Қазақ тілінің көсегесі қайтсе көгереді?

Қазақ тілінің көсегесі қайтсе көгереді?

Қазақ тілінің көсегесі қайтсе көгереді?
ашық дереккөзі
Кеудесінде аз болса да қазақтық қасиет бар адам еліміздегі қазақ тілінің қандай жағдайда екеніне көз жіберсе, «Біз осы қай елдің тұрғынымыз?» деп өз-өзіне сауал тастап, қынжылары анық. Неге десеңіз еліміздегі 18 миллион халықтың 66 пайыздан аса тұрғыны қазақ бола тұра, Қазақстан мемлекетінде сол қазақтың тілі үстемдік құра алмай жүргені әрбір тіл жанашырының жанын жабырқатса керек. Кез келген мемлекет өз жұртына тән кескін-келбетімен, болмысымен және де өмір сүру дағдысымен басқалардан ерекшеленеді десек, осылардың бастауында елдің халықтық тілі тұрады. Ал сол халықтық қазақ тіліміздің елімізде салтанат құра алмай келе жатқанына не себеп болып отыр? Бұған кешегі орыс отаршылдығы қалдырған сызатты бір себеп етіп көрсетуге болады. Белгілі саясаттанушы ғалым Э.Томсон: «Отаршылдықта болған ел отарлықтан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздану керек. Отаршылдар елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Тәуелсіздік алған елде саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілде көрінеді», –деген. Осы тақылеттес өсиеттерді Алаш зиялылары да қалдырған. Бесенеден белгілі, билік жалпы халықты белгілі бір талап аясына шоғырландыра алмаса, халық өзінің бойына сіңісті қасиеттер мен ұстанымдардан оңайлықпен айырылмайды. Осы жерде мынаны мысал етіп айтайық: қазір жұрттың кәрі-жасына қарамай, осы заманға лайық техникалық құралдарды тез меңгереді. Көптеген қариялар сабақты нашар оқиды деген балалардың өзі ұялы телефон мен компьютерлердің «құлағында ойнап» шыға келеді. Мұның бәрі заман талабы мен мұқтаждықтың көрінісі. Енді біздің билік Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың бәрін осылай заман талабы мен болашақ үшін қазақ тіліне мұқтаж етіп қойса ғой, бар мәселе өз-өзінен-ақ шешілер еді. Қазақ тілінің қажетті деңгейге көтеріле алмауына бір жағынан өзіміз де кінәліміз. Өйткені көпшілігіміздің бойымызда, санамызда өзгеге деген жалтақтаушылық басым. Неге біз көшеде, қоғамдық көлік ішінде, халыққа қызмет көрсету орындарында т.б. жерлерде оларға өзге тілде сөйлейміз? Неге біз оларға қазақша сөйлеп, бөтен жұрттың біреуін болса да қазақшаға үйретпейміз? Әр қазақ бөтен ұлттан шыққан бір-бір көршісін, досын немесе жұмыста әріптестерін қазақшаны білуге шақырып, үйретуге талпынса, болмағанда оған күнделікті қатынас сөздерін қазақша айтса, қанша жерден «сабаққа үйренбейтін аю» болғанмен беті бері бұрылар-ақ еді. Бірақ біз мұны ойламаймыз. Керісінше өзге тілде сөйлесек, өзімізді білімді, білгіш санаймыз. Қазақстан халқының 66 пайызын құрап отырған қазақтардың тілі қажетті деңгейге көтеріле алмай отырғандығының бір себебі – осы. Қызылорда қаласында болған бір конференцияда өзге ұлттың бір азаматы: «Сендерде, қазақтарда ручка, магазин, остановка, пиво, светофор, маршрутка, тағы сол сияқты сөздердің және күн аттарының қазақшасы жоқ-ау. Өйткені осы сөздерді қазақша айтқан бірен-саран адам болмаса, көпшіліктің айтқанын көрмеймін», – деген еді. Расында, осындай қарапайым ғана атауларды тілі шыққан баладан еңкейген кәрімізге дейін орысша айтамыз. Бағыттағы автобустар мен таксилердегі жол кіре жинайтын