Венада 2 млн еуро үнемделеді

Венада 2 млн еуро үнемделеді

Венада 2 млн еуро үнемделеді
ашық дереккөзі
Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқан заманында өркениетті елдер сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібін дамытып, халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді. Қазақстан да дамудың бұл үрдісінен қалыс қалмай, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. «...Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-­­прин­тинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деген-ді Елбасы өз жолдауында. Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. Сондай-ақ, тек биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станция салынады. Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы Қазақстан мен Қытай Халық республикасы арасындағы цифрландыру және «ақылды» технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа кең жол ашуда. ҚХР Реформа және даму істері жөніндегі мемлекеттік комитет (РДМК) төрағасының орынбасары Нин Цзичжэ (Ning Jizhe) мырза «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын зерттеп, өнеркәсіптік инновацияларды, жасыл экономиканы және басқа да алдыңғы қатарлы салаларды дамыту бойынша біздің еліміздің маңызды жоспарларына назар аударғанын айтады. «Біз адамзаттың индустриялық салада реформаны талап ететін жаңа кезеңге аяқ басқанына келісеміз», – деді ол Қазақстан-Қытай индустриализация мен инвестиция саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен комиссияның 14-ші отырысында. «Қытай да Қазақстан секілді экономиканың осы бағыттарын дамытуға баса назар аударуда. Бізде «Қытайда жасалған – 2025» және «Интернет+» бағдарламалары әзірленген. Қазір қытайлық смарт-технологиялар әлемде алдыңғы орындарға шыға бастады. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге, сондай-ақ, Қазақстандағы өндірістік қуаттарды дамытудың бірлескен бағдарламасындағы цифрландыру және «ақылды» технологиялар саласындағы жобаларға қосылуға дайынбыз», – деп атап өтті Нин Цзичжэ мырза. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету керек. Оған бір ғана мысал келтіруге болады, ол – eGov жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізуге болады. Құжат рәсімдеу, коммуналды қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйден-ақ төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдіріле түспек. Жетілдіру үшін бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қабылданады. Атап айтқанда, цифрлық технологияны жүзеге асыруда үлкен жетістіктерге жеткен Австрия, Дания, Австралия, Канада және Сингапур секілді елдерден үйренеріміз мол. Мәселен, Австрия астанасы Венада қалалық бюджетті әзірлеуде жоспарлаудың «цифрлық» принципі қолданылады. Нәтижесінде, қала қазынасында жыл сайын 2 миллион еуро үнемделеді екен. Ал Бостонда (АҚШ) коммуналды қызмет түрлерін бақылауға арналған мобильді қосымша іске қосылғалы бері тұрғындар тарапынан түсетін шағым 66 пайызға қысқарған.