БЭК ЖАСАҚТАЛУҒА ТАЯУ

БЭК ЖАСАҚТАЛУҒА ТАЯУ

БЭК ЖАСАҚТАЛУҒА ТАЯУ
ашық дереккөзі

Кеңестер Одағы құлағаннан кейін, оның орнын басқан ТМД құрылымы жайында қазір әртүрлі әңгімелер бой көтеруде. Осының ең түйіндісіне назар аударсақ, ТМД "өлі құрылымға" айналды, енді одан үміт-қайыр жоққа саяды. Ал, Ресей посткеңестік мемлекеттердегі өз ықпалын сақтап қалудың жаңа жолдарын іздестіруі айқын. Соның бір көрінісі — ЕурАзЭҚ пен БЭК-тің ғұмырын ұзарту үшін жасалып жатқан қадамдар. ЕурАзЭҚ-қа қазірше алты мемлекет, БЭК-ке төрт мемлекет мүше.

Бірыңғай экономикалық кеңістікті (БЭК) жасақтау жөніндегі жоғары деңгейдегі топтардың кезекті 25-ші отырысы биылғы жылдың наурыз айында Мәскеуде өтпек. Осы басқосуда тараптар барлығы 38 құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр. Ресей Федерациясының Кәсіпорынэнерго министрі Виктор Христенконың мәлімдеуінше, Украина бұл 38 құжатқа қол қоюға ынталы емес көрінеді. Бірақ, Украина әзірге БЭК-тен үзілді-кесілді бас тарта қойған жоқ. Украина бұған дейін айтып келгеніндей, БЭК-тің еркін сауда зонасы болуына мүдделі. Өйткені, Украинада өндірілетін тауарлардың көбі Ресей, Қазақстан және Беларусь рыногында жоғары сұранысқа ие. Ал, бұл ел мүше болуға талаптанып отырған Еуропа одағы елдері үшін Украина тауарлары тым таңсық емес. Міне, Украина экономикалық жағынан Ресейге тәуелсіз әрі еркін болуды қалайды. Сөйтіп, НАТО мен Еуродаққа қол созуда.

Украина мен Ресей арасындағы "газ соғысы" бұл екі мемлекеттің саяси қарым-қатынасына әжептәуір сына қаққаны белгілі. Дәл осы кезде Ресей Федерациясының Кәсіпорынэнерго министрлігінің халықаралық қарым-қатынас департаментінің директоры Дмитрий Сухопаров: "Газ проблемасы да, Үкіметтің отставкаға кетуі де, Украинаның БЭК аясында жұмыс істеуіне кері әсер еткен жоқ. Украина бізбен жұмыс істейтін болады, бірақ дәл қандай құжаттарға қол қоятындығын шешкен жоқ" деген еді.

Украина президенті Виктор Ющенко БЭК-ті жасақтау үшін қажет болатын алғашқы 98 құжаттың барлығына қол қоюға бейілділік танытатындығын айтқан. Дегенмен, Украина бүгінде екі түрлі позиция ұстанып отыр. Оның бірі — бүгінгі билік тарапынан қолдау тауып отырған НАТО-ға ену саясаты болса, екіншісі — БЭК-тің құрамында қалу. Украиндық оппозиция билікті БЭК-тен іргесін аулақ салғаны үшін кінәлайды. БЭК-ке ену арқылы Украина ішкі рынокты реттеп, газ мәселесін дәл бүгінгідей ушықтырмас еді деп есептейді. Қазір ел ішінде "Бізге қайсысы тиімді — БЭК пе, НАТО ма?" деген сауалнама жүргізіліп жатыр. Алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, осы мақсатта жүргізілген сауалнамаға миллионнан астам тұрғын қатысқан екен. Оның 15%-і ғана НАТО-ға енуді қолдаса, 50%-дан астамы БЭК-ті тиімді санап отыр. Осы нәтиже әсер етті ме кім білсін, украиндық билік бұл тұрғыда референдум өткізу жайлы пікірлерге құлақ асқысы келмей отыр. Олар 2008 жылға дейін Еуроодаққа енетін жаңа бағдарлама жасамақ, ал 2011 жылы Еуроодаққа енуді басты мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, Украина биылғы жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына енуді де көздеген.

Ақпанның алғашқы күндерінде Қазақстанда өткен БЭК-ті жасақтау жөніндегі жоғары деңгейдегі топтардың кезекті отырысы тағы да алға қойған мақсаттың үдесінен шыққан жоқ. Украинаның Жоғары Радасы Украина, Белоруссия, Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасындағы "Бірыңғай экономикалық кеңістікті жасақтау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң аясындағы келісім шарттарға жеделдетіп қол қоюды қолдамайтындықтарын танытты. Бұл заң бойынша, 90 құжатқа қол қою қарастырылған. Бірақ соған қарамастан, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин "Украина бұл іске араласатын болады, араласып жатыр" деген мәлімдеме жасаған еді. Григорий Карасиннің пікірінше, Украинаның бұл құрылымға енуі оның болашағын ұзарта түсетін көрінеді. "Бірақ, әзірше, үш мемлекет — Ресей, Қазақстан, Белоруссия тиісті құжаттарға қол қойып, алға түсе беретін болады. Ал, Украина үшін есік ашық" дейді ол.

Жалпы, Украина бұл құрылымға үш түрлі негізгі мәселе бойынша қатысуға мүдделі. Олар — еркін сауда зонасын құру (бұған қажетті 29 келісім-шарттың 16-сына Украина қол қоюға дайын), жұмыс күшін, капитал мен қызмет көрсетуді және тауарларды алдмастыру мақсатында кедендік саясатты унификациялау және бірыңғай тарифті енгізу, соның ішінде энерготасымалдау мен көлік қатынасын бірыңғай тарифке көшіру. Негізі, БЭК-ті құрудағы басты мақсат — бірыңғай кедендік одақ құру болатын. Кедендік одақты құрудағы нормативтік-құқықтық база үшін дайындалған 15 келісімнің 6-ы әлі толықтыруды қажет етеді екен.

Ал, былтырғы тамызда Қазанда өткен БЭК саммитінде осы жылдың 1 желтоқсанына дейін еркін сауда зонасын құру мақсатында 29 келісім, ал биылғы наурыз айына дейін 15 құжаттық келісім дайын болуы қажет деп жоспарланған еді.

БЭК-ке енуге мүдделі келесі мемлекеттің бірі — Беларусь президентінің өзі БЭК-тің бүгінгі жұмысынан гөрі, ЕурАзЭҚ-тың қарқыны ерекше деген баға берді. "ТМД жыл өткен сайын президенттердің саяси клубына айналып барады. БЭК ойдағыдай болмай отыр" дейді ол. Егер, БЭК жасақтала қалса, ортақ экономикадан түсетін пайданың ең аз үлес салмағы — 10%-ы ғана Белоруссияға тиесілі көрінеді. Соған қарамастан Беларусь президенті бұл интеграция үшін жанын бермекші. Сондай-ақ, Беларусь Ресеймен одақтас республика құру арқылы, өз халқының тәуелсіздігін де бәске тікпек ниетте. Жақын күндерде Белоруссияда болатын сайлау Лукашенконың пайдасына шешілетін болса, Лукашенко Ресейдің қол астына кіретін болады.

Сондай-ақ, ортақ күлшеден Қазақстанға тиетіні — 20% ғана. Бірақ, Қазақстан БЭК-ті жасақтау үшін ерекше құлшыныс танытып жүрген мемлекет. Жіліктің майлы басы алдымен әрине, Ресейге (40%), содан кейін Украинаға (30%) бұйырмақ. Бұның өзі БЭК-тің тең дәрежедегі мемлекеттердің экономикалық одағы болмайтындығын танытса керек. Оның үстіне ортақ валютаның БЭК-тің басты мақсаттарының бірі болуының өзі күмән тудырады.

Есенгүл Кәпқызы