«АРАЛАП ЖЕРДIҢ ЖҮЗIН ЖҮРЕР СӨЗIМ»" НЕМЕСЕ БАЙТАҚТАН БАСЫ ОЗҒАН АҚЫН

«АРАЛАП ЖЕРДIҢ ЖҮЗIН ЖҮРЕР СӨЗIМ»" НЕМЕСЕ БАЙТАҚТАН БАСЫ ОЗҒАН АҚЫН

«АРАЛАП ЖЕРДIҢ ЖҮЗIН ЖҮРЕР СӨЗIМ»"  НЕМЕСЕ БАЙТАҚТАН БАСЫ ОЗҒАН АҚЫН
ашық дереккөзі

Қазақ әдебиетi тарихында "Сыр сүлейлерi" деген атау берiк орын алған Сырдың сүлейлерi деп байырғы эпикалық жырларды шығарған және жатқа айтқан осы өңiрдегi өнерпаздар тобын атаған. Олай болса, сол Сыр сүлейлерiнiң шоқтығы биiк тұлғаларының бiрi, Шығыс әдебиетiнен мол сусындаған, назым сөздiң қас шеберi, толғау өлеңiн биiкке көтерген ақын Тұрмағамбет Iзтiлеуов.

Қазақстан Республикасы премьер-министрiнiң 2007 жылдың 21 ақпандағы №32 өкiмiмен атақты шайыр Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың 125 жылдығын атап өту iсi қолға алынды. Алғашқы шара ақынның туған жерiнде, Қармақшы топырағында үстiмiздегi жылдың 9-10 маусым күндерi аталып өттi. Биыл Сыр бойында ақынның мұрасын жинақтау, кесене салу басқа да мәдени-рухани, танымдық iстердi атқармақ. Кезiнде-ақ Шығыс жұлдызы атанған Т.Iзтiлеуовтың өмiрi мен шығармашылық жолы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында-ақ бүкiл қазақ халқына таныла бастады. Өлең-толғаулары түрлi басылымдарда жарияланып тұрды. Әсiресе, Тұрекеңдi бүкiл қазақ халқына танытқан Фирдаусидiң "Шаһнама" шығармасын қазақша сөйлеткенi. Бұл сол кездегi аса маңызды оқиға десе болғандай. Өйткенi 1934 жылы Әбiлқасым Фирдаусидың (934-1040) туғанына мың жыл толған мерекесiн дүниежүзi атап өткен болатын. КСРО елi де бұған кең көлемде кiрiстi. Осы кезеңде "Шаһнаманы" қазақ тiлiне аудару iсiн қолға алды. Оған себеп Т.Iзтiлеуовтың шығыс тiлдерiн жетiк бiлетiнi болса керек. Ақын өзiнiң бiр өлеңiнде: "…О баста оқыған соң парсы, араб, Жазушы ем роман — жыр оған қарап. Ұнатып оларымды, оқығандар Iшкендей есiрушi едi шарап" деп өзiнiң шығыс халықтарының көптеген тiлдерiн жетiк бiлетiнiн хабардар еткен. Шынында да Тұрмағамбет Iзтiлеуов 1898-1905 жылдары Бұхара қаласындағы "Мир — Араб", 1899 жылы осындағы Көкелташ медресесiнде тәжiк халқының көрнектi перзентi, академик Садриддин Айнимен бiрге оқиды. Медресе қабырғасында жүрiп Бұхара қаласындағы кiтапханалардан шығыс тiлiндегi жазылған кiтаптарды оқып, Шығыс шайырларына елiктеп өлеңдер де жазады. Алғашқы өлеңдерiнiң бiрi — "Ұстаз ұсынысы" қарақалпақ, қазақ балаларына арналған. «…Шәкiрттер бiр-бiрiңмен ұрыспаңдар, Мiнездiң мiнiн алып дұрыстаңдар». Жолына жамандықтың жақын бармай, Күтiiнiп күн iлгерi жылыстаңдар" деп оқушыларды тәртiптiлiкке, мiнездiлiкке шақырады. Жалпы Тұрекең өлеңдердi "Ақтайлақта" жүргенде де жаза бастаса керек. Ал бiзге белгiлi ақынның 1900 жылдардан бергi жазылған өлеңдерi. Т.Iзтiлеуов Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария