Ұлтжанды азамат еді

Ұлтжанды азамат еді

Ұлтжанды азамат еді
ашық дереккөзі
Жұмаштың өзінен бұрын әуелі газет, журналдарда жарияланған мақалаларымен таныстым. Бұл өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы «қайта құру» шапағатымен көрініс тауып, тәуелсіздік дәуіріне жалғасқан еркін ой айтуға қол созған жылдар еді. Әсіресе, тоталитарлық жүйенің ықпалымен жойыла бастаған салт-дәстүр, ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қалпына келтіруге, қайта тірілтуге бағытталған проблемалық мақалалар нөпірі күн құрғатпай жарияланып жатқан кез. Саясат бұғауына қамалып, «шеңбер» ішінде тұйықталған ой-сана еркіндікке шығып, ой бағдары жаңа арнаға бұрылған, пікір байламдар жаңаша бет түзеген уақыт. Міне, осы тұста баспасөз беттерінде көтерілген ең өзекті мәселенің бірі – халықтық педагогиканы қалпына келтіру, сол арқылы бүгінгі ұрпақтың бойына ұлттық сананы сіңіріп, ұлттық менталитет қалыптастыру болатын. Осы тұрғыдан келгенде қиыр жайлап, қыр қыстап отырған алыс түкпірдегі ауыл мұғалімі Жұмаштың алғашқы болып оқу бағдарламаларына халықтық педагогиканы, ұлттық тәрбие беру дәрісін енгізу мәселесін көтерген мақалалары бұл салада еңбек етушілерді ғана емес жалпы халықтың назарын өзіне аударған еді... Бір күні бейтаныс бір азамат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі кафедрамызға келіп, мені күтіп отыр екен. Ол кезде аталған университеттің әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасының меңгерушісі едім. Жөн сұрасып, таныса келгенде бұл азамат жоғарыда сөз болған халық педагогикасын жаңғырту туралы мәселе көтеріп мақала жазған, жазып қана қоймай өзі қызмет істейтін мектепте тәжірибе жасап жүрген мұғалім Жұмаш болып шықты. Алматы облысы, Нарынқол ауданы, әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың туған ауылы Қарасаздағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін көрінеді. Әңгімесінің төркініне қарағанда еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап-ақ ұстаз ретінде ұлттық тәрбиеге, халықтық педагогиканы жаңғыртуға ерекше мән беріп, жас ұрпақтың ұлтжанды болып қалыптасуына, халықтың өнеге тұтар жақсы қасиеттерін көңілдеріне тоқып, ойға ұялатып, ұлттық салт-дәстүрлерді саналарына сіңіріп өсуіне бағыт-бағдар беріп жүргені байқалады. Мектептен өзге салаларда түрлі басшылық, қоғамдық жұмыс атқаруы барысында ауыл мәдениетін көтеруге, елдің рухани, әлеуметтік жағынан өсуіне ықпал етіп келе жатқаны көрінеді. Танысып-білісіп, біраз сұхбаттасқаннан соң қандай шаруамен келгенін сұрадым. Ол көптен бері Мұқағали шығармашылығын зерттеумен айналысып жүргенін, мектепте бастамашыл болып, ақынның шағын музейін ашуға қол жеткізгенін айтып, ғылыммен айналысуға талпынысын ақылдасуға келген ойын ортаға салды. Қарсы болмайтынымды білдірдім. Көп кешіктірмей ғылыми кеңесте «Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация тақырыбын бекіттіріп, жұмыс істей бастадық. Кейін, 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысуыма байланысты Жұмаштың кандидаттық диссертация тақырыбын қайта бекіттіріп, 2008 жылы осы университеттің диссертациялық кеңесінде сәтті қорғап, дипломын алды. Біздің таныстығымыз осылай басталып, жалғасын тапты. Оның өмірбаянына қарап отырғанда ылғи да игілікті істердің ортасында жүргенін көреміз. «Туған жерге туыңды тік» деген қағидаға орай, Жұмаш туған ауылын көркейтуге, ұлттық мәдениетін қалыптастыруға орасан еңбек сіңірді. Еңбек жолын 19 жасында, яғни 1967 жылы Нарынқол аудандық автоклуб меңгерушісі болудан бастаған Жұмаш 1968-72 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтта (қазір Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) оқыған. 