«Карикатуралар соғысы»: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

«Карикатуралар соғысы»: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

«Карикатуралар соғысы»: СЕБЕП ПЕН САЛДАР
ашық дереккөзі

Күллi әлемдi бiрнеше апта бойы дүрбелеңге салып, дүрлiктiрiп отырған «карикатуралар соғысының» салдарын мамандар «өркениеттер текетiресi» деп отыр. Өткен жылдың қыркүйегiнде даниялық «Jyllands Posten» газетiнде шыққан Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарды келемеждейтiн 12 карикатура барша мұсылман әлемiн дүр сiлкiндiрдi. Бұл аздай Еуропадағы сөз бостандығы мен журналистiк «ынтымақтастықты» желеу етiп, даниялық карикатураларды Франция, Германия, Италия, Болгария, Иордания, Испания, Швейцария, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша мен Украина газеттерi қайта басып шықты. Осылайша от үстiне май құйған елдердiң қитұрқы әрекеттерi Таяу Шығыс пен Азия, Африка мен Еуропа елдерiнде тұратын мұсылмандарды дүрлiктiрiп, наразылық акцияларына әкеп соқты. Бүгiн кiм-кiмдi де екi-ақ сауал мазалайды: «Карикатуралар соғысын» кiм ұйымдастырды және үшiншi дүниежүзiлiк соғыс бола ма?

Кiм кiнәлi? немесе дат газетiне «дат айтушылар» наразылығы

«Jyllands Posten» – дат тiлiнде 150 мың дана таралыммен шығатын басылым. Пайғамбар туралы карикатуралар жасау идеясы осы газеттiң мәдениет бөлiмiнiң редакторы Флемминг Роуздың ойына келiптi. Ресейдiң «Московский комсомолец» газетiне сұхбат берген даниялық редактор өз идеясын жүзеге асыру үшiн Карикатуристер одағына хат жолдап, онда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жайлы суреттер салу туралы өтiнiш бiлдiргенiн айтады. Бiрақ жергiлiктi мұсылмандардың наразылығынан қорыққан суретшiлердiң көбiсi бұл ұсынысты қабыл алмаған. «Бiз бұны iшкi цензура ретiнде қабылдадық. Бiрiншiден, исламистер қолынан қаза тапқан режиссер Тео Ван Гогтың өлiмi карикатуристердiң есiнен әлi де кете қойған жоқ едi. Екiншiден, аталған фильм бойынша кiтап жазған әйел саясаткер Аян Хирши Алидiң екi жыл бойы жасырын өмiр сүрiп жатқаны ел есiнде… Бiз мұны даниялық БАҚ-тарға деген цензура деп қабылдадық және бұған бұдан былай шыдай алмадық», – дейдi Роуз. Айтқанынан қайтпаған редактор ары iзденiп, берi iзденiп, ақыр аяғында Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жайлы карикатуралар шығаруға дәтi барған суретшiлердi тауып, олардың 12 карикатурасын газетке берген. Оның iшiнде жергiлiктi мұсылмандардың наразылығын бiрнеше сурет туғызған. Оның бiрiнде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар «жарылғыш затпен» сомдалған. Бiрақ Роуз: «Бұл Мұхаммед немесе барша мұсылмандар – террорист деген сөз емес», – дейдi. Дат редакторы үшiн суреттiң мағынасы мынандай: әлемдегi бейбiт дiн – исламды «тұтқынға» алып, оны терактiлер жасау үшiн пайдалануға болмайды. Бұл орайда Роуз 12 карикатураның iшiнде өзiнiң жеке басын келемеждейтiн сурет барын да алға тартып отыр. (Адамзаттың ақырғы пайғамбарын келемеждеп жатқанда, қайдағы бiр Роуздың келеке суретi кiмге керек дерсiз?!)

