Инвестициялық омбудсмен институты

Инвестициялық омбудсмен институты

Инвестициялық  омбудсмен институты
ашық дереккөзі
Астана қаласында «Қазақстандағы инвестициялық климат: инвестициялық омбудсмен институты және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл механизмі» атты бизнес-форум өтті. Форумда инвестициялық жағдайды жақсарту, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу, инвесторлардың құқығын қорғау, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бизнестің шығындарын азайту мәселелері талқыға түсті. Іскерлік алаңда бас қосқан орталық мемлекеттік атқарушы орган өкілдері мен шет мемлекеттердің елшілері, отандық бизнес құрылым жетекшілері мен қаржылық институт мамандары инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша пікір алмасты. Форум аясында инвестициялық қызмет субъектілерін тексеру барысында мемлекеттік орган тарапынан заңнаманың талапқа сай жүзеге асуын қамтамасыз ететін Protecting Investments жобасын қолға алу қажеттігі айтылды. Аталмыш жоба арқылы мониторинг жүргізуді, жедел ақпарат алмасуды жүзеге асырмақ Бизнес-форумда сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек инвесторларды қорғауды қамтамасыз ететін Инвестициялық омбудсмен институты мен Инвестициялық кеңес қызметтерінің бағыттарына тоқталды. Жиында белгілі болғандай, шетелдік кәсіпкерлер көбінесе салық, кеден және еңбек заңнамалары бойынша кедергілерге тап болады екен. Сол себепті, форумға қатысушылар инвесторлардың құқықтық жағдайын реттеуде ортақ мүддеге келуге үмітті. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шетелдік инвесторлардың кез келген мемлекетте түрлі кедергілерге, әсіресе, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне тап болатынын атап өтті. Осы ретте, агенттік кәсіпкерлік ортадағы кедергілерді жою үшін нақты жұмыстарды қолға алған. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде 976 дерек анықталып, 289 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қабылдаған шаралар 5 жүзден астам кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берген. Осындай нәтижелі жұмыстарды ары қарай ілгерілету үшін Астанадағы форум соңында ортақ меморандумға қол қойылды.