12 Сәуір, 11:50 224 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

«Росстат» неге дабыл қақты?

Жуырда «Росстат» дабыл қақты. Өткен жылы Ресейде бала туу көрсеткіші соңғы он жылдағы ең төменгі шекке жеткен. 2017 жылы елде небары 1 млн 690 мың сәби дүние есігін ашқан. Бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 203 мыңға төмен. Ресейде мұндай төмен көрсеткіш соңғы рет 2007 жылы тіркелген еді.

Ресей статистика комитетінің дерегінше, өткен жылы елде 1 млн 824 млн адам көз жұмған. Яғни, бір жылда ресейліктердің қатары 134 мыңға кеміген. Алайда мемлекеттегі халық саны миграциялық өсімнің арқасында құлдыраудан аман қалды. 2017 жылы Украина, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген мигранттар легі (207 мың) көбейген. Соның арқасында ел тұрғындарының жалпы саны 146 млн 877 мың адамға жетті. Демек, бір жыл ішіндегі өсім – 73 мың адам.

Көші-қонның болашағын болжау қиын, ал табиғи өсім құлдырауын жалғастыра береді дейді ресейлік мамандар. Ғалымдардың демографиялық болжамына сүйенсек, 2035 жылы ресейліктердің саны 83 мың адамға азаяды. «Туу саны ең төменгі көрсеткішке жеткен 1990 жылдары туған балалар қазір ата-ана атануда. Бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер саны аз болғандықтан, туу көрсеткіші құлдырап барады», ‒ дейді Экономика жоғары мектебі ғылыми-зерттеу университеті Демография институтының директоры Вишневский.

Кері кеткен көрсеткіштер

1990 жылдары енгізілген өзгерістер Ресейдің экономикалық жағдайын тіпті күрделендіріп жіберді. 1992 жылдың басында бағаның либералдануы айқын аңғарыла бастады. Салдарынан тауарлар мен қызметтердің бағасы күрт қымбаттап, жалақы қарыздары көбейе түсті. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлеріне ауыр тиді. Мәселен, 1990 жылдардың соңында, күнкөріс минимумы 50 долларды құраған шақта ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы 12-14 долларға әзер жетті. Айлығын шайлығына жеткізе алмаған ресейліктер өз шығындарын барынша қысқартып бақты. Айталық, 1992 жылы ет өнімдерін тұтыну көлемі 80 пайызға кемісе, сүт – 56 пайыз, көкөніс – 84 пайыз, балық – 56 пайызға дейін аз тұтынылған.

1990 жылдардың соңында Ресей денсаулық сақтау жүйесі тегін медициналық көмектен бас тартуға мәжбүр болды. Ел медицинасының даму деңгейі әлем елдері арасында 131-орынға дейін төмендеді. Мұның бәрі мемлекеттің демографиялық ахуалына ықпал етпей қоймады. Ауру-сырқаудың көбеюі салдарынан сол жылдары мезгілінен бұрын көз жұмғандардың саны 1 миллионға жуықтаған көрінеді. Бұл – ресми дерек. Ал Ресейдің тәуелсіз кәсіподақтар қауымдастығы жетекшілерінің бірі Андрей Гудков келтірген көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары. Оның дерегінше, 1991-2001 жылдар аралығында елде 11 миллионға тарта адам мезгілсіз қайтыс болған.

1990 жылдардың басында Ресейдің басына екі ауыртпалық қатар түсті: өлім-жітім көрсеткіші артты, өмір сүру ұзақтығы азайды. 1994 жылы өлім-жітім өсімі ең жоғары шекті деңгейге жетті: 2 млн 300 мың адам. Кейінірек жағдай оңала бастады. Алайда 1998 жылғы дефолт өлім көрсеткішін қайтадан арттырып жіберді. Мемлекет кері кеткен көрсеткіштерден 2003 жылға дейін айыға алмады. Дәл сол жылы Ресейдің соғыстан кейінгі тарихындағы ең көп өлім-жітім тіркелді: 2 млн 400 мың адам.

Өмір сүру ұзақтығының кемуі де сол жылдардың сипатты белгісіне айналды. 1987 жылы ерлер үшін де, әйелдер үшін де орташа өмір сүру ұзақтығы 70,1 жасты құраса, 1994 жылы бұл көрсеткіш 63,9 жасқа дейін төмендеді.

1987 жылдан кейін Ресейде бала туу көрсеткіші де құлдырады. Бұл – 1960 жылдары туу көрсеткіші төмен болуының салдары. Егер 1960 жылдардың басында елде орта есеппен 2 млн 800 мың бала дүниеге келсе, онжылдықтың соңында туу көрсеткіші 1 млн 800 мыңға дейін күрт кеміді. Бұл жылдары дүниеге келген сәбилердің дені – соғыс жылдарынан аман қалғандардың балалары.

1960 жылдары дүниеге келгендердің көпшілігі 1990 жылдары ата-ана атанғанын ескерсек, алғашқы посткеңестік онжылдықта туу көрсеткішінің төмендеуін заңдылық деуге болады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, елдегі демографиялық ахуалдың нашарлауына дағдарыстан бұрын дәл осы жағдайдың салқыны көбірек тиді. Қайта құрудың да ықпалын жоққа шығаруға болмас. Өйткені сол жылдары туу көрсеткіші 1990 жылдардағы көрсеткіштен де төмен болды.