Ең сорақысы, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде тұратын мұсылмандардың наразылық акцияларына қарамастан, Швеция мен Францияның екi бiрдей басылымы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар туралы жаңа карикатуралардың байқауын жариялап, жағдайды ушықтыра түстi. Бұған қарсылық ретiнде мұсылман басылымдары еврейлердiң Холокоста оқиғасы жайлы карикатуралар байқауын жариялады. Әлемдiк БАҚ-тардың хабарлауынша, «карикатуралар соғысы» салдарынан оннан аса адам қаза тапқан. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде орналасқан мұсылман елдерi Дания тауарларына бойкот жариялап, екiжақты келiсiмшарттарды бұза бастаған. Иран үкiметi карикатураларды басып шыққан елдермен (Дания, Норвегия, Швеция, т.б.) арадағы сауда келiсiмшарттарын қайта қарау жөнiндегi арнайы комиссия құрса, Таяу Шығыс пен Солтүстiк Африканың 14 елi «Arla Foods» атты швед және дат компаниясы өндiретiн өнiмдердi қабылдамай тастаған. Нигерия автокөлiк шығаратын даниялық фирмамен арадағы келiсiмшартты бұзған. Осылайша даниялық фирма 23 миллион евро пайдадан қағылыпты. Тегеран мен Дамаскiде орналасқан шетелдiк елшiлiктер өртелдi. «Карикатуралар соғысы» Интернеттен де көрiнiс тапты. Мұсылман хакерлерi батыстың 2500-ге жуық интернет сайттарын бұзып, айтарлықтай зиян тигiзген. Тiптi, Ресей құрамындағы мұсылман елдерi де экономикалық бойкотқа бiрауыздан қосылып отыр. Мәселен, Татарстанның 50-ден аса сауда дүкендерiн қарамағында ұстайтын «Эдельвейс» компаниясы даниялық тауарларды сатудан бас тартқан. Осылайша қарапайым мұсылмандар өз наразылықтарын бiлдiрiп, Алланың ақырғы елшiсi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға, Қасиеттi Құранға тiл тигiзуге жол бермейтiндерiн көрсетуде.

Карикатуралар соғысында кiм ұпай жинады?

Тек мұсылмандардың емес, күллi әлемнiң мазасын алып, «өркениеттер текетiресiне» әкеп соққан карикатураларды даниялық баспасөздiң абайсызда жасаған тiрлiгi деп қарауға болмайды. Бұл – әлемдiк ақпараттық кеңiстiкте ислам дiнiне қарсы жасалып жатқан агрессияның тағы бiр соққысы. Бұл – Ислам мен Шығыс ұстанымдарына қарсы Батыстың реакциясы. Әлем бiртiндеп мұсылманданып келедi: шетелдiк мамандар осылай жалғаса берсе, Еуропаның қақ ортасында бiрнеше «ислам халифаттары орнайды» деп дабыл қағуда. Исламның күллi әлемге таралуынан шошынған мұсылмандыққа қарсылас өркениеттер мен «мәдениеттер» түрлi қитұрқы әрекеттерге барып, дiндi қаралап жатыр. Мұсылмандардың жанына батқан 11 қыркүйектен кейiнгi АҚШ-тың Ауғанстан мен Иракты бомбылауы, тiптi 11 қыркүйектiң өзiнiң әдейi ұйымдастырылуы, Гуантанамо түрмесiнде тұтқындардың жәбiрленуi, исламға «терроризм» жаласының жабылып келуi аз едi, ендi олар мұсылмандар үшiн аса қасиеттi де қадiрлi тұлға Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды келемеждейтiн карикатураларды салып, күллi әлемге таратты. Неге бұл карикатуралар дәл қазiр ұйымдастырылды? Бұған не себеп? Қазiр халықаралық саяси жағдайға қарасақ, мұсылмандар бiртiндеп өз дегенiне жетiп жатыр. Батыстың «айттым, болдысына» көнер түрi жоқ. Палестина 65 жыл бойы еврейлердiң қарамағында болған территорияларымен қайта қауышты. Мұның артынша Америка мен Батыс елдерiнiң бастауымен террористiк ұйым деп танылған «Хамас» партиясы Палестинада жеңiске жеттi. Иран АҚШ-тың қас қабағына қарамай, атом бомбасымен қаруланатын сияқты. Еуропа елдерiнде мұсылман мигранттары көбейiп, Батыс демократиясына сай өз құқықтарының сақталуын талап етуде. Бiр қызығы, ылғи «өркениеттер текетiресiнiң» басы-қасында жүретiн АҚШ бұл дауда тек бақылаушы кейпiнде көрiндi. Сонда бұл дауда кiмдер ұпай жинады?

