12 Сәуір 2018, 11:27 671 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Ізденген жетер мұратқа

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облысы, Ырғыз аудандық филиалы «Жас ғалым – 2018» ғылыми-танымдық шарасын өткізді. Мектеп оқушылары іздену жолдары, бір тақырыпты зерттеу, ғылыми жобалар туралы ой бөлісті.

Техника мен технология дамыған бүгінгі қоғамда білім мен ғылым бәсекелестігі артты. Қазір жастар өзіне жақын тақырыпты таңдап, терең зерттеу мүмкіндігіне ие. Ғаламтордағы, кітапхана, мұрағат қорларындағы ақпаратпен қатар, тікелей сұхбат құрып, зертханаларда зерттеу жүргізуге мүмкіндігі бар.

Мемлекет басшысы «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген болатын. Ғылым мен білімге ден қойған жастар «Жас ғалым – 2018» ғылыми-танымдық шарасында бас қосты. Шарада ғылыми жобаларын қорғаумен шұғылданып жүрген аудан жастарымен кездесу ұйымдастырылды. Оған партия мүшелері, ғылыми жобамен айналысатын 8 жас маман және мектеп оқушылары қатысты.

Елімізде білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке, спорт пен салауаттылыққа ден қойып, түрлі шараларда аудан намысын қорғап жүрген жастарымыздың қатары толығып келе жатқандығы қуантады. Солардың бірі – техника саласында ғылыми ізденімпаз жас Жасұлан Қуандықов. Жасұлан қазірде аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында қызмет жасайды. Көпшіл, өнерлі, қағылез жігіт. Өзінің ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында жуырда «Платон» халықаралық дамыту орталығы мен республикалық «Қазақстан патриоты» журналы ұйымдастырған «Жас маман ізденістері мен жетістіктері» атты жас мамандарға арналған республикалық байқауға қатысып, 2-орынды жеңіп алды.

– Байқауда облысымыз бен басқа аймақтардан көптеген жас ұстаздар бақ сынаған. Жерлесіміз байқау шарттарын бұлжытпай орындап, қазылар алқасынан лайықты бағасын алған. Ұйымдастырушылар тарапынан диплом, сертификат және бағалы естеліктер табысталды, – деді «Нұр Отан» партиясы Ырғыз аудандық филиалының кеңесшісі Руслан Ұзақбаев.

Жас ғалым Гүлдана Айниқызы «Үш тұғырлы тіл саясаты: тіл ғылымдарының тетіктері» деген бағытта тырнақалды еңбектерін жазып, жоба қорғап жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін жас көп тіл үйренуге талпынады және замандастарын да соған шақырады.

Соңғы жаңалықтар