Аграрлы аймақ ажарланып келеді

Аграрлы аймақ ажарланып келеді

Аграрлы аймақ ажарланып келеді
ашық дереккөзі
Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.  Өткен жылы  Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда.  Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді», – деп атап көрсеткені белгілі. Осыған орай қазіргі уақытта аймақтарда әкімдер Елбасы тапсырмасын орындау жолында тиянақты еңбек етуде. Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін Жолдауда айтылған міндеттер орындалуы керек. Бұл ең алдымен аймақта жұмыс істеп жатқан әкім-қараларға байланысты. Өйткені аймақ мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Сондықтан жергілікті жерлерде халық жұмыс істеп, кәсіптің көзін тауып жатса, тұрмыстың да түзелері сөзсіз. – Расында да Президенттің бес әлеуметтік бастамасы экономика мен әлеуметтік саланың  ғана емес, бүкіл елдің алдына үлкен мүмкіндіктерді ашты. Сондықтан  Елбасы тапсырмасын тиянақты орындау – біздің басты парызымыз. Мысалы, Бородулиха ауданы облыстағы ең іргелі агроөндірістік аймақтың бірінен саналады. Жылдан жылға егіс көлемі ұлғайып, сапалы мол өнім алуға қол жеткізіп келеміз. Ауданда тұқым шаруашылығымен айналысатын үш мекеме бар. Сондықтан шаруашылықтар тұқым мәселесінен еш қиындық көрмейді. Жалпы сан-салалы агроөндірістік саланы жан-жақты дамытқан дұрыс. Ауданның асыл тұқымды мал базасына 9 шаруашылық кіреді, оның ішінде үшеуі сүт бағытында жұмыс істейді. Тағы 3 шаруашылық бал арасы кәсібімен айналысады. Қазіргі таңда үш шаруашылықтың сүт-тауарлы фермасын қайта жабдықтау жұмыстары жүруде, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов. Сондай-ақ, «Жаңа Заря» шаруашылығында 400 басқа арналған сүт –тауарлы фермасының құрылысы аяқталып қалды. Жалпы, сүт өндіру саласына шаруашылықтар ғана емес, жекелеген адамдар да көмектесуде. Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта көптеген отбасы қорасында ірі қара малын ұстайды. Сондықтан әкімшілік оларға арнайы уақыт бөлген. Ауданның 11 елді мекенінде шағын сүт қабылдайтын пунктер ашылған. Тағы бір жүйелі түрде қойылған жақсы жұмыстың бірі –   сүт өңдеу. Жекелеген адамдардан және шаруашылықтан келген сүт арнайы үш цехта өңделеді. Қаймақ, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдері шығарылып, арнайы пакетпен  тұтынушыларға сатылады. Тұтастай алғанда, Бородулиха ауданынының агроөндірістік саласында алға жылжу бар. Елбасы Ассамблеяда сөйлеген сөзінде: «Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде кеңеседі» деген сөз бар. Тар замандарда қазақ құшағына алған өзге ұлт өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды», – деп атап көрсетті. Расында да еліміз  көпұлтты мемлекет болғандықтан діни келісім мен татулық басты орын алатыны сөзсіз. Бұл орайда Бородулиха ауданында негізінен қазақ ұлты мен өзге диаспоралардың өкілдері тұрады. Ынтымағы жарасқан өңірдің халқы қазіргі уақытта тату-тәтті өмір сүруде. Осы орайда жастар арасындағы діни сенімді қалыптастырып, ұлтаралық татулықты ұлықтау мақсатында ауданда үлкен іс-шаралар атқарылуда. Қоғамды біріктіру, ұлттың тұрақты дамуын қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстар ұшан теңіз. Азаматтық қоғамды біріктіру жолында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы 19 діни ұйымдармен бірлесе ынтымақта жұмыс істеуде. «Ажар» қазақ  мәдени ұйымымен және 8 этномәдени бірлестікпен, немістердің «Өрлеу» қоғамдық бірлестігі, басқа да 5 үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыстар жүргізілуде. Бір ғана дерек, 2017 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мейрамы қарсаңында жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру мақсатында ауданда 200-ден астам шара өткізілді. Тәрбие талбесіктен басталатыны белгілі. Ауданда 2010 жылдан бері мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы жұмыс істейді. Аудан мектептерінде сапалы білім берілуде. Кейбір елді мекендегі мектепке оқушыларды тасу үшін арнайы автобус бөлінген. 2017 жылы бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа көрсеткіші 75 балды құрады. Білім сапасын көтеру мақсатында қазіргі уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасының балаларына да көмек көрсетілуде. 2017 жылы оларды тамақтандыру үшін, киім-кешек сатып алу үшін жергілікті қазынадан 56 миллион теңге бөлінді. ХХІ ғасыр – технология заманы. Сондықтан мектеп жүйесі озық өркениеттен тыс қалмауы тиіс. Соның бір айғағы ретінде ауданның барлық білім ордасы 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. 2017 жылы аудан мектептеріндегі 600 оқушы Астанада өткен мамандандырылған халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне барып қайтты. Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде үштілділік мәселесі жүйелі түрде шешімін табуда. Расында да көп тіл білгеннің көкжиегі кеңейеді. Бородулиха ауданында да мемлекеттік  және басқа да тілдерді оқыту орталықтары ашылған. Қазір Жаңа Шульба, Жезкент, Жаңа покровка және тағы басқа елді мекендерде 256 тыңдаушы қысқа курстан өтуде. Сонымен қатар, қысқамерзімдік «Тілашар» курсы арқылы қазақ тілін оқып, үйренушілердің қатары көбейді. Сондай-ақ, аймақта сырттан келген отандастарымызды орыс тіліне үйрету үшін қысқамерзімдік курстар ашылғанын да айта кеткен жөн. Халықты жұмыспен қамту үшін мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың көмегі үлкен болып тұр. Мектеп бітірген соң, оқуға түсе алмаған жастар техникалық және кәсіби мамандықтар бойынша оқуда. Бұл бағдарламаларды игеруге шамамен 36 миллион 428 мың теңгедей бөлінді. «Территорияны дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке оқыту» бағдарламасы бойынша 74 миллион 111 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша оқығандар өз кәсібінің игілігін көруде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры және «Шығыс Қазақстан облысы бойынша аграрлық несие корпорациясы» арқылы 11 адам өз бизнесін жандандыру үшін 41 миллион 400 мың теңге көлемінде несие алды. Ауданда бүгінде халықтың жағдайы жақсарып келеді. Атаулы көмек алатын азаматтардың қатары азайды. Салауатты өмір салты дағдыға айналды. Халықтың тұрмысы жақсара бастағанын мына деректер айқындап тұрғандай: Кейінгі жылдары онкологиялық аурулар – 24, туберкулез сырқаты 43 пайызға төмендеді. Рас, қазіргі уақытта кенді Алтай өңірі апатты жағдайда екені жұртқа мәлім. Жаңбыр мен еріген қар суы араласып, өзендер тасып, адамдарды әбігерге салуда. Бұл орайда Бородулиха ауданының халқы қол қусырып, қарап отырған жоқ. Шама келгенше жерлестеріне көмектесуде.  

Батыр ЖАСҰЛАН