Бiрiншiден, консерватизмге бой ұрған, АҚШ-қа қарағанда, ұстамды да салмақты Еуропалық Одақ елдерi «карикатуралық соғыстың» бел ортасында қалды. Иран мәселесiнде АҚШ-пен келiспейтiн еуропалықтардың пiкiрi бұл даудан кейiн түбiрiмен өзгеруi мүмкiн. Тегеранда бiрнеше шетелдiк елшiлiктi өртеп, Холокоста тақырыбына байқау жариялау арқылы ирандықтар Еуропа елдерi алдындағы ұпайын жоғалтты. Ендi Еуропалық елдер Дональд Рамсфельдтiң немесе Джордж Буштың «Иран қаруына» байланысты ойларына қосылуы әбден мүмкiн. Яғни, бұл дауда АҚШ үлкен жетiстiкке жеттi.

Екiншiден, күнi бүгiнге дейiн Таяу Шығыста жапа шегушi палестиндiктер мен Ресейде тәуелсiздiк үшiн күресiп жатқан чешен халқын жақтап, материалдар жазып келген Еуропаның солшыл, либералды баспасөзi бұл көзқарастарынан айығуы мүмкiн. Бұрын кейбiр батыс басылымдарының чешен қолбасшысы Шамиль Басаевты «террорист» деп атауға аузы бармайтын. Бiрақ пайғамбарды келемеждеген карикатуралардан соң Шамиль Басаев, тiптi, француздың «Монд» басылымының журналистерiне де зiлдi үн қатты. Естерiңiзге салсақ, бұл басылым Басаевты – чешеннiң ұлт-азаттық күрескерi деп атаушы едi. Ендi Еуропалық баспасөз алдында «империялық» Ресейдiң де ұпайы бүтiн болмақ.

Үшiншiден, мұсылмандардың бұрқ етiп шыққан ашу-ызасының салдары қисапсыз: өртенген елшiлiктер, Холокоста жайлы байқаудың жариялануы, Пайғамбардың суретiн салған карикатуристердiң басы үшiн қомақты сыйақының тағайындалуы – мұсылмандар қауымын «ашушаң, радикалды, реакцияшыл топ» ретiнде көрсеттi. Әлбетте, мұсылмандардың ашуланып, наразылық акцияларын ұйымдастыратындай ретi бар. Қазiр батыс, орыс басылымдары: «Мұсылмандар қалжыңды түсiнбептi» деген сыңайда ақпарат таратуда. Егерде орыстың православиедегi Қасиеттi әкейлерiн, еуропалықтардың Рим Папасын келемеждеп сурет шығарғанда, бiз олардың бұл қалжыңды қалай түсiнерiн көрер едiк?! Бiрақ, өкiнiшке қарай, Исламнан өзге өркениеттер алдында мұсылмандардың кейпi тағы бiр рет соққы алды. Десек те, мұсылмандарға Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар бейнесiнiң бұдан-бұлай ешқашан да келемежденбеуi маңыздырақ.