               Отбасы құндылықтары неге құлдырады?

Өткен ғасырдың соңындағы алмағайып кезеңнің жағымсыз салдары Ресейдің алдынан бүгін қайта шығып отыр. Туу көрсеткішінің бір жыл ішінде (2017 жыл) 10,7 пайызға құлдырауы – ел демографиясы үшін дабыл белгісі. Өткен жылдың қарашасында Ресей президенті Владимир Путин бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, үкіметке ұлттық демографиялық бағдарламаны қайта қарауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, ол 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші сәбиі дүниеге келген отбасыларға жәрдемақы тағайындалатынын айтты. 180 доллар көлеміндегі жәрдемақы баланың 18 айлығына дейін, яғни 1,5 жасқа толғанша ай сайын төленіп отырады.

Алайда жәрдемақы елдің демографиялық жағдайын оңалта қояды дегенге сену қиын. Өйткені бүгінде ресейлік отбасылар арасында ажырасу көрсеткіші шарықтап тұр. 2017 жылы мемлекеттегі әрбір 1000 шаңырақтың 829-ы шайқалған. Бұл орайда сенатор Антон Беляковтың некесіз тұратындарды заңды некедегілермен теңестіру туралы ұсынысы көптің құлағына түрпідей тигені рас. «Депутаттың мұнысы ұрлықты заңды түрде табыс табуға теңестірумен бірдей» дейді наразылар. Олардың пікірінше, сенатор некесіз қарым-қатынастарды заңдастырғаннан гөрі сондай байыпсыз байланыстардың нәтижесі – аборт санын азайтуға бас қатырғаны жөн. Өйткені шақалақтар өмірін қыршыннан қию – елдің демографиялық діңіне балта сілтеу.

Жуырда телеэфирде жасаған мәлімдемесінде қоғам қайраткері Борис Надеждин Ресейдегі балалардың жартысына жуығы некесіз қарым-қатынастардың нәтижесінде дүниеге келетінін айтты. Бұл сөзі арқылы ол елдегі аборттардың да көпшілігі некесіз жүкті болатындардың ісі екенін шегелей түскендей. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары елде сәбилердің 23 пайызы некесіз туады екен. 2017 жылы 1,3 млн бала некелілердің шаңырағында өмір есігін ашса, 0,4 млн нәресте некесіз дүниеге келген. Жергілікті ақ халаттылардың айтуынша, аборттардың шынайы көрсеткіші ресми мәліметтен (жылына 0,8 млн) әлдеқайда жоғары. Егер мамандардың есебінен орташа көрсеткішті шығарсақ, жылына шамамен 1,3 млн сәбидің өмірі қасақана қиылады. Олардың басым бөлігі (1,1 млн) – некесіздердің ұрпағы. Демек, Беляков пен Надеждин заңдастыруды ұсынып отырған некесіз қарым-қатынастар Ресей демографиясын алға бастырушы емес, кері сүйреуші. Егер төлқұжаттағы мөр маңызды болмаса, оның жоқтығы неге сәбилер өліміне себеп болып отыр?

«Некені заңдастыруды кейінгі ысыратындар бала сүюге де асықпайды. Нәтижесінде отбасылық өмірдің басталуы мен бірінші сәбидің дүниеге келуі арасындағы қашықтық ұзара береді», ‒ дейді Ресей экономикалық университетінің Экономика және статистика комитетінің доценті Александр Тимофеев.

Некесіз тұрудың тағы бір сорақы салдары – әкесіз өсетін балалардың көптігі. «Учительская газета» басылымының жазуына қарағанда, ресейлік жастардың 67 пайызы толық емес отбасында тәрбиеленген, басым бөлігін жалғызбасты аналар өсірген.

Ресейде некелесу жасы да айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Егер 1990 жылдары 25 жасқа дейінгі әйелдер елдегі некелескен келіншектердің 59 пайызын құраса, бүгінде олардың үлесі 33 пайызға әзер жетеді. 35 жастан асқан әйелдердің некелесу көрсеткіші, керісінше, артқан. Бұрын небары 15 пайызды көрсетсе, қазір 22 пайыздан асып жығылады. Жасы ұлғайған сайын әйелдердің бала көтеру қабілеті төмендей беретінін ескерсек, ресейлік арулардың отбасын құруға асықпауы ел демографиясын өрге бастырмасы анық.

Әрі қарай не болады? Бұл сұрақ мамандарды күмілжітіп тұр. Ресейлік демографтардың пікірінше, туу көрсеткіші қазіргі қарқынмен құлдырай беретін болса, алдағы жылдары халық санының кемуіне көші-қонның өзі тосқауыл бола алмауы мүмкін. 2018 жылы елге 200 мыңға жуық мигрант келеді деген болжам расталса, «табиғи» құлдыраудың орны толуы мүмкін. Ал 2019 жылы туу көрсеткіші 300 мыңға дейін кеміп, 2020 жылы өлім-жітім саны туу көрсеткішінен 400 мыңға асып түсетін көрінеді. Болжам, әрине. Бірақ негізсіз емес. Ресей билігі тығырықтан шығудың жолын таппаса, жорамалдар жаңылмауы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар