Ысқақбайдың өзіндік орны бар.

Осы аптада Ғабит Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік академиялық балалар  мен  жасөспірімдер  театрында көрнекті қаламгердің туғанына 80 жыл толуына орай мерейтойлық кеш өтті. Ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып жүргізген бұл кеште алғаш сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет Марал Ысқақбайдың қаламгерлік қабілеті мен адами қасиеттері жөнінде айтып, жазушыны мерейлі мерекесімен құттықтап, иығына шапан жапты. Сонымен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрінің, Алматы қаласы, Қарағанды, Жамбыл облысы әкімдерінің және жазушының туған жері Жамбыл облысы, Қордай ауданы әкімінің құттықтау хаттары оқылып, олар тарапынан жазушыға сый-сияпат жасалды.

Одан кейін сөз алған сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Бақыт Сарбалаұлы М.Ысқақбайдың шығармашылық жолын кеңінен қаузап, қаламгердің «Жойқын төбе» атты көлемді туындысын жан-жақты талдай келе, шығармада жазушы көтерген гуманистік идеяның маңызы мен салмағына еркеше тоқталды. «Жаһанды тітіреткен Әмір Темірді ұлы қолбасшы ретінде, оны өз дәуірінің перзенті деп тарихта ақтаушылар аз емес, бірақ қаншалықты ұлы қолбасшы болса да, үлкен соғыстарда миллиондаған адамның қанын төккен тұлғаны адами тұрғыдан ақтап алу мүмкін емес. Себебі ол тарихта қанқұйлы әрекеттерімен көбірек танымал болған. Осы идея Марал Ысқақбайдың «Жойқын төбе» атты шығармасында шыншылдық рухта көрінеді. Көркем шындық арқылы жазушы адамгершілік идеясының биіктігін ашып көрсеткен», – деді сыншы Бақыт Сарбалаұлы.

Кеште Марал Ысқақбайдың қатарлас-қаламдастары Мыңбай Рәш, Сейфолла Оспанов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне арналған өлеңдерін оқыса, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы М.Сқақбайдың қаламгерлік, азаматтық өнегелі істері жайында айтты. Ақындар Шөмішбай Сариев, Серік Ақсұңқарұлы Марал Ысқақбайға арнаған өлеңдерін оқып, кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, мерейтой кешінде белгілі әншілер Рамазан Стамғазиев халық әні «Жиырма бесті», Еркін Шүкімән Ақан серінің «Майдақоңырын», Саят Медеуов Кенен Әзірбаевтың «Қайран жастығын», халық әндерін шырқаса, ақын, айтыскер Жәкен Омаров сырнайдың сүйемелдеуімен Майлықожаның термелерін төгілтті. Күйші-домбырашы Бейсеқожа Ғаламат өзінің «Қаламгер» атты күйін күмбірлетті.

Сыншы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ысқақбай Марал 1938 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сұлутөр ауылында дүниеге келген. 1965 жылы ҚазМУ-дың филологиялық факультетін бітірген соң, 1964-1971 жылдар аралығында Алматы облысының Жамбыл ауданында мұғалім, оқу бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1971-1973 жылдары «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас редакциясында, 1973-1976 жылы  Қазақ КСР-і Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1976-1977 жылдарда «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып жұмыс істеген.

1977-1984 жылдарда Қазақстан Компартиясы ОК-де жауапты қызмет атқарса, 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметіне сайланған. 1985-1986 жылы «Мектеп» баспасында, 1986-1988 жылдарда «Жазушы» баспасында директор болған. 1991-1997 жылдар аралығында Қазақстан республикасының Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы, 1997 жылдан «Қазақстан авторлары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып істеп келеді.

Марал Ысқақбайдың 1975-2006 жылдарда қазақ-орыс тілдерінде «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Пенде ғұмыр», «Көңіл жұбанышы», «Ғашық боп көрмеген келіншек», «Начало лето», «Мои соседи», «Женщина, не влюблявшаяся ни разу» секілді прозалық, «Шығарма шырайы – шындық» атты сын мақалалар, «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны», «Аударма», «Жаныс» зерттеу кітаптары және  бес томдық шығармалар жинағы басылып шыққан. М.Ысқақбай концептуалды ойлы прозаның өкілі ретінде белгілі. Шығармалары орыс, беларусь, қырғыз, мари, якут, т.б. тілдерге аударып басылған.

 

 

Соңғы жаңалықтар