«Карикатуралар соғысы» ислам әлемiнiң бiртұтастығын көрсеттi

Ресейдiң басылымдары аса алаңдаулы. «Коммерсантъ» газетiнiң мәлiметiнше, «карикатуралар соғысы» ислам әлемiнiң бiртұтастығын көрсетумен қатар, басына күн туса дүниежүзiнiң түкпiр-түкпiрiнде тұратын мұсылмандардың бiр ту астына бiрiгiп, қарсылас лагерьмен шайқасуға дайын екендiгiн аңғартыпты. Бұл орайда басылым әлемде өздерiн «мұсылман» деп санайтындардың саны артып бара жатқанын жеткiзедi. Деректерге сенсек, Пәкiстан халқының 79%-ы өздерiн мұсылман санаса, не бары 7% адам ғана өздерiн пәкiстандықтармыз деп санайды екен. Иорданияда өздерiн, ең алдымен, мұсылманмын деп атап жүргендердiң саны – 63% (өздерiн иордандықтар деп санайтындар – 23%), Мароккода – 70% (мароккалықтармыз дейтiндер 7%), Ливанда – 30% (ливандықтармыз дейтiндер 30%), Индонезияда – 39% халық өзiн мұсылманбыз деп атайды екен. Өткен жылдың мамыр айында мұсылман әлемiнде жасалған санақ бойынша, «исламға үлкен қауiп төнiп тұр» деген пiкiрге қосылатындардың саны да артыпты. Бұл пiкiрге Пәкiстанда мұсылмандардың 52%-ы, Түркияда – 58%, Ливанда – 65%, Иорданияда – 82%, Мароккода – 72%, Индонезияда – 46% мұсылман қосылады екен. Себепсiз салдар болмайды. Егерде мұсылмандар дiнiмiзге қауiп туды деп ойласа, бұл негiзсiз емес. Соңғы он шақты жыл iшiнде мұсылман әлемiне қарсы жасалып жатқан қитұрқы әрекеттер бұдан жапа шегiп отырған халықтарды сақтық шараларына көшуге итермелеп жатыр. Өзге өркениетке қарсы агрессия қарсылық туғызбай қоймайды. Көптеген лаңкес ұйымдар – батыстың сойқан саясатының «өнiмi». Исламда Iнжiлдегiдей: «Бiр бетiңе шапалақпен ұрса, екiншi бетiңдi ұсын» – деген ұстаным жоқ. Онсыз да мұсылмандар сабырлық пен тыныштықты бетке ұстап, Батыс пен Америка тарапынан жасалып жатқан соққыларға шыдап келедi. Бiрақ шыдамның да шегi бар. Мұсылмандардың «карикатуралар соғысында» жасаған қарсылық акциялары – батыстың зымиян әрекеттерiне қарсы реакция.

Мұсылман мұсылманды бауыр санайды. Бұған кейбiр еуропалықтар алаңдаулы да шығар. Рас, «карикатуралар соғысы» мұсылман халықтарының ауызбiршiлiгi мен бiрлiгi жарасқан бiртұтас қауымдастық ретiнде көрсеттi. Бұл – Исламның жеңiсi. Өзгелер осыдан қорқады.

Қазақстанның билiгi үнсiздiк танытты

Кеңес Одағында жүргiзiлген дiнсiз идеологияның салдары ма, әлде Қазақстанда әлi де дiни патриотизм қалыптасып бiтпеген бе, әйтеуiр әлемдi дүрлiктiрген келеке суреттерге байланысты Парламент қабырғасында бiрде-бiр депутаттық сауал көтерiлмедi, билiк тұтқасын ұстаған азаматтар тарапынан бiрде-бiр пiкiр айтылмады. Жоғары жақ «көп дiндiлiктi» ескерiп, үнсiз қалса да, кейбiр ұлттық қозғалыстар мен қазақ жастары өздерiнiң наразылығын бiлдiрмей қоймады. 9 ақпан күнi Амантай қажы бастаған «Аттан» қозғалысы, «Азат» және «Жер-Ана» қоғамдық бiрлестiктерi келеке карикатураларға байланысты қарсылық акциясын өткiздi. Ал, «Болашақ» жастар қозғалысы еуропалық ұйымдардың бiрiне Ашық хат жолдап, өздерiнiң наразы үнiн жеткiздi. Кеңестiк мiнез-құлыққа былғанбаған жастардың жүрегi ұлттық-дiни патриотизм мен қайсарлыққа толы. Бұл орайда Жириновскийдiң қазаққа қарсы көпжылдық сандырағына не бары бiр жыл бұрын СIМ-нiң қарсылық нотасын жiбергенiн ескерсек, әлемдi дүрлiктiрген дiни мәселеде де билiктiң соңғылардың бiрi болып үн қатар түрi бар.