қазақ азаматтарының әр аялдаманы таныстыратын хабарламасына бір сәт құлақ салыңызшы. «Остановка Қонаеваға келдік. Келесі Байтурсынова болады... Байтурсыноваға келдік, Жангелдина бар ма түсетін?» деп сөйлейтіндеріне етіміздің үйреніп кеткені соншалық, оған бірде-біріміз елең етпейміз. Бірде жазушы Момбек Әбдәкімұлымен бірге автобусқа отырдық. Автобус ішінде адам онша көп емес. Жан-жағымызға қарасақ, жолаушылардың барлығы қазақ, бір де бір бөгде ұлт жоқ. Жол кіре жинаушы әйел де, автобус жүргізушісі де қазақ. Бірақ кіре жинаушы қазақ әйел аялдаманың аттарын орысша атап, «Сходящие есть?» деп артқа қарап-қарап қояды. Автобус салонының қабырғаларына көз салдық. Алдымен көзіме түскені жүргізуші артындағы әйнекке ілінген «Отвлекать водителя запрещено» деген жазу болды. Оның жанында «Аптечка находится у водителя» деген хабарлама жапсырылыпты. Есік үстінде «Осторожно, дверь закрывается», оның бер жағында «Место для стоящих», «Место для сидящих» деген жазулар ілініпті. Әлден уақыттан соң әлгі әйел бізге жақындап: «За проезд беріңіздер», – деді. «Мынау автобус қазақтікі ме?» – деді Момбек Әбдәкімұлы оған. «Өзіміздікі, – деді ол. – Автобус анау шопырдың жекеменшігі». «Онда, қарағым-ау, аялдамалардың аттарын, өзіңнің айтатын сөздеріңді, одан соң мынау ілулі жазуларды неге қазақшаламайсыңдар?» – деп сұрады жазушы аға. «Сіздің шаруаңыз қанша?!» – деп баж ете қалды әлгі әйел. Қазақ десе жанын беруге даяр Момбек Әбдәкімұлы таусылып сөз қатты. Турасын айтты. Қазақ өзін-өзі сыйламаса, өмірі өксікпен өтетінін айтты. Өкінішін жеткізді. Бірақ әлгі адуын әйелге керегі ұлттың жайы емес, қалтаға түсер пұлдың жайы болатын. Біздің тағы бір кінәміз – өте еліктегіш халықпыз. Жоқ, бұрынғы ата-бабаларымыз кім көрінгенге еліктегіш емес-ті. Қазіргі сормаңдай ұрпақ еліктегіш болып кеттік. Еліктегіштік ең алдымен тілімізге өте үлкен зардап келтірді. Соңғы екі-үш ғасырда басымыздан өткен саяси өзгерістердің барлығы тілге зиянын тигізді. Тілі шұбарланған халық өз кескін-келбетін жоғалтады және өз тіліне үстемдік еткен тілдің құрылымына қарап бой түзей бастайды. Еліктегіштік – басқа бір халықтың мәдениетіне осылай бой түзеуден басталады. Кезінде мұндай жұртты бұзатын бой түзеулерге қарсы қазақтың Кенесары мен А.Байтұрсыновтай арыстары бас көтерген. Бұл екеуі ғана емес, ұлтымыздың қаншама ғұламалары бұған көп көңіл бөлген. Алайда басқыншы ел ондай арыстардың сөзіне құлақ аспаған. Қайта оларды жау көрген. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның оңтүстік өлкесінен басқа жерлердің барлығында хандық жүйені жойып, ел билеудің аға сұлтандық пен болыстық тәртібін енгізген орыс отаршылдары алдымен тілге шабуыл жасаған. Тілінен айырылған халық оңай басқарылатынын патша ұлықтары жақсы түсінген. Ол үшін өмір сүрудің алғышарттары мен барлық қажеттілігін орыс тілінің аясына әкеп тіреп қойған. Отаршылдар алдымен далалықтардың билеуші тобын орыстандыруды мақсат тұтқан. Билеушілері орысша сөйлесе, қара халық та оларға еліктеп, үлгі алатынын білген. Бұған «атақты реформашы» Сперанскийдің мына сөздері куә. Түпнұсқаны аудармай өз тілінде берейік: «...К черту казахского языка. Казахская степь теперь наша. Казахские правители отныне должны говорить на русском, и все правительственные дело должны вестись на этом языке... Русские чиновники, работающие при казахах отныне не должны нанимать переводчика. Пусть его нанимают казахские правители. Ведь они же под нами, а мы не под ними. Дети казахских правителей должны учиться в русских школах и воспитываться под нашим духом. Этих же, обрусевших казахов мы потом поставим правителями степи. Вот они-то научат свой народ русскому... Пусть теперь каждый казах знает, что в будущем он без русского языка – никто». Міне, көрдіңіз бе, орыс тіліне деген кіріптарлықтың қай уақыттан бастау алғанын. Отаршылдар еркін халықты орысша үйретуге уақыт қажет деген пікірді ойға да алмады. Соған орай сол уақыттағы барлық қазақ зиялылары орысша оқыды, орысша тәрбиеленді. Өйткені мұндай құбылыс өмір қажеттілігі-тұғын. ХІХ ғасырда отаршылдар батыс, шығыс, солтүстік және орталық Қазақстандағы ел басқару жүйесін, сонымен қатар халықты да орыстандырып жатқанда, 1808 жылы Ташкенттен бастап Алматыға дейінгі жерлерді басып алған Қоқан хандығы жергілікті қазақтарды өзбектендіруге ұмтылған. Қазақ даласының бір шеті Қызылорда, бір шеті Созақ пен Сарысуға дейінгі түгелдей оңтүстік өлкесін 1864 жылға дейін құзырында ұстап келген Қоқан билігінің тарихы әлі күнге дейін толыққанды зерттелінбегені сияқты, сол замандағы оңтүстік қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, саяси кескін-келбеті қандай болғандығы толық ашылмай келеді. Шапқыншылықтың жабайы түрін ұстанған Қоқан берік те айқын бағыт-бағдарламалы хандық болмаса да, өзіне тән мақсаттарын біршама жүзеге асырған. Соның бірі – өздері басып алған қазақ даласын өзбектендіру саясаты. Қазақ даласын алғаш жаулаған Омар ханнан бастап, ең соңғы ханы Құдиярға дейін (бес рет хандық таққа отырған) қоқандықтар қазақтың өздеріне қараған негізгі қалаларын өзбектендіруге көп көңіл бөлген. Осы кезеңнің тарихын көп зерттеген жазушы, тарихшы Момбек Әбдәкім­­ұлының Наманган облыстық архивінен алған еңбектерін оқи отырып мынадай қызықты дерекке көзім түсті: «Омар хан Ферғана мен Әндіжан уәлаяттарынан Шымқалаға үш жүз еркек пен әйелді, Сайрамға төрт жүз еркек пен әйелді, Түркістанға жүз әйел мен еркекті, Әулиеатаға үш жүз еркек пен әйелді, Созаққа жүз еркек пен әйелді хандықтың тірегі ретінде көшірді». Бұл 1814-15 жылдардағы оқиға. Омардан кейін хан болған Шерәлі де, Құдияр да бұл істі жалғастырған. Ташкент пен оның айналасындағы ауылдардағы қазақтарды өзбектендіру үрдісі сол заманда қатты белең алды. Оның астары түсінікті де. Соның салдарынан Ташкент пен Жызақтағы, сонымен қатар олардың айналасындағы елді мекендердегі мыңдаған қазақтардың уақыт ағымына қарай өзбек болып кеткендігі шүбәсіз. Айтатын нәрсем көп еді. Бірақ мына мақаламызды осы жерден доғарсақ та жетер. «Ұзын сөздің ырғасы» деген тіркеспен айтсақ, қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, балабақшадан бастап, мектеп пен жоғары оқу орындарында, сонымен бірге қоғамдық орындарда қазақ тілінің қолданылуына ел болып, жұрт болып баса назар аударуымыз керек. Әрбір ата-ана отбасындағы ұл-қыздарына қазақтық тәрбие беріп, олардың бойына қазақтық болмысты, қазақтық рухты сіңіретін болса, қазақ тілінің, мәңгілік қазақ елінің болашағы жарқын болатыны сөзсіз.  

Абдулла Бекәділұлы,

 Қорқыт ата атындағы

 ҚМУ магистранты