ШОУ МЕН ШУ

ШОУ МЕН ШУ

ШОУ МЕН ШУ
ашық дереккөзі
Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин жиырма жеті жастағы мексикалық боксшы Сауль Альвареспен тағы да жұдырық түйістірмек. Бұл жолғы ұсынысты отандасымыздың өзі тастады. Егер Канело оны қабыл алса, GGG биыл күзде шаршы алаңға тағы бір мәрте шығуға дайын екенін жеткізді. Көпке белгілі қос саңлақ арасындағы алғашқы айқас әлемдік бокс жанкүйерлерінің назарын өзіне аудартқан еді. Жұрт сүйсіне тамашалаған кездесу тең нәтижемен аяқталғаны мәлім. Шын мықтыны анықтауды ұйғарған тараптар енді матч-реванш жасап, керемет шоу көрсетуге дайын екендігін жеткізген. Қарымта кездесу болар күн де белгіленіп, билеттер де сатылымға түскен. Бірақ күткен шоу болмай, оның соңы үлкен шуға ұласты. Мексикалық боксшының допинг қолданғаны анықталып, әзірге алты ай мерзімге шаршы алаңнан шеттетілді. Жанкүйерлердің Канелоға деген көзқарасы күрт өзгергендігін, допинг шуы Альварестің абыройына нұқсан келтіргенін сарапшылар жасырып қалмады. Енді бокс жанкүйерлерінің біраз күтуіне тура келеді. Себебі Альварестің GGG ұсынысын қабылдау, қабылдамауы әзірге жұмбақ күйінде. Әзірге қос тарап арасында келіссөз жүріп жатқан көрінеді. Ұзақ мерзімдегі тыңғылықты дайындықтан кейін Геннадий Головкин шаршы алаңдағы кезекті кездесуін 5 мамыр күні өткізбек. Мексикалық боксшының допинг дауы басылып, ел тынышталғанға дейін GGG Ванес Мартиросян есімді ұлты армян, американдық боксшымен шаршы алаңда кездеседі. Бұл жолғы қарсыласы да мықтылардың мықтысы. Мамырдың бірінде отыз екі жасқа келген Ванестің лақап аты – Тажал. Бірінші орта салмақта жұдырықтасып жүрген боксшы Калифорнияға 1990 жылы қоныс аударған. Жиырма жасында кәсіпқой боксқа ауысқан Ванес өзінің спорттық мансабы жолында қырық кездесу өткізген, оның отыз алтысын жеңіспен (жиырма нокаут), бірін тең аяқтап, үш кездесуінде қарсыластары Ванестан басым түскен. Абель Санчес кездесу жайында берген мәлімдемесінде: «Ванес Мартиросянмен болатын айқас Давид Лемьемен болған кездесуге көбірек ұқсайды. Мен Ванестен бір кереметті күтпеймін, бірақ оның армян диаспорасынан қолдаушылары өте көп болады. Алаң маңындағы жанкүйерлердің қолдауы қашанда маңызды, кейде спортшының психологиялық дайындығы физикалық дайындықтан көрі маңыздырақ болып жатады», – деген еді Fight Hub телеарнасына берген сұхбатында. Ал отандасымыз Геннадий Головкиннің өзі айқас алаңындағы байсалдылығын БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында да көрсетті. Boxingscene.com порталына жарияланған GGG сұхбатында біраз сұраққа нақты жауап алынған. Головкиннің айтуынша, «Альвареспен болатын жұдырықтасу кеші ең бірінші орында. Және ол да осыған талпынып жүр. Қазір мен толығымен бесінші мамырда өтетін бокс кешіне қызу дайындалып жатырмын. Осы кездесуден кейін Альвареспен жекпе-жегіміздің жайы мәлім болады. Бәрі кездесудің болғанын қалайды және қыркүйек айына дайын екенімді бәрі біледі», – деп бір іліктің ұшын шығарып берген. Әзірге барлық бокссүйер қауымға әліптің артын бағу ғана қалып отыр. Халықаралық бокс кеңесінің президенті Маурисио Сулейман мырзаның айтуынша, WBC құрушысы және Мексика президенті Адольфо Лопеса Матеосаның құрметіне арнап «нағыз батыр» көк белбеуі жасалған. Ванес пен Головкин кездесуінде жеңіске жеткен боксшы аталған белбеуге ие болады. Головкин бұл туралы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Ванес Мартиросян мықты қарсылас, жақсы боксшы. Екеуміздің арамызда нағыз мексикалық жұдырықтасу болатынына сенімдімін. Ал белбеуге келсек, осы белбеу үшін барымды салуға, Ванеспен шоу көрсетуге дайын екенімді сенімді түрде айта аламын. Менде бір естелік белбеуі бар, коллекциямды екіншісімен толықтырғым келеді», – деген еді. Көптен күткен кездесу 5 мамыр күні Калифорния штатының StubHub Center кешенінде өтеді.

Арман Құдайберген