Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылды

Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылды

Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылды
ашық дереккөзі
Бүгін Астанада ашылған «Алланың гүлі» кешенінің сәулетшісі Сағындық Жанболатов оның негізгі ерекшеліктерін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бұл мешіттің формасы Қазақстандағы бірде-бір мешітке ұқсамайды. Іші де өзгеше. Миxрабы қабырғадан бері қарай орналасқан. Ал энергия тұтыну жағынан әлем бойынша бірегей нысан болып саналады. Себебі энергияны толығымен күннен алады. Артық энергияны да өндіруге мүмкіндік бар. Оны қалаға сатып, жылына 4 млн теңге пайда көруге болады. Бұның барлығы - Астанадағы ЭКСПО көрмесінің нәтижесі», - дейді С.Жанболатов. Оның айтуынша, жаңа мешітке 750 адам сияды. Дегенмен, намаз кезінде қатарға тұрғанда, оған бір мыңнан астам адам кіре алады. «Мешіт жылы. Еденді арнайы жылыту жүйесі тартылған. Ішкі сәулеті де айрықша, авангард үлгісінде жасалып отыр. Біз оны «жаңа қазақ» стилі деп атаймыз», - деп атап көрсетті С.Жанболатов. Айта кетейік, бүгін Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылды. Нысанның ашылу рәсіміне ҚР Президенті Әкімшілігі, Үкімет пен Парламент мүшелері қатысты. Мешітке Ырыскелді қажының аты беріліп отыр. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген мешіттің бас имамы Жақия қажы Исмаилов интерьерде ою-өрнек пен жазулардың аздығын түсіндірді. «Мешіттің сыртқы сәулеті ерекше болып шықты. Мұнараның үстінен қарағанда мешіт гүлге ұқсайды. Бүгінде оны халық арасында «Алланың гүлі» деп атап кетті. Мешіттің тағы бір ерекшелігі - іші қарапайым. Қабырғалары аппақ, көп жазулар жоқ. Күмбездің айналасында ғана Алла тағаланың тоқсан тоғыз аты жазылған. Басқа жерінде адамның ойын алып кететін ешқандай әшекей де, ою-өрнек те жоқ. Ол да - жаңа мешіттің ерекшелігі. Мешіттің миxрабы да өзгеше салынды. Олай істеген шариғатқа қайшы емес. Сосын жаңа нысан толығымен отандық материалдардан салынып отыр», - дейді Жақия қажы.