Билiк үндемесе де, отандық орыстiлдi БАҚ-тар үнсiз қала алмады. Қазақ тiлi десе де, аузынан жақсы сөз шықпайтын «Точки над I» сияқты хабарлар ислам десе де жақсы сөйлемейтiн болған ба? Бағдарлама жүргiзушiсi Евгений Грюнберг өз хабарына мәдениеттанушы Валерия Ибраеваны шақырып, келеке карикатураларға байланысты ойын көрерменге жеткiзуге тырысады. Дiннен бейхабар, сондықтан да ислам заңдылықтарын бiлмейтiн (хабарда мұны ол жоққа шығармайды) мәдениеттанушы: «Католик шiркеуi өзгерiп тұрады. Неге? Өйткенi екi позиция бар: патша және сайқымазақ. Патша – ол дiн болса, сайқымазақ – катикатурист суретшi. Исламның сайқымазағы жоқ. Сондықтан ислам осы бағытта да реформалануы керек» – деп, бұрқ еттi. Яғни, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жайлы карикатуралардан кейiнгi шу мұсылмандардың қалжыңды түсiнбей, дал болғандығының белгiсi ме?! Шариғат бойынша, пайғамбардың (с.ғ.с.) суретiн салуға болмайды. Ал, алматылық мәдениеттанушы исламға сайқымазақ керек дейдi. Хабардан түйген ойымыз, католик дiнi де кезiнде демократияның шекпенiне сай реформаланған, сол сияқты исламға да заман талабына сай реформа керектi-мiс. Халқының 70 пайызы мұсылман болып табылатын елде дәл осындай ойдың айтылуы қаншалықты орынды?! Исламның сыншылары онсыз да көп-ақ. Ендi дiнге тұрақты сайқымазақ қосылса, мұның арты не болмақ?! «Карикатуралар соғысы» басталғаннан берi ислам мен мұсылмандарды сынаған еуропалық лауазымды тұлғалар мен журналистер аз болмады. Бұл аздай Қазақстанда отырып, «қалжыңды түсiну керек қой» деген сыңайда ой айту ел мұсылмандарының көңiлiне тимей қоймайды. Орыстiлдi БАҚ-тардың өкiлдерi Қазақстанда өздерiнен басқа мұсылман халықтары тұратынын да ескеруi керек. Түптiң түбiнде, мұндай ойлар «көпдiндi, көпұлтты қазақстандық қоғам» үшiн аса қауiптi. Қолдан көпдiндi ел жасадық па, ендi түрлi дiндер өкiлдерiнiң бiр-бiрiне тiл тигiзбей, бейбiт өмiр сүруiн қамтамасыз ету керек. «Карикатуралар соғысынан» Қазақстан да сабақ алды: көпдiндi қоғам – әлемдiк өркениеттер дүрдараздығында бөлiнiп, жарылудың басты себебi болуы ықтимал…

Дiни сықақты қалай түсiну керек?

«Әзiлiң жарасса, атаңмен ойна» – дейдi қазақ. «Қалжыңды қалай түсiнбейсiңдер?» – деп, «аңтарылып» отырған еуропалық, американдық және орыс баспасөзi әзiлдiң де өз орны барын бiлмейдi ғой, сiрә?! Тiптi, кейбiр отандық мәдениеттанушылар «ханға сыншы қалай керек болса, дiнге карикатурист соншалықты қажет» деген батыстық ойға қосылып отыр. Түпкi ой дiнге реформа керек дегенге саяды. Ал, дiни қағидалар не дейдi? Отандық сықақшылар дiни карикатураларға қалай қарайды? Бұл – төмендегi әңгiменiң арқауы.

