17 Мамыр 2018, 11:22 689 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Жетпейтін қанттың «жыры»

Елімізде қант бағасы тұрақты емес. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын қант бағасы соңғы 30 жылда болмаған деңгейге қымбаттап, тапшылық тудырғаны есте. «Bloomberg» агенттiгі АҚШ, Үндiстан, Мексика, Пәкістан тарапынан тұтынушылық сұраныстың күрт артуы қант бағасын одан сайын ушықтыра түскенін мәлімдеген. Ал бір жыл бұрын Мысырдағы қант тапшылығы салдарынан, оның бір келісі 40 пайызға, яғни, 5 фунттан 7 фунтқа көтерілген-ді.

Бағаның аяқасты шарықтауы – әлемдік нарық бағасына тікелей байланысты. Жыл сайын 3,2 миллион тонна қант пайдаланатын Мысыр елі соған қарамастан импорт мәселесін де жолға қойғаны белгілі. Ал тәтті қанттың еліміздегі құны қанша? Биылғы жылдың алғашқы екі айында Қазақстанға құны 37,8 млн долларды құрайтын 90,9 мың тонна құмшекер кіргізілді. Осылайша импорт көлемі 2,1 есеге ұлғайды. Бразилия 32,3 мың тонна қант жеткізіп, Қазақстаннан 12,8 млн доллар қақса, Куба 30 мың тонна қант үшін 12 млн доллар санап алған. Ресей 14,9 мың тонна «тәттісін» 7 млн долларға саудаласа, ал Беларусь 9,6 мың тонна қант үшін 3,6 млн долларды қалтасына басты.

Қазір еліміздің қантқұмарлары 90 пайыз шетел өнімін тұтынатынын мәлімдеген Қазақстан тағам кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева: «Еліміздегі қант зауыттары 40 пайыз қуатпен ғана жұмыс істейді. Зауыттар шикізатқа зәру. Ал сырттан келетін қант біздегіден әлдеқайда арзан», – дейді. Айта кетейік, еліміздегі қант зауыттары Алматы облысында және Тараз қаласында орналасқан. Алдағы уақытта Қапшағайда да қант зауытын салу жоспарланып отыр.

«Алматы облысында қант қызылшасын егетін шаруалардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Былтыр Қапшағай қаласында 573 гектар жерге тәтті түбір егілді. Алайда шаруалар Көксу қант зауытына өнім өткізу кезінде шығынға батты. 200 шақырым жол түскен табыстың едәуір бөлігін жеп қойды. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай маңынан қант зауытын салу туралы тапсырма берді. Қазір бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр», – деді Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков.

Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласы бойынша басымдық беріп отырған бағытының бірі – қант қызылшасын өсіру һәм қант өндіру. Өнімді өсіру бар да, игеру бар. Жылдан-жылға егістік көлемі ұлғайып келе жатқан шаруашылықтың шикізатын өңдеу де оңайға түспейді. Соңғы жылдары облыстың қызылшасын жалғыз өңдеп келген «Көксу» қант зауытының ендігі жерде қуаты жетпейтіні белгілі болған. Осы себепті, облыс басшылығы осыдан біраз жыл бұрын жабылып қалған әйгілі «Ақсу» қант зауытын қайта іске қосуды қолға алды.

«АқсуҚант» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұрлан Иманғазиевтің айтуынша, күрделі жөндеуден өткен ғимаратты жаңа, заманауи техникамен қамтамасыз ету де жоспарға сәйкес орындалады. Негізінен мәскеулік «Интерпром» фирмасы жасап шығарған заманауи техникалар орнатылған. Бір кездері бүкіл Одақты техникамен қамтамасыз еткен, бүгінгі әлеуеті де аса жоғары компания зауытты тек техникамен қамтамасыз етіп қана қоймай, көп ретте кеңес беріп, әріптестік деңгейде жұмыс істейтін болады. Осылайша, қаптамасында «Ақсу қант зауытында жасалған» деген жазуымен алғашқы өнімін шығаруды көздеп отырған өндірістік орталықтың күніне 3 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқары бар.

Былтыр Алматы облысы 9 мың гектар жерге тәтті түбір егіп, 35 мың тонна таза қант алды. Ал Ақсу қант зауыты 10 жыл үзілістен кейін іске қосылып, алғаш рет өнім берген еді. Зауыттың қайта жаңғыруына 8 млрд теңге жұмсалды. Қаржының 6 млрд теңгесін инвестор, қалғанын жергілікті билік бөлді.

