Ақыртастағы ақ жауын

Ақыртастағы ақ жауын

Ақыртастағы ақ жауын
ашық дереккөзі
Таразда түнімен жауын терезенің арғы жағынан сыбырлап тұрып алды. Көктемнің жауыны, қазақ айтатын «Сәуір болмай тәуір болмастың» тоқтамай жауатын жаңбыры. Таңертең қонақүйдің алдында жергілікті азаматтардың бірі: «Міне, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген, сіздер нұр жауғызып келдіңіздер киелі Таразға!», – деп қонақтарға көпшік қоя тіл қатсын. «Не жауғанын Құдай білсін, – деп іштей күмілжідім сары тіс темекіні тұтатып тұрып. – Сынған аяқтың сүйегі сыздап барады ғой!» Жауын тоқтар емес. Біресе құйып алады, біресе саябырсып қалады. Ақшолақты бетке алып жүйткіген жеңіл көліктің терезесінен алыстағы тау беткейіне енжар көз тастаймын. Айналада қыбырлаған қара көрінер емес. Терең аңғарларды шудалана басып жатқан сұрша бұлттар жоталарды тұмшалай жеңіл сырғып көшеді. Беткейдегі тықырлау майса жаңбыр суына шайылып, зүбәржаттай жылтырап тұр. «Ақыртас» кешені бұлыңдайды аулақта. «Қаулай алмай тұрғанын қарашы, – деп ойладым жеңіл күрсініп. – Суық жауын әбден бойын буып қалған ғой. Әсілі, соңыра немесе ертең күн көзі жарқ етіп шыға келер. Шопан ата түлігі тұяқ үзбей жайылар осы көк майсада». Жамбыл облысындағы «Ақыртас» кешені туристік орталыққа айналады деп естігенбіз. Бұрын төрт түлік баққан ел бұдан былай әлемнің әр түкпірінен келген туристерді күтіп-баптауды мықтап игермек. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының киелі Әулиеата жеріне жасаған сапары аясында «Ақыртас» кешенінде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Ауқымды жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «Қазақстан темір жолы» ҰК «Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов үшжақты меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты – «Ақыртас» кешенін және осы аймақтағы өзге де тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру. Үшжақты келісім Жамбыл облысындағы Тараз қалашығы, Ақыртас, Меркі, Құлан, Ақтөбе-Баласағұн тәрізді тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеуді, «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығы базасында туристік кластер құруды көздейді. Осыған орай, үш тарап та киелі Әулиеата топырағындағы ескерткіштерді сақтау, зерттеу және насихаттау ісіне қолдау көрсететін болады. «Ақыртас» кешенін толыққанды зерттеу үшін еліміздің белгілі академиктері, археологтары, сондай-ақ, шетелдік ғалымдар тартылады. Олар зерттеу жұмыстарын мамыр айынан бастамақ. «Ақыртас» кешенін аралап, ондағы жұмыс барысымен танысқаннан кейін  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Ақыртас, Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей кешен болып табылатын Ақыртас ескерткішінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар», – деп атап өтті. Министр келтірген деректерге сүйенсек, былтырғы жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңға жетіпті. Ал «Ақыртас» сарай кешеніне келушілердің саны 25-30 мыңды құраған екен. Осы ретте, министр отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту – Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың ортақ мақсаты екенін атап өтті. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің айтуынша, алдағы уақытта «Ақыртас» кешенінде туристерге қазақы этноауылдар қызмет етеді. Этноауылдарда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын дүниелердің бәрі ұсынылмақ. «Бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін қазақстандық және шетелдік туристерді қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында. «Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Мысыр кереметтері, Афина акропольдары, Рим Коллизейі, Перудегі майя пирамидалары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар – Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі», – деді Асқар Мырзахметов. Жалпы, Жамбыл облысы тарихи-мәдени нысандарға бай өңір. Ал «Ақыртас» сарай кешені – сол нысандардың бірі де бірегейі. Үлкен қызыл тастардан тұрғызылған сарай отандық және шетелдік ғалымдардың қызығушылығын туғызып отырғаны баршаға мәлім. Тарихқа үңілсек, бұл кешен туралы ең алғаш рет 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған Чан Чуннің күнделігінде айтылыпты. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған «Ақыртас» сарайы – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Ғалымдар бұл кешенді 130 жыл бойы зерттеп келеді. Бірақ әлі күнге дейін археологиялық ескерткіштің құпиялары толық анықталмаған. Бұл сарай VIII-IX ғасырларда бой көтерген. Деректерге сүйенсек, Ақыртастың балбал тастары Түрксіб теміржолын салу кезінде құрылыс материалдары ретінде пайдаланылса керек. Енді министрлік пен өңір басшылығы сол жоғалған дүниенің бәрін қайта қалпына келтіруді қолға алғалы отыр. «Ақыртас» кешенінің қыр-сырына қаныққан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазіргі таңда Ақыртас ерекше қуат пен күш орны болып саналады, мұнда шетелдік туристер келіп, зиярат етеді, алайда қазақстандықтар бұл жерді біле бермейді. Бір жыл бұрын жұмбағы көп нысанды Қазақ­станның Киелі жерлері картасына кіргіздік, енді көне қаланы жан-жақты зерттеу мәселесін көтеріп отырмыз», – деп жазды. Расында да, «Ақыртас» сарай кешені – Жамбыл облысының ғана емес, бүкіл республиканың туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін нысан. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі бірлесе отырып, нақты іс-шараларды бекітіп, «Ақыртас» кешенінің туристік орталыққа айналуы үшін күш салмақ ниетте.  P.S.  Ертесіне күн жарқырап, шұғыласы мен бар қызуын қара жердің төсіне аямай-ақ шашсын. Жер шаттанды, қыстай тоң боп қатқан жердің төсін тесіп шыққан көк майса шаттанды. Ауада қуанышты бір леп бар. Енді қаптап келетін туристер мен жиһанкездерді қуанта алсақ болғаны да...

Жаңабек ШАҒАТАЙ