Көпен ӘМIР-БЕК, сатирик,

ҚР-сы Президентi грантының иегерi<br>– Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың суретi ешбiр энциклопедияда, шежiреде не тiлнамада жоқ. Хазiретi пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуы бойынша, оның суретi ешбiр тастың бетiнде не бедерде салынбаған. Пайғамбардың қасиетi – оның бейнесi жоқ. Сондықтан оны суретке салып, келемеждеу экстремистiк тұрғыда дiнаралық қақтығыстарға әкеле жатқан арандатушылық әрекет деп бiлем. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар – Алланың елшiсi, Құдайдың құлы ғой. Сондықтан оны мазақ ету Исламды келеке етумен бiрдей. Бұл тұрғыдан алсақ та, бұл құйтырқы, зымиян әрекет.

– Кейбiр отандық мәдениеттанушылар кезiнде батыс шiркеулерiнiң сын арқылы реформаланғанын алға тартып отыр. Олардың ойы – исламға да сықақшы керектi-мiс. Сiздiң ойыңызша, Исламға осындай реформа керек пе?

– Қандай реформа?! Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзi адамзат тарихында үлкен реформа жасап кеткен жоқ па? Ғасырлар мен ғасырлар тоғысып, қаншама ұрпақтар ауысып жатса да, бiздiң пайғамбарымыз адамзат тарихындағы ең ұлы адам болып қала бередi. Америкада «XX ғасырдағы 100 данышпан» атты кiтап шығыпты. Сонда компьютерге: «Дүниежүзiндегi ең ұлы данышпан кiм?» – деп, қайта-қайта сұрау салғанда: «Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар» – деген жауап берiлген. Бұл кiтапты ұйымдастырған мұсылман насихатшылары емес. Американдық мамандар ислам, христиан не будда дiнiнiң данышпанын емес, жалпы адамзат болғалы бергi 20 ғасыр бойы адамзат дамуына тигiзген ықпалы мен қоғамдық орны бойынша ең бiрiншi адамды анықтауға тырысқан. Сонда адамзат тарихындағы ең ғұлама адам болып Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар тұр! Бұл жалпы адамзаттың ойы ғой.

Ислам дiнiн дүниежүзiнiң талай данышпандары қабылдаған, қабылдап та жатыр. Мысалы Гете: «Адамзат жаратылысының биiк шыңы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар» – деп, оның ұлылығын мойындаған. Бернард Шоу: «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды адамзатты сақтап қалушы деп есептеуге болады. Егер сол секiлдi адам қазiргi заманды басқаруды өз қолына алса, әлемге бақыт әкелетiн жолды сөзсiз табатынына мен сенiмдiмiн» – деген. Гете тағы бiр сөзiнде: «Құранда үйреткен ережелерде ешбiр кемшiлiк жоқ. Адамгершiлiктiң бүкiл қағидаларын Құраннан ары дамытуға, өзгертуге болмайды» – дейдi. Абай да: «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» – деп айтқан жоқ па?! Сол сияқты Ирвинт деген мұсылман емес данышпан ислам дiнiн қабылдап: «Құран ең жоғарғы, ең пайдалы, ең шынайы пiкiрлердi қамтиды» – деп жазған. Ламартин деген ағылшын: «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе, сонымен өлшенсiн, бiрақ Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан ұлы пенде жоқ» – дейдi. Осындай пiкiрлердi тек қана мұсылмандар емес, басқа дiн өкiлдерi де айтып отыр ғой.

– Яғни, дiнге сын айтушы сықақшы не карикатурист керек деген ойға қосылмайсыз ғой…

– Ешқашанда қосылмаймын. Бұлай ойлаудың өзi күнә. Адамның өзi отырған бұтаны арамен кескенмен бiрдей деп есептеймiн. Бұл өзi су iшкен құдығына түкiргенмен пара-пар. Бәрi өз жөнiмен, өз орнымен болуы керек қой. Күллi адамзат бiледi, данышпандар да мойындайды: Әлемдегi ең ұлы адам – Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дiнтанушы

– Келеке карикатуралар, бiрiншiден, 2 миллиард мұсылман үмметiнiң пайғамбары Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға тiл тигiзу. Мұсылман болсын, болмасын, бiрақ күллi адамзат тарихындағы ең ұлы тұлға – бiздiң пайғамбарымыз. Бұны баспасөз еркiндiгi немесе сөз бостандығына жабуға бола ма? Бiр христиан елiнiң газетi тұрып, күллi мұсылмандардың пайғамбарын келемеждеп, қорлап, оны терроршы етiп суреттеген карикатураларды не үшiн жариялады? Бұған қандай қажеттiлiк бар? Бiздiң пайғамбарымыздың террорға қандай қатысы бар? Неге Будданың немесе христиандықтың негiзiн қалаушысы – әулие Павелдiң карикатурасы жасалмайды? Неге Далай Ламаның, не еврейлердiң тарихындағы ұлы тұлғалар жөнiнде карикатуралар шықпайды? Сол сияқты неге Рим Папасының террорист кейпiндегi карикатурасы жасалмайды? Ешбiр дiннiң рухани тұлғалаларының карикатурасы жасалмағанда, мұсылмандардың пайғамбарын кемсiтетiн, қорлайтын, ар-намысына тиетiн карикатураның шығуын баспасөз еркiндiгi, яки сөз бостандығымен ұштастыруға болмайды. Бұл кез келген адамға түсiнiктi нәрсе деп ойлаймын. Яғни, мен мұсылман ретiнде басқа дiннiң рухани құндылықтарына тiл тигiзе алмайтын болсам, басқа дiн өкiлдерi де менiң пайғамбарыма, кiтабыма, Алла Тағалама тiл тигiзе алмайды. Бұл әлiпбидiң бiрiншi әрiпiндей анық нәрсе. Сондықтан мұнда анық арандатушылық пиғыл тұрғаны көрiнiп тұр. Бiз, мұсылмандар бұған үйренген сияқтымыз. Батыстың оқтын-оқтын, дүркiн-дүркiн мұсылмандарды келемеждеуi, тiл тигiзуi жалғасып келедi. Жуырда ғана шетелдiң телеарналарында Ирактағы жас мұсылман балаларын Британия әскерлерiнiң қалай сабап жатқаны көрсетiлдi. Бiр Британия офицерi мұны өзiнiң видеокамерасымен түсiрген. Басра қаласында жас балалар көшеге шығып, ағылшындарға қарсы ереуiл жасап жатқанда, олардың үш-төртеуiн оншақты әскери ұстап алып, ұрып соғады. Қолдарындағы таяқтарымен, қаруларымен қатты сабайды. Мұның бәрiн жазып отырған ағылшын офицерi мәз болып: «Өлтiрiңдер, ұрыңдар, сабаңдар, шайтандарды» – деп күлiп отыр. Даусы қандай жиiркенiштi?! Сол видеоны түсiрген қарапайым офицер және оның алдында өзге де әскерилердiң балиғатқа жетпеген үш-төрт баланы сабаған реакциясы мен Даниядағы карикатураны жасаған адамдардың психологиясы бiрдей. Бұлардың iшiнде толған өшпендiлiк, исламға қарсы төзiмсiздiк көрiнедi. Қолынан келсе исламды жер бетiнен бүгiн-ақ жойғысы келедi. Мұсылмандарды дүр сiлкiндiретiн, оларды көшеге шығаратын және өрескел әрекетке жасауға итеретiн – осындай арандатушылық әрекеттер. Бiз, мұсылмандар бұған алданбауымыз керек. Бiздiң реакциямыз таза эмоцияға негiзделген реакция емес, логикаға негiзделген рационалды және мығым реакция болуы керек.

– Қазiр әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде тұратын мұсылмандар карикатураларға байланысты өз наразылықтарын жеткiзiп жатыр. Ресейдiң қол астында отырған татарлар да өз наразылықтарын бiлдiрдi. Ал, Қазақстанда Пайғамбарды келемеждеген карикатураларға қатысты үн шықпады. Бұл дiни патриотизмнiң кемшiн екендiгiн аңғарта ма?

– Қазақ халқы – ежелден мұсылман халқы. Қазақстан – мұсылман өркениетiнiң дамыған жерi, үлкен мұсылман тұлғаларының, ғалымдарының шыққан жерi. Бiз – 2 миллиардтық ислам үмметiнiң бiр бөлiгiмiз, мүшесiмiз. Сондықтан ислам әлемiн алаңдатқан мәселелер бiздi де алаңдатуы керек. Ислам әлемiндегi проблемалар – ол бiздiң де проблемаларымыз. Өйткенi бiздiң проблемаларымыз басқа мұсылмандардың да проблемасы.

Бiз ислам әлемiнiң белсендi өкiлi ретiнде мұсылман әлемiнде туып жатқан проблемалардан хабардар болуымыз керек. Қазақстанда карикатура мәселесiне байланысты мұсылмандардың даусы қатты естiлдi деп айта алмаймын. Әрине, халықтың жүрегiнде наразылық болып жатқандары бар, бiрақ ұйымдасқан түрде жиналыс жасағандар болған жоқ. Әсiресе телеарналарда бұл мәселе қарапайым ағымдағы мәселе ретiнде айтылды. Мәселен, «Наурызбанк» мәселесi немесе Байқоңыр мәселесi жөнiнде үлкен дабыл көтерген депутаттарымыз, лауазымды тұлғаларымыз пайғамбарымызға тiл тигiзiлген кезде үндемей қалды. Сонда пайғамбарымыздың абыройы «Наурызбанктiң» немесе «Байқоңырдың» абыройынан төмен болғаны ма?

Алла Тағала Құранда: «Ей, Мұхаммед! Сенi бүкiл әлемдерге тек рақмет етiп жiбердiк!» – дейдi. Оның аузынан жаман сөз шықпаған. Адамзатты тек қана iзгiлiкке, бейбiтшiлiк пен адамгершiлiкке, адалдық пен бауырмашылдыққа шақырған. Пайғамбарымызды терроршыл етiп көрсету – бұл дүниежүзiндегi ең үлкен қылмыс деп санаймын. Ал, ондай қылмысқа жүрегiнде иманы бар, пайғамбарымызға иманы бар мұсылмандар қарап отыра алмаймыз. Сондықтан бұл – ұлтаралық, халықаралық мәселе. Батыс әлемiнiң исламға келгендегi сыңаржақ, субъективтi ұстанымының тағы бiр дәлелi. Бiр жағынан, мұсылман жастарын сабап жатса, екiншi жағынан, пайғамбарымызды қорлап отыр. Бұл аздай Гуантанамо түрмесiнде мұсылман тұтқындарын 3,5 жыл бойы тас бұғауда ұстап келедi. Не сотқа берген жоқ, не аты-жөнiнiң тiзiмiн жариялаған жоқ. Бағдадтағы Әбу-Грейб түрмесiнде мұсылмандарды тыр жалаңаш шешiндiрiп, ұрып-соғып, қорлық көрсеткендер, Құранды аяқасты таптап, дiнге тiл тигiзгендер – қарапайым адамдар емес, Америка мен Британияның ресми офицерлерi. Әскери дайындықтан өткен. Қай елге не үшiн барғандарын бiлетiн адамдар. Америкада көшеде жүрген қарапайым тұрғындар емес. Сондықтан мұның бәрiне кездейсоқтық деп қарауға болмайды. Мақсат – ислам әлемiн арандату, мұсылмандарды көшеге шығару, мұсылман еместердiң мүлiктерiне шабуыл жасауға қасақана айдап салу үшiн жасалған нәрселер. Тағы да айтарым, бәрiн сабырлықпен жасау керек. Бiрақ үнсiз қалуға болмайды. Үнсiз қалу одан да жаман. Бiз үнiмiздi шығаруымыз керек. Олардың қазған орына бiз құламауыз керек. Олар қазған орларына өздерi құлауы керек.

Пiкiр жинаған Кәмшат ТАСБОЛАТОВА