Зауыт іске қосылған кезде облыс әкімі Амандық Баталов: «Біздің облыста екі қант зауыты – «Көксу» және «Ақсу» зауыттары жұмыс істейді, екеуі бірігіп жыл сайын 500 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдей алады. Алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты шағын қуаттылықтағы зауыт салуды да ойластырып жатырмыз. Бүгінгі күні біз облыстың сұранысын толық қанағаттандыра аламыз, бірақ мұнымен шектелмей, ел көлеміндегі қажеттілікті өтеуді көздеп отырмыз», – деген болатын.

Елімізде былтыр қант қызылшасының егістік көлемі 1,5 есеге ұлғайып, отандық қанттың көлемі 1,5 есеге артты. Мемлекет ішкі нарықта отандық қант пен қант шикізатының үлесін ұлғайту үшін 1 тонна қант қызылшасының 50 пайызын субсидиялауға көшті. Тіпті тыңайтқыштарға да субсидия қарастырды. Тыңайтқыш шетелден әкелінсе – 30 пайызы, отандық болса – 50 пайызы субсидияланды. Дақылды егуге, жинауға, тасымалдауға арналған техника лизингке алынса, мемлекет қаржылық қолдау көрсетті. Тұқым алуға да мемлекеттен субсидия бөлінді. Мысалы қант қызылшасының селекциялық реестрде бар гибридті тұқымының 70 пайыз құнын мемлекет өтеген. Тұқым шетелден әкелінген болса, шығынның 70 пайызы қайтарылады.

Осылайша, сырттан келетін қант көлемін азайту үшін шаралар қабылданса да, ойдағы нәтижеге жете алмай жүрміз. Себебі еліміздегі қант зауыттары маусым кезінде шикізатты қажетті мөлшерде өңдей алмайды. Осыған қатысты пікір білдірген Қазақстан тағам өнеркәсібі қауымдастығының мүшесі Алмагүл Сүйінішәлиева: «Ресейде қант шығаратын – 85, Беларусьте – 58 зауыт бар. Олар жасанды қант ұнтағын пайдалануға тыйым салу арқылы қант зауыттарын тапсырыспен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр...», – деген еді. Оның пікірінше, елімізде қант қызылшасын өсірудің географиялық аумағын кеңейту керек. «Қазақстанның орталық өңірлерінің табиғаты қант өсіруге қолайлы. Осы аймақта өсірілген қант қызылшасындағы қанттың құрамы Алматы, Жамбыл облысында өсетін қант қызылшасына қарағанда 8-10 пайызға көп. Еліміздің батыс, орталық өңірлеріндегі қант қызылшасын өсіретіндер үшін өнімін Алматыға немесе Жамбылға емес, Ресейге тасымалдаған әлдеқайда тиімді. Біз қант қызылшасын өсіргісі келетін кәсіпкерлердің әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Бізге аймақтық деңгейдегі кішігірім зауыттардың қатарын көбейту керек. Мақсатқа жету үшін қант индустриясына айрықша назар аударылуы тиіс», – деді ол.

Экономистердің болжамынша, 2019-2020 жылдары ЕАЭО елдерінде қант тапшылығы сезілуі мүмкін. Себебі 2020 жылдан бастап шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталады. Сәйкесінше, қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалады. Есесіне ЕЭО аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдауға басымдық беріледі. Бұл жерде Ресей мен Беларусьтің ұпайы түгел, ал Қазақстан ұтылады. Өйткені аты аталған екі елдің қантын біз тұтынып отырмыз. Оның үстіне Ресей мен Беларусь қант қызылшасы алқаптарының аумағын кеңейтуге кірісіп кетті.

Сол сияқты жыл басында Ресей қант импортын шектеу туралы одақ комиссиясына ұсыныс түсіріп үлгерді. Яғни, бұл арқылы ЕАЭО шеңберінде ойын ережесін өзгертіп, үшінші елдерден қант сатып алуға шектеу қою туралы шешім шығаруды талап етті. Бұдан шығатын қорытынды, Ресей жылына 400 мың тонна қант тұтынатын Қазақстан халқын тұтынушы ретінде қабылдап отыр.

Жәнібек Әшім

Соңғы жаңалықтар