Қолды болған «қола бала»

Қолды болған «қола бала»

Қолды болған «қола бала»
ашық дереккөзі
Осыдан біршама уақыт бұрын Астанада Абай-Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан «1932-1933 ж. ашаршылық құрбандарына» арналған монументтегі баланың ескерткіші тағы да қолды болғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы аптада ұрланған баланың мүсіні табылғаны белгілі болды. Бұл жолы қоладан жасалған ескерткіш темір-терсек қабылдайтын орыннан тәркіленді. Ізінше полицейлер мүсінді ұрлаған күдікті мен оны сатып алған азаматты да ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау мекемесіне қамауға алынып, ҚР ҚК 188-бабы бойынша (ұрлық) сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде. Сондай-ақ, ұрланған мүлікті сатып алушы да анықталып, ҚР ҚК 196-бабы бойынша да   тергеп-тексеріліп жатыр. Айта кетейік, «қола бала» осымен екінші рет ұрланған. Былтыр қолды болғанда ұрылар ұсталмай, ізін суытып кеткен еді. Сол кезде мүсіннің авторы  Валерий Пирожков ескерткішті қайта құйып, орнатқан. Ал биылғы көктемде тағы жоғалып, бір айдан кейін табылып отыр. Қазір адамда ынсап қалмаған ба дерсің. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті ұрлап, одан пайда табуға тырысқан адамды кім деуге болады? Сол аштықтан бұратылған баланың мүсінін көз алдыңызға әкеліңізші?! Оны жасауға жұмсалған металдың да қаншалықты салмағы бар? Адамгершілік пен мейірім тұрғысынан алғанда, керісінше сол ескерткішке тағзым етіп, болашақ ұрпақтың бейбіт заманда өмір сүруін тілеуіміз керек емес пе?! Ынсап пен мейірімді не үшін айтып отырмыз? Ықылымнан келе жатқан ынсап деген ұғым-түсінік бар. Біле білгенге ынсаптың мағынасы өте терең. Әрбір ізгілікті һәм иманды адамның өмірлік мұратының, адамшылық қағидасының алтын арқауы осы ынсап деп білгеніміз абзал. «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Шынымен де, біз, адамдар ынсап пен мейірімнен жұрдай болып барамыз ба? Аш баланың мүсінін ұрлайтындай қазіргі адамдар соншалықты аш па, әлде ашкөздік есін алған ба? Ашынған қарын тойынар, бірақ азын-аулақ ақша үшін қола мүсінді ұрлаған адамды, сол мүсінді металл ретінде қабылдаған адамды кімге теңейміз? Әйтеуір, бойларында бір мысқал да адамдық қасиет қалмағаны анық... Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәні істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық істеген адам иманынан айырылады. Ең бастысы, кейбір ислам мемлекеттерінде ұрлық жасаған адамның кінәсі толық дәлелденген жағдайда  қолын кесу дәстүрі бар. Ал басқа елдерде бас бостандығынан бірнеше жылға айыру жазасы кесіледі. Иә, осы дүниедегі жазасы ғана. Арғы дүниедегі жазасы қандай болмақ? Бәлкім, қолды кесіп, жазалауды бізге де енгізген дұрыс шығар, кім білсін?!