12 Сәуір 2018, 10:38 1124 0 Көлік Әсел ӘНУАРБЕК

Қаланың бетіндегі қорасан дағындай

Алматы – үлкен шаһар. Бұл қалаға күн сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп-кетіп жатады. Сол жолаушыларды қарсы алатын да, шығарып салатын да – қаладағы автобекеттер мен теміржол вокзалдары. Шаһарға келген қонақтар ең бірінші аялдайтын бұл орындар қаншалықты талапқа сай? Автобекеттер мен теміржол вокзалдарында қауіпсіздік ережелері қаншалықты сақталады? Жуырда Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы осы мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.

Бақылауға алынған бекеттер

Қоғамдық кеңес мүшелері тағайындаған арнайы комиссия қаладағы автобекеттер мен теміржол вокзалдарын бақылауға алған. Бақылау нәтижесі наурыз айының соңында өткен Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысында мәлім болды. Арнайы комиссия өкілдері автобекеттер мен теміржол вокзалдарының талапқа сай келмейтіндігін айтты. Оның үстіне, ондағы қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді. Мәселен, «Саяхат» автобекетінің қазіргі жағдайы мәз емес. Осыдан 10 жыл уақыт бұрын 23 бағытқа жолаушы тасымалдаған бекетте бүгінде тек 10 бағытқа ғана автобустар шығады. Одан бөлек автобекеттің аумағы базарға айналған. Жол бойын, автобекеттің алдын жаулап алған саудагерлердің бірсыпырасында санитарлық кітапша мен рұқсат құжаттары жоқ. Тіпті, автобекет аумағындағы кей дүңгіршектерде өрт қауіпсіздігі де сақталмаған. Маңайда самса, кәуап сататындар газ баллонын қаннен-қаперсіз қосып қойып, көшенің қақ ортасында емін-еркін ас пісіреді. Сонымен қатар, автобекетте мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай  жасалмаған, дәретханаларда тазалық жоқ.

Халықаралық «Сайран» автобекетінің де ахуалы «алақайлайтын» жағдайда емес. Арнайы комиссия мүшелері мұнда қауіпсіздік жүйесінің істен шыққанын анықтап отыр. Сорақысы сол, автобекетте қарапайым өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Гидранттардың мерзімі өткені былай тұрсын, ішінде жалынды ауыздықтайтын бір тамшы да су болмай шықты. Олқылықты жіпке тізген белсенділер бекет басшыларына бар былықты жайып салды.  Тексерушілер оқыста апат бола қалса, қашып құтылатын сызбаның атымен жоқтығын айтып, дабыл қақты. Оның үстіне, санитарлық талаптың сақталмауынан  жолаушылардың астан улану деректері көбейген. 2008 жылдан бері автобекетті техникалық қайта жарақтандыру мен жөндеу жұмыстарына 217 млн теңге жұмсалған еді. Бірақ кешен халықаралық талаптарға мүлдем сай емес екені табалдырықтан алғаш аттаған қарапайым адамға да анық аңғарылады. Сонда миллиондаған қаржы қайда жұмсалды? Жөндеу жұмыстары не үшін жүргізілді?

Расымен де, «Сайран» және «Саяхат» автобекеттерінің айналасындағы жағдай көңіл көншітпейді. «Сайранның» ғимаратының әрі қашқан әнебір жылдары автобекетке күрделі жөндеу жүргізіліп, сәні кіргендей болып еді. Уақыт өте келе, вокзалдың күту залы да кісі шошырлық жағдайға түсті. Оның үстіне, бекеттің аумағында мемлекеттік автобустардан бөлек заңсыз такси жүргізушілері де қаптап жүр. Автобекеттің аумағына жақындағаннан-ақ жолаушылардың алдынан шығатын автобус және такси жүргізушілері кісілердің жеңінен жұлқылап, киімінің етегіне жармасады. Әзірге омыраудан ала түсуге батылдары жетпей жүрген сияқты. Айғайлап жүріп жолаушы жинайтын мұндай жүргізушілердің мәдениеті жайында мүлдем сөз қозғап қажеті жоқ.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері екі автобекетте де жағдайдың тым мүшкіл екендігін, қарапайым талаптарға сай еместігін және бұл мәселені дер кезінде шешу қажеттігін айтты. «Саяхат» және «Сайран» автобекетінде қарапайым талаптарға да сай келмейтін жағдайлар анықталды. Тазалық жоқ. Ал бұрынғы «Саяхаттың» орнын жайма базар жайлап алған. Такси қызметі де бизнестерін емін-еркін жүргізіп жатыр. Енді біз оларға бірқатар ұсыныстар дайындадық. Оны мемлекеттік органдармен бірлесіп, орындайтын боламыз», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Автобекеттер қала сыртына неге көшірілмеді?