1972 жылы Энгельс атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, қызметке кіріседі. 1983 жылдан мектеп директорының өндірістік ісі жөніндегі орынбасары, 1990 жылы 1 шілдеден Қарасаз ауылдық кеңесінің халық депутаты, 1994 жылы 21 ақпанда Қарасаз селолық әкімі болып тағайындалып, оны алты жыл (1990-1996 жылдар) бойы абыроймен атқарады. 1990 жылы 18 қазанда Алматы облыстық оқу басқармасы, 1994 жылы 2 сәуірде Оқу министрінің бұйрығымен «Жұмаш Өтеев атындағы халық педагогикасы атаулы мектебі» ашылды. Ол туралы газет-журналдар жарыса жазды. Республиканың түкпір-түкпірінен ғалымдар арнайы келіп, ғылыми жұмыспен айналысты. Бұл мектеп ашылғанда, тіпті, Мәскеуден ғалымдар келіп, Ж. Өтеевтің сабағына қатысып, Өтеевтің аталмыш педагогикалық мектебі жайында мағлұматтар жинады. 1996 жылы сәуірден 2012 жылдың мамырына дейін, табаны күректей 15 жыл М.Мақатаевтың әдеби-ескерткіш мемориалды музейінің директоры болды. 2011 жылдың 23 тамызында зейнеткерлікке шықты. Осы жерде ерекше айта кететін бір мәселе, Жұмаш Өтеев дәл бүгінгі музейдің іргетасын қалаушылардың бірі ғана емес, ең алғаш рет сол музейдің «шағын нұсқасы – музей залын» мектепте дүниеге әкелген. Мектепте ұстаздық етіп жүрген кездің өзінде-ақ, 1988 жылы 23 желтоқсанда Қарасаз орта мектебінде «Мұқағали мұражай залын» ашқан. Осылай ел рухын көтеруге, уақыт талабына сай әрекет етуге бастайтын іс-әрекеттерінің арқасында ойшыл, жаңашыл тұлға ретінде есте қалды. Ол 1992 жылы «Ы.Алтынсарин атындағы медальді» иеленгенін, 2006 жылы «педагог-зерттеуші», 2009 жылы «Райымбек ауданының құрметті азаматы» атанғанын, 2011 жылы Бауыржан Момышұлы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталғанын айтсақ та жеткілікті. Ауылдан шыққан тұңғыш Мұқағалитанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Өмірден озғанша Қарасаздағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Мұқағалитану» пәнінен дәріс берді. Ғалым-педагогтың артында жүздеген мақалалары мен «Алтын көмбе» (1991), «Қарасазым – Атамекенім» (2000), «Қарасаздан табылған Алтын көмбе» (2010), «Қарасаздың қайнар бұлағымын» (2011), «Қара өлеңнің хас шебері» (2014), «Ататек алыптығы» (2014) атты алты кітабы қалды. Жұмаш жары Тілеухан Оразханқызы екеуі – 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы, Әйелі Тілеухан Мергенбаева да – педагог. Бұрынғы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазір Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) физика факультетін бітірген. Келін боп түскеннен зейнеткерлікке шыққанша Тілеухан Оразханқызы Қарасаздағы киелі білім ордасында физика сабағынан дәріс берді. Білікті ұстаз. Алтын құрсақты ана. Ұлдарын үйлендіріп – ұяға, қыздарын тұрмысқа беріп – қияға қондырған ата-ана және немерелерінің сүйікті ата-апасы. Жұмаш Өтеев – өмірін өнеге тұтуға болатын сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Ұлағатты ұстаз, айтулы ақын, жүрдек журналист, қарымды қаламгер, зерттеуші ғалым. 2017 жылдың шілде айының басында Жұмаштың кенеттен өмірден озғандығы туралы суық хабар жетті. Өкінішті...  

Құныпия Алпысбаев,

филология ғылымдарының

докторы,

профессор