16 Мамыр 2018, 12:22 539 0 Заң Назым Тойлыбаева

Елімізде ғибадат үйлерінен тыс жерлерде неке қиюға жол берілмейді

Ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қиюға рұқсат етілмейді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен ресімдерді жасауға жол бермеу ескерілген. Діни жолмен некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына келе алмайтын жағдайда (ауыр науқастануы, мүгедектігі, бас бостандығынан айыру орындарында болуы),  бұл діни рәсімді медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізе алады», - деп тоқталды министр.

Осы орайда ол аталған талапты бұзғандарға айыппұл салынатынын жеткізді.

Сонымен қатар, заң жобасы аясында шетелдерде діни білім алу реттелетін болады. Жобаға Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде діни білім алуына елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана жол берілетіні туралы норма енгізіледі. Дегенмен, халықаралық шарт негізінде, сондай-ақ тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстанда діни білім беру ұйымдары болмаған жағдайда бұл талаптан тыс шетелде діни білім алуға болады.

«Діни бірлестіктердің қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нормалар ұсынылды. Осы мақсатта жобаға олардың ішкі қаржылық есептерін міндетті түрде жүргізу талаптары енгізілді. Осы есептерді бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялау көзделген. Халықаралық тәжірибеде бұл кеңінен қолданылатын заңнамалық талап.  Аталған мәселе біздің қоғамда да талай мәрте көтерілген болатын», - деді Дархан Кәлетаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар