БҚО билігі березовкалық балалардың токсиннен уланғанын жоққа шығарды

БҚО билігі березовкалық балалардың токсиннен уланғанын жоққа шығарды

БҚО билігі березовкалық балалардың токсиннен уланғанын жоққа шығарды
ашық дереккөзі
Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында 2014 жылдан бері белгісіз жағдайда есінен танып құлап қалатын ауруға тап болған балалар тексерілді, дәрігерлердің бақылауында және ауруханаға жатқызу керек емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова осылай мәлімдеді. 
Басқарма бастығының айтуынша, 2017 жылы сәуірде березовкалық балаларды республикалық медициналық орталықтың дәрігерлері мен профессорлары тексеріп, улануға қатысы жоқ диагноз қойған. - Барлық бала тексеруден өтті, оларға түрлі диагноз қойылды. Бақылауда болсын деген ұсыныс жасалды. Осы уақыт ішінде жедел түрде ауруханаға жатқызылған жоқ, - деген Әбдірахманова балаларға қойылған диагноздардың бірі "вегетативтік қан тамыры дистониясы" екенін айтты. Айта кетейік, 24 сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі әрі "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының үйлестірушісі Сергей Соляник березовкалық екі балаға ресейлік дәрігерлер "мидың токсиннен улануы" деген диагноз қойылғанын хабарлаған. 2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады.