12 Сәуір 2018, 15:37 649 0 Жаһан Ахмет ӨМІРЗАҚ

Өзбекстан өзгеріп келеді

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Жызақ облысы, Достық ауданындағы Манас ауылын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдап, 45 күннің ішінде ескі үйлерді қиратып, жаңасын салып шығуға бұйрық берген-ді. Ел басшысының туып-өскен ауылында бұрынғы ескі үйлер мен мекеме ғимараттарының орнына жаңасы салынып – аталған мерзімде адам танымастай болып шыға келді.

Осы жылдың ақпан айында ғана Манас ауылы адамдар тастап кеткен қираған ескі үйлерге толы, жолдарының балшығынан адам аяқ басып жүру мүмкін емес болатын. Сол кезде ол жерге барған Өзбекстан басшысы: «Адамдардың осындай қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын көрудің өзі ауыр. Мен Манастың мысалында алдымызда қандай атқаруға тиіс істердің тұрғанын көрсеткім келеді. Ауыр, машақатты, қиын болады... Егер біз жұмысты тұрмысы ең ауыр қыстақтардан бастамасақ, адамдар бізге ешқашан сенбейді», – деген болатын. Осыдан кейін іле-шала бульдозерлер ескі ғимараттарды қиратуға кірісіп, қиратылған үйлердің орнына екі қабатты, көппәтерлі үйлер тұрғызылды. Манас ауылында заманауи балабақша, емхана, спорт алаңы, тіпті, тері өңдеу орыны ашылды. Наурыз айының аяғында қайта құрылған Манас ауылына келген Шавкат Мирзиёев: «Мен «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасын бекерден бекер Манас ауылынан бастаған жоқпын. Өйткені мұнда еңбексүйгіш, ұқыпты, жаны жайсаң адамдар өмір сүреді», – деп біткен іске қуанышын білдірді. Сонымен бірге Өзбекстан президенті мұнда агроөндіріс кешенін салу, түйе сүтін пайдалану негізінде клиника мен емдеу процедурасынан тұратын өндіріс кластерін құру қажеттігіне назар аударды.

Манас ауылы өткен ғасырдың 60-жылдарында құрылған. Негізінен мұнда қырғыз ұлты өкілдері тұрады. Қазір жаңғырған Манаста тұратын халықтың саны алты жарым мыңнан асады. Манасты жаңарту ісі елдегі 174 аудандағы 368 махалланы кешенді түрде жаңартуға бағытталған «Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы негізінде жасалып отыр.

ӨЗБЕК ЖАЗУШЫЛАРЫНА – ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ

5 сәуірде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Өзбекстан Жазушылар одағының жұмысын жетілдіру шаралары туралы қаулы» қабылдады. Аталған қаулыда Ш.Мирзиёев: «Бүгінде елімізде өзге салалар сияқты әдебиетіміздің дамуын жаңа деңгейге көтеруге арналған көптеген істер жасалуда. Атап айтсақ, Өзбекстан Жазушылар одағының «Дүрмен» шығармашылық үйі және оның емханасы түбірімен өзгерді. Одақтың қасынан «Ижод» қоғамдық қоры құрылды. Астанамызда қаламгерлер саябағы жасалды, жазушылар  үшін жаңа ғимарат құрылып, жер-жерде ұлы қаламгерлеріміздің аты мектептерге, мәдени мекемелерге, саябақтарға беріліп жатыр. Әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының мерейтойлары атап өтіліп, талантты жастарды тәрбиелеу, қолдап-қуаттау мақсатында шығармашылыққа арналған түрлі жиындар өткізіліп келеді. Жас ақындардың алғашқы жинақтары мемлекет есебінен көп таралыммен жарық көріп жатыр», – депті. 24 тармақтан тұратын қарарда өзбек елі жазушыларын рухани және материалдық жақтан қолдап қуаттауға арналған шаралар белгілеп көрсетілген.

ТАЛАЙЛАР ЗАРЫҚҚАН «ТАШТҮРМЕ»

Шектен шығып – заңды бұзып, қылмыс жасағандарды жазаға тарту барлық елдің конституциясында белгіленген норма бойынша жүзеге асырылады. Дегенмен өткен заманның қиындығын еске салатын жазалау орындарының түрлі елдерде жабылуы, тіпті, қаралы кездердің айғағындай музейге айналдырылып жатуы өзінше бір игілікті істің белгісіндей. Міне, енді солардың қатарына Өзбекстан астанасында орналасқан «Таштүрме» абақтысы қосылып отыр. Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігінің таратқан хабарламасында айтылғандай, Ташкент қаласы, Юнусабад ауданының Наманган көшесінің басында орналасқан түрме ғимараты үш ай ішінде бұзылып, орнына демалыс саябағы салынады екен. Аталған хабарламада бұл туралы: «Ташкент қалалық әкімдігіне аталған нысанды үш ай ішінде бұзу және босаған орынды  абаттандырып, барлық керекті инфрақұрылымдарды қамти отырып, заманауи саябақ құру міндеттелген», – деп жазылған.

Орталық Азиядағы қылмыскерлерді қамайтын ең ескі абақты – Ташкент қаласының Наманган көшесінде орналасқан «Таштүрме» 1891 жылы Ресей генерал-губернаторының бұйрығымен бар-жоғы төрт айда тастан салынып біткен. Содан бергі жүз жиырма жеті жыл ішінде бұл мекемеде қанша тұтқынның өмірі өткені белгісіз, бірақ соңғы кезде аталған қамау орнының төрт корпусында екі жарым мың тұтқын болған екен.

2015 жылдың шілдесінде Женевада БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің Өзбекстандағы жағдайға арналған жиынына қатысқан өзбек делегациясы Ташкент қаласының Зеңгіата ауданы аймағында халықаралық талаптарға сай тергеу изоляторы құрылып жатқанын мәлімдеген еді. Қазір сол абақты құрылып біткендіктен «Таштүрме» тұтқындары сонда көшірілген.

Айта кетсек, Өзбекстанда  қылмыскерлердің 52 жазасын өтеу орны болса, соның ішінде тұтқындар ауыр жағдайда тірлік кешетін орын ретінде «Таштүрменың» аты жиі аталушы еді.

 

Соңғы жаңалықтар