«Барселонаның» 25-ші биігі

«Барселонаның» 25-ші биігі

«Барселонаның» 25-ші биігі
ашық дереккөзі
«Барселона» футбол клубы кезекті рет Испания чемпионы атанды. Биылғы чемпионаттың соңғы ойынын «Депортиво» командасына қарсы ойнаған каталондықтар құрамасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. «Барселонаға» жеңіс сыйлаған ойын 2:4 есебімен аяқталды. «Барселонаның» маусым қорытындысы бойынша, Испания чемпионы атанатынына ешкім де күмән келтірген емес. Десек те, Эрнесто Вальверденің шәкірттеріне соңғы қадамды жасау керек болатын. 25-ші рет чемпиондық титулды иелену үшін «Депортивоны» ұту жетіп артылатын.  «Депортиво»  да оңай шағылатын жаңғақ емес. Әттең, команданың үміт оты ерте сөнді. Ойынның 7-ші минутында-ақ «Барселона» шабуылшысы Коутиньо есеп ашты. Араға 31 минут салып, Лионель Месси қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Есеп 0:2. Айта кетейік, Месси испан біріншілігінің тарихында 7 маусымның әрбірінде 30 голдан соққан алғашқы ойыншы. Қазір Криштиану Роналдудың мұндай көрсеткіші 6 маусыммен шектеліп отыр. Биылғы чемпионатты реалдық ойыншы қарсыластар қақпасына 24-ақ доп соқты. Тым аз! Алғашқы таймда-ақ бастарына қиын күн туа бастаған «Депортиво» іле-шала атойлап шабуылға көшті. Мессидің гол соққанына 2 минут өтер-өтпесте, Перес «Барселона» қақпасына алғашқы добын салды. Есеп 1:2. Бірінші тайм осындай нәтижемен қорытындыланды. Екінші таймда «Депортиво» ойыншылары Вальверденің шәкірттеріне оңайлықпен берілмейтіндігін дәлелдеуге тырысқан. Ойынның 64-минутында соғылған Чолактың добы есепті теңестірді. Бірақ бұл жағдай «Барселона» ойыншыларын қамшылап кеп берсін. Екінші таймда Лионель Мессидің соққан 2 голы футболдың шынайы өнер екенін дәлелдеді. 82,85-ші минуттарда Месси қарсыластардың қақпашысын жер қаптырып, жасыл алаңның көк шөбін шарасыздықтан тырмалатқан. Осылайша, ол«Депортиво» мен «Барселона» кездесуінде хет-трик авторы атанды. Бұл ойыннан кейін «Депортивоның» Ла-лигамен қош айтысатыны айқындалды. Командаларының үздіктер қатарынан тыс қалғанын қаламаған жанкүйерлер еріксіз көздеріне жас алды. «Барселона» 25-ші рет Испания чемпионатының алтын алқасын тақты. Соған қарамастан, каталондық клубтың бапкері Эрнесто Валверьденің отставкаға кететіні жайындағы қауесеттің басылар түрі байқалмайды. Кей деректерге сенсек, клуб басшылығы «Барселонаның» Чемпиондар лигасының ширек финалында «Ромамен» өткен кездесудегі «масқара жеңілісіне» мойын ұсына алмай жүр. Алдағы 6 мамырда Эль-классико өтеді. «Камп Ноу» стадионында «Барселона» мен «Реал» командалары кездеседі.  Бұл ойынның турнирлік кестеде ешқандай маңызы болмаса да, екі команда да жан беріп, жан алысуға дайын. Ал үздіктер алаңға шығатын бұл күнді миллиондаған футбол жанкүйерлері күтіп жүр.