облысының Қазалы уезiнiң Қармақшы бөлiмiндегi Қуандария болысының №2 ауылында "Ақтайлақ — кезең" деген бабалар қонысында 1882 жылдың 9 шiлде күнi туыпты. Ақынның әкесi шаруа кiсi болған. Ол кiсi 16 жасында қайтыс болған. Анасы Жұпардың басшылығымен өмiр сүрген Тұрекең өзiнiң отбасы жайлы былайша жазыпты. "…Баласы Iзтiлеудiң Нұржан, Шайқы, Бәрiнен болар, — деймiн, Ислам Қайқы" деп өздерi туралы хабардар берген. Кейiннен Сыр елiндегi атақты ахундар атанған Ораз, Дәулетназар, Қалжан, Тапал ахундардан дәрiс алады. Ораз және Қалжан ахундардың ақыл-кеңесi және ықпалы нәтижесiнде Бұхарадағы медiреседе оқыған. Т.Iзтiлеуов өлеңдерi алуан тақырыпты қамтыған. Олардың басты-бастылары: би мен байларды, әкiм-шенеунiктердi мiнеу, жұртшылықты бiлiм алуға, өнер жолына шақыру. Әдiлетсiз сот, орысшыл кейбiр оқымыстылар Тұрекең қаламынан таса қалған емес. Кезiнде Кеңес өкiметiн, Лениндi қуана жырлаған ақындардың бiрi. Сондай-ақ, туған жер, ел билеген жақсылар мен жайсаңдарға берген бағасы халық көңiлiнен шыққан. Сыр сүлейлерiнiң басы болған Балқы Базар мен Дүр Оңғардан 30-40 жас кiшi болса да ел iшiнде Тұрмағамбет есiмi ұстаздарымен қатар аталады. Ақын жырлары негiзiнен нақыл, толғау, тақпақ, шымшымалы шумақтар, төрттағандар, назым жырлары мен қатар арнау өлеңдерi болып келедi. Сонымен қатар Тұрмағамбет Шәдi қаримен, алты ақынның өмiр туралы, Тұрмағамбет пен Әбдiкәрiм т.б. айтыстарымен қатар Сыр бойында өткен әртүрлi айтыстарға араласып, айтысушыларды бiрлiкке, татулыққа шақырған бiрнеше аралық сөздерiнiң мән-мәнi өте жоғары, ұтымды, ұтқыр сөздермен көмкерiлген. Мысалға Кете Жүсiп пен Даңмұрынға арнаған аралық жырында: «Татулық -таусылмайтын кен секiлдi, Кек сақтау — шама келсе, шен секiлдi. Ортаңда татулықтың тұрса туы, Дос — дұшпан демес сенi "кем" секiлдi», — деп терең толғана жазып, оларды тоқтатқан. Бұлардан басқа шығыс үлгiсiмен ХХ-ғасырдың басында жазған дастандары. "Мәрдi дихан", "Данышпан қарт", "Тұтқын қыз", Рауа бану, Әшкәбус атты дастандарды қазақ халқына түсiнiктi етiп аударып, оқырмандарға тарту еткен болатын. Тұрекеңнiң тағы бiр ерекшелiгi — араб шайырлары пайдаланған "Мувашпах" әдiсiмен бiрнеше өлеңдер де шығарып, бiр әрiптен басталатын өлеңдер де жазған. Ақын әрi ахун Тұрмағамбет Iзтiлеуов шығармашылығы хақында 1928 жылы "Год работы казахского высшего педагогического института" атты Т.Жүргеновтың кiтабында алғаш рет сөз етiлсе, мұнан кейiн 1935-1937 жылдарда ақынның шығармалары хақында Т.Жүргенов, К.Алтайский, О.Бубнов, Ғ.Тоғжанов, Л.Саедов, Ә.Қоңыратбаев, Н.Базаркелдин өз мақалаларында тоқталып өттi. Ақынның толысқан шағында басталған 1937 жылғы қуғын-сүргiн дауылы Түрекеңе де соқпай өткен жоқ. 1936 жылдың 21 желтоқсанындағы №77 Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетi Президиумының қаулысымен "Шаһнаманы" төрт том кiтап етiп басып шығаруға шешiм қабылдайды. Алайда, кiтап толық шықпай, оның тараулары — Сам батыр, Залдың балалық кезi ғана орта мектептiң VIII,IX сыныптарына арналған оқулықтарда және ондаған өлеңдерi газеттер мен журналдарда басылған. Ақын шығармалары бiрнеше рет қамауға алынғаннан кейiн жоғала бастады. Тiрнектеп жинаған шығыс тiлдерiндегi кiтаптары жоғалып кетедi. Жалпы Т.Iзтiлеуов өмiрiнде үш рет — Ақмешiт, Қармақшы, Қазалы, Шымкент, Алматы қалаларындағы түрмелерде отырған. Ең алғашқы түрмеге қамалуы 1916 жыл. Қанаушыларға, болыс, байларға қарсы сөздерi және болыстың писарын ұрғаны үшiн түрмеге қамалып, одан 1917 жылғы ақпан төңкерiсi кезiнде босатылған.
ТАР ЗАМАНА
(Тұтқында отырып Мақан Шынәлиевқа)  

Ей, Мақа, сау ма денiң, уақытың хош па?

Арзумын жолығуға сiздей досқа! Уаләкiн үстiмiзден қарайтындар, Жiбермейд жалынғанмен бiр дем босқа. Сол себеп жанабыңа жазып сәлем, Қадiрдан Қошекеңдi еттiм почта. Iнiңнiң ықласына ырза болып, Сөзiне осы барған көңiл қоста. Асықпай апта жатып үйiңiзде Кетер ем, кеңшiлiкпен қолым боста. Тағдырдың тақсымына кездескендей, Болып тұр әзiрiнше бiр жол тоспа. Таланға тар замана ұшырасып, Зерттеп iзiмде жүр ит пен шошқа. Екiншi бiр қамалуының себебi Алматыдағы достары: «Елде не жаңалық бар?» деп сұрағанда, Тұрмағамбет ақын: «…Төрткөлдiң көлi кеттi де, шөлi қалды, Төренiң төресi кеттi де, төбетi қалды. Алымның алымы кеттi де, залымы қалды. Мал дегенде есек қалды, Үй дегеннен кесек қалды», — деп кеңестiк кезеңнiң кейбiр кемшiлiктерiн ашып салады. "Отыз тiстен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды" демекшi бұл сықақ НКВД-лардың құлағына жетiп, Алматыда жүргенде қамауға алынады. Бұл қапастан сол тұста жоғары лауазымды қызмет атқаратын Темiрбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараевтар босатқан деген бүгiнге дейiн ел аузында әңгiме бар. Мүмкiн шындық болар. Үшiншi рет атақты "Шаһнаманы" бiтiргеннен кейiн тағы да қамауға алынып Шымкенттiң түрмесiнде жазғаны: «…Ақырда босқа кетiп еткен еңбек, Отырмын қараңғы үйде босқа шерлеп. Дамолла данышпаның Тұрмағамбет, Түрмеде отырған соң жазған бүй деп. Дүниеден өтiп кеттi асыл затың, Дұға ет рухына "аумин" деп, өзiн өлгенге санап ашына жазады. Түрмеден арып-ашып 1939 жылы елге келiп, осы жылдың 15 мамырында өмiрден өтедi. Шындық үшiн шырылдаған Тұрекең сот соңғы сөзiңдi айт дегенде: «Ей, сотым, кетiп тұр екенсiң қотқа, Шекең күйген екен отқа. Молда деп, мол кестiң, Молданiкiн пiсiрiп же шоққа» дептi. Ақынның соңына ерген шәкiрттерi-iнiлерi Үбiсұлтан Аяпов, Тiлеу Жұбаев, Әлiмбай Әлиасқаровтар Тұрекеңнiң асқан бiлiмдi, батыл адам болғанын өз естелiктерiнде жазған. Ал жақын iнiсi Т.Жұбаев 1925 жылдың жазында "Терiс өзекте" отырғанда Тұрмағамбет үйiне Сәкен Сейфуллиннiң келгенiн жыр етiп айтатын. Жалпы, Т.Iзтiлеуовтың өмiр жолы ауыр болды. Кедейшiлiктi басынан өткiздi. Үш ер баласы– Әбдiлхамит, Әбдiлғазиз, Әбдiлахай ерте қайтыс болады. 1933 жылы Әбдiлхамит қайтыс болып, Жаңаталапқа жерленген. Ақын "Мен қалдым қайғы-қасiрет қапасында" атты өлеңiнде: "…Мезгiлсiз бұл дүниеден бостың балам, Iнiңе Әбдiлғазиз, Әбдiлхаймен Көз жұмып өзiңдi-өзiң қостың балам. Үшеуiң ойға түссең, ендiгi күн, Көрiнедi мысалыңда кештiң, балам"– деп қамыға жыр тербетiптi. Одан кейiнгi балалары Әбдiрауық (1912-1996), Махмұтбек (1919-1944) өнерден құралақан болмаған бiрнеше өлеңдерi бар. Тұрмағамбет Iзтiлеуов 1905 жылы елге келiп бес жылдай егiн егу, мал бағумен айналысады, 1914-1924 жылдары туған ауылында мектепте ұстаз болады. Бұрыннан жақсы таныс-бiлiс Қазақ ССР Халық ағарту комиссары Темiрбек Жүргенов Т.Iзтлеуовты 1934 жылдың маусым айында Алматыда өткен Халық таланттарының I-шi республика слетiне қатыстырады. 1935-1937 жылдары Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметте болады. 1956 жылғы кеңестiк жылымықта Т.Iзтiлеуов шығармасына жол ашылады. Сөйтiп ақын шығармашылығын зерттеумен ауыз әдебиетiн зерттеушi М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерi Мардан Байдiлдаев жете айналысты. Кейiннен "Тұрмағамбет Iзтiлеуов және Рүстем-Дастан" атты зерттеу жұмысын қолға алған Өтеген Күмiсбаев кандидаттық диссертация қорғады. Өзбекстан және Тәжiкстан ғалымдары Тұрекең шығармасына тоқталған. Бүгiнде он шақты диплом жұмысы, 3-4 кандидаттық диссертациялар ақын шығармалары негiзiнде қорғалды. Ақынның туғанына 100-жылдығына орай (1983 ж.) академик, жазушы Мұхаметжан Қаратаев: "…Төрт жолмен ой түйетiн бұл жанрдың қиындығын жеңiп, Тұрекең мұнда да (рубаятын айтып отыр) шеберлiк танытқан. Сондай-ақ, мысал жанры да ақын творчествосында елеулi орын алыпты. Тақпақ, шағын шумақ, рубай, нақыл дейтiн ұсақ жанрлар да әрқайсысы өз алдына сала-сала тiзiлген. Бәрiнiң көздейтiнi — жақсылық, идеал, таза адамгершiлiк қасиеттер, достық, бiрлiк, махаббат сезiмдерi. Осының бәрi ақылға салынып, нақыл түрiнде ой түйiп айтылады". Тұрмағамбеттi бүкiл қазақ халықына, кеңестiк кеңiстiкке таныстырған да Тұрекеңнiң "Шаһнамасы" болды. Зерттеушi ғалым М.Байдiлдаев "Шаһнама" қазақ топырағында" атты мақаласында: "…Афоризмге толы Фирдауси тiлiн Тұрмағамбет қазақ ұғымына сәйкес өзiнше тоқып, өзiнше өрнек жасаған" десе атақты ғұлама, жазушы М.Әуезов "Рүстем-Дастан" кiтабының (1960 ж.) алғы сөзiнде: …Мынау еңбектi "…Фирдаусидың "Шаһнамасынан" тiкелей жасалған аударма демеймiз, Сол Фирдауси үлгiсiмен халық ақыны Тұрмағамбеттiң өлең етiп жазған Рүстем жөнiндегi дастанның қазақша варианты деймiз". Бұдан артық баға бола ма? Тұрмағамбет ақын шығармаларын жинауға ауыз әдебиетi мұраларын жинаушылар. Әбiлқас Наурызбаев, Тәңiрберген Әмiренов, Әлқуат Қайнарбаев, Үбiсұлтан Аяпов, әсiресе жұбайы Биға қарияның еңбегi ұшан-теңiз. Халық ақыны Мұзарап Жүсiпов, ғалымдар Әуелбек, Әлiбек Қоңыратбаевтар, Рахманқұл Бердiбаев, Мардан Байдiлдаев,Өтеген Күмiсбаев А.Брагин,Асқар Тоқмағамбетов, Әбдiкәрiм Оңалбаев, ғалым Әзиза Нұрмаханова, Темiрхан Тебегенов зерттеу мақалалар жазды. Ақынның "Назым" жинағына енбеген көптеген өлең-жырлары бар. Тұрмағамбеттiң Нұрғали (ұлытаулық) ақынмен айтысы, түрмедегi және боғауыз өлеңдерi, "Халқымның халi", "Х съезд", "Әдiлетсiз әкiм", "Бiлiмсiз бай", "Мен де кеңес ақыны", "Өлiктi тiрiлткен өнерлер", "Құтты болсын ұраның", "Желбуаз", "Мәгес молдаға","Аңдасам, әр жерiнiң қатесi бар","Сыналдым, сезiмiмнiң жоқтығынан","Сақтаған Есiмовке", "Шексiз, шетсiз кең әлем", "Көтерер он екi жыл пiл баласын", "Бау-бақшалы сайраның","Учитель Ыбырай төреге", "Торғайға", "Құрымбайға","Не артық", "Қайыпқа", "Қыл көпiр", "Иiсшiл адам","Тасқан жерде", "Бiр тайлақ беремiн деп", т.б. әртүрлi тақырыптарға жазған өлең-жырлары ел аузында. Әдебиет және өнер институты мен орталық ғылыми кiтапханасының сирек кездесетiн қолжазбалар қорында жүзге жуық өлең-жырлары сақталынған. Бұл күндерi Тұрмағамбет шығармалары жинақталып, кiтап болып шығып жатыр. 1980 жылы алғаш рет Т.Iзтiлеуовке арналып әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылып, ескерткiш қойылса, 1993 жылы туған ауылына Тұрекең есiмi берiлдi. Ақынның 90,100 жылдықтары аталып өттi. Осы жылы даңғайыр –шайыр Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың туғанына 125 жыл толуына арналған республикалық мерекелер басталып та кеттi. Тұрекеңе арнау жыр, мақалаларын арнамаған кiсiлер кемде-кем. Ақын Қуаныш Байғамбетов: "…Топ бастар Тұрмағамбет тұлпар едi, Самғаған самұрықтай сұңқар едi. Астасқан бүкiл шығыс тарихымен, Сөзiне сырын сезген iңкәр едi,– деп Шығыс сұңқары, ел тұлпарына теңеп, әдiл бағасын берген. Ақын Әбдiкәрiм Оңалбаев Халық ақындары Нартай, Мұзарап, Әлiмбай Әлиасқаров, Әлиакбар Жұматаев, Әдис Ахетұлы, тағы басқалар Тұрмағамбетке өз жырларын арнаған-ды. Көкiрегiнен өлең-жыр қаулап шыққан, кезiнде Шығыс жұлдызы атанған, төкпе-жырдың шеберi, халық ақыны, дiни ғұлама (дамолла) Тұрмағамбет Iзтiлеуовтың шығармалары алдағы уақыттарда кең көлемде зерделенiп, оқырмандардан әдiл бағасын алатын кез келдi. Тойдың бастамасы жақсы. Алда атқарылуы тиiс iстер саралануда. Бiз де сол игiлiктi iстердiң ойдағыдай орындалып, даңғайыр ақынның рухы биiктей түссiн демекпiз.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, ауыз әдебитi мұраларын зерттеушi