 Қоғамдық кеңес мүшелері талқылаған бұл мәселе алматылық тұрғындар үшін бұрыннан өзекті болатын. Осы уақытқа дейін «Сайран» мен «Саяхаттың» ахуалын айтып, дабыл қаққандар аз болмаған. Тіпті, осыдан төрт жыл бұрын автобекеттерді қала сыртына көшіру туралы шешім де қабылданған еді. Қала әкімдігі мұндай шешімге әлемдегі ірі шаһарлардың тәжірибесіне сүйене отырып келген. Ал 2008 жылдың 13 қазанында Алматы қаласына облысаралық және қалааралық жолаушылар және жүк тасымалы, сонымен қатар, халықаралық транзиттік тасымалды «Үшқоңыр» автобекетінде қабылдау жөніндегі қаулы шықты. Осыдан кейін полиция мен өзге билік өкілдері Алматыға келе жатқан жолаушы тасымалдайтын автобустарды мегаполиске кіргізбей, жаңа автобекетке тоқтауға мәжбүрлеп көрген. Бірақ осыдан 10 жыл бұрын «Үшқоңырды» халықаралық автобекетке айналдыру әрекеттері нәтижесіз аяқталды.

Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында, мегаполистен 30 шақырым жерде орналасқан «Үшқоңыр» автобекеті Алматыдағы автокөлік ағынын жеңілдету мақсатында салынған болатын. Тіпті, аталмыш бекет қала ішінде орналасқан «Сайран» және «Саяхат» автобекеттерінің қызметін мойнына алуы тиіс еді. Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларынан қатынайтын жолаушылар автобустары қалада көк түтін бұрқыратып, көңілсіз жұртты көкжөтел қылатын. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы кептеліс үлкен кедергі болып тұрғаны да жасырын емес. Алып шаһарға ағылып келіп жатқан адамдар санын да, көлік нөпірін де шектеу мүмкін емес. Осыншама көліктің салдарынан пайда болған қала ішіндегі кептелісте минуттап емес, сағаттап тұруға тура келеді. Әсіресе, қаланың шыға берісіндегі «Алтын Орда» базарының жанынан өту мүмкін емес. Бұл аумақта қарапайым халықтың қалтасы көтеретін базар орналасса, екінші жағынан аталмыш аумақ қала сыртына шығатын маңызды күре жолдардың бірі. Сондай-ақ, «Барлық» базарындағы автобекетте қалааралық жолаушылар тасымалдайтын автобустар ажылдап тұр. «Алтын Орда» маңының күні-түні кептелістен көз ашпауының сыры да сонда. «Үшқоңыр» арқылы мәселені шешіп, қаладағы автобекеттерді сыртқа шығаруға ниеттенген әкімдіктің әрекеті сәтті болмады. Аталмыш «Үшқоңыр» автовокзалы жұмысын бастағанымен, «Сайран» мен «Саяхаттағы» жағдай оңала қоймады. Баяғы жартас – сол жартас.

Қаланың көркіне нұқсан келтіріп тұрған автобекеттерді қала сыртына көшіреміз дегенде жиі жолға шығатын тұрғындар өре түрегеліп, вокзалдың шалғайда орналасуына қарсылық білдірген. Енді айналасы жабайы сауда алаңына айналған «Саяхат» та, қауіпсіздік талаптары сақталмаған, ғимараты әбден ескірген «Сайран» да алматылықтардың мақтанышына айналмай тұр.

«Саяхат» – сауда кешеніне айнала ма?

Алматыдағы ең үлкен «Саяхат» және «Сайран» автобекеттері Кеңес Одағының кезінде бой көтерген. «Саяхат» 1963 жылы салынса, «Сайран» 1976 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді.  Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін аталған екі автобекет те жекешелендірілді.

Қазір «Саяхаттың» ғимараты бұзылған, оның орнында сауда дүңгіршектері мен асханалар тұр. Бұрынғы бекет 2007 жылы сүрілді. «Саяхат» автобекеті бұрын Алматы үшін маңызды болды. Алматы облысынан қатынайтын халыққа жүздеген автобус қызмет етті. Шаһарда көлік көбейген соң сырттан кіретін қоғамдық көліктер қысқартылып, бекет жұмысы тоқтатылды. Жергілікті әкімдік өткен жылы автобекеттің орнына сауда ойын-сауық орталығы салынатындығын мәлімдеген. Яғни, автобекет аумағындағы жабайы базар жабылып, жер асты автотұрағы бар заманауи сауда кешені салынуы тиіс еді. Бірақ бұл жоба сол күйі қолға алынбады. Сейсмикалық тұрғыдан берік, орналасқан жері ыңғайлы аумаққа ресейлік инвесторлар да қаражат құймақ болған. Бірақ жоба қымбатқа түсетіндіктен, олар да бас тартыпты.

Тоғыз жолдың торабы саналатын «Саяхат» автобекеті алматылықтар үшін танымал орын. Бірақ мұнда сапырылысқан жаяу жүргінші мен көлік нөпірі ешқашан азаймайды. Қазір бұрынғы автобекеттің орны қалаға жақын ауылдарға ғана қатынайтын шағын автобустар тоқтайтын алаңға айналған. Сондай-ақ, бұл автобекетте қала маңындағы аймақтарға қатынайтын жеке таксилер өте көп. Және сол таксилердің қызметіне жүгінетін жолаушылардың да қарасы қалың. Әсіресе, кешкі уақытта «Саяхаттағы» көлік кептелісінде сағаттап тұруға тура келеді. Такси тоқтатып тұрғандардың саны да ымыртта ырықсыз көбейеді. Тіпті, такси тоқтатқан жолаушылар жолдың көлік жүретін бөлігіне дейін шығып кететінін де көзбен көрдік. Мұның бәрі бақылаудың, тәртіптің жоқтығынан орын алып жатқандығы айтпаса да түсінікті.

«Сайран» қашан талапқа сай болады?

Бұрын қаладағы көрнекті ғимараттардың бірі «Сайран» автобекеті болған деседі білетіндер. Көзбен көргендерге қалай сенбейсің? Бекеттің алды жайқалған гүлзарлар мен қалаға сән беріп тұрған әсем тастармен көмкерілген алаңқай болған екен. Бірақ автобекеттің бүгінгі кейпіне қарап бұл сөздерге сену қиындау. Қазір Төле би көшесінің бойымен жүріп өтіп, «Сайран» автобекетіне көз салсаңыз, бұл аймақ шаһардың көркін келтіргеннен гөрі сұлулығын кетіріп тұрғандай көрінеді. Бекеттің айналасы қаптаған сауда орындары, дүңгіршектер, тамақтану орындары. Оның бәрі санитарлық талаптарға сай деп те айта алмаймыз. Өйткені көше бойында орналасқан асханалар көлік жөндеу, көлік жуу сынды орталықтармен жапсарлас тұр. Ондай жерде қайдан тазалық сақталсын?! Есіктері қысы-жазы ашық тұратын асханалардың алдына күніне жүздеген автобус келіп тоқтайды. Көлік кептелісінен де көз ашпайды бұл аймақ. Айқай-шудан құлақ тұнады. Автобекет ғимаратының ішіне кіргенде ғана аздаған тазалықты байқауыңыз ықтимал. Алайда онда да қызмет көрсету сапасы жолаушыларды толықтай қанағаттандырмайды.

Автобекеттен таяқ тастам жерде май құю бекеті орналасқан. Күн сайын дәл осы бекет аумағынан мыңдаған адамның жүріп, жүздеген адамның темекі шегіп өтетінін ескерсек, сол аумақ оттың ортасында тұр деген сөз. Ал алда-жалда май құю бекетінен өрт шыға қалса, қаншама жанның ажал құшатынын ойладық па? Май құю бекеті неге автовокзалдың дәл түбінде орналасқан? Адамның қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын ел емес пе едік? Ендеше, «Сайрандағы» қауіпсіздік мәселесіне неге бейжай қараймыз?

Бір жылдары «Сайран» әкімшілігінің жолаушы тасымалдаушыларға қатысты талаптары өзгеріп, үлкен дау туындаған еді. Тіпті, еліміздің оңтүстік өңірлерінен қатынайтын автобус жүргізушілері ереуілге де шыққан. Ол кездегі жаңа бастама бойынша, жолаушылар кассадан билет алып, автобустар арнайы белгіленген уақыт кестесі бойынша жүретін болып бекітілді. Сондай-ақ, автобустар адам толмаса да, уақыт бойынша жолға шығуы тиіс болған. Дәл осы талап жолаушы тасымалдаушылардың наразылығын туғызды. «Сайран» әкімшілігінің бекіткен талаптары орынды-ақ. Себебі оған дейін жүргізушілер автобус түгел толмайынша, орнынан қозғалмайтын. Ал билет алған жолаушылар сағаттап автобустың толғанын күтіп, әбігерге түсетін еді. Қазіргі уақытта автобекет баяғы таз кепешін қайта киген. Тастай қоймайтын да сияқты.

P.S. Қалай десек те, қаладағы автобекеттердің жағдайын ретке келтіру өте маңызды. Себебі «Сайран» мен «Саяхаттағы» көліктердің қызметіне жүгінетін жолаушылар көп. Ондағы қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын ескерсек, күнделікті автобекетке келетін мыңдаған адамның өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін. Ал адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын ел үшін мұндай мәселені кейінге қалдыруға мүлдем болмайды.

Соңғы жаңалықтар