АЖАЛ «АРЫСТАННАН» КЕЛДI БІРАҚ БҰЛ СҰМДЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КІМ?

АЖАЛ «АРЫСТАННАН» КЕЛДI БІРАҚ БҰЛ СҰМДЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КІМ?

АЖАЛ «АРЫСТАННАН» КЕЛДI БІРАҚ БҰЛ СҰМДЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КІМ?
ашық дереккөзі

Алтынбек Сәрсенбайұлы денесінің қара жердің қойнына тапсырылғанына бір жеті болып қалды. Арыстай азаматтың қаза болуына орай баспасөз бетінен көңіл айтудың өзі қалам ұстаушыларға оңайға түспеді.

«Мезгілсіз қайтыс болды» дейтіндей, аурудан көз жұмған емес. «Қапы кетті-ау» дейтіндей, майданда қаза тапқан емес. Шын мәнінде, Сәрсенбайұлының қазасы – қоғамдық жараның бетін ашқан өлім болды. Себебі, мұның жәй өлім емес, қасақана жасалған қанкөй қылмыс екендігі әу баста анық еді.

Iле-шала баспасөз мәслихатын өткізген оппозиция өкілдері бұл өлімге «таза саяси тапсырыс» деп баға берді. Базбір саясаткерлер «тапсырыс берушінің» кім екендігін білетіндігіне ашықтан-ашық меңзеп те қойды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанында болған Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің өлімі қоғамды үлкен дағдаруға түсірді. Бұл қылмыстың тезірек ашылуына шын мәнінде биліктің өзі мүдделі болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда, биліктің басы мәңгі дауға қалды дей беріңіз.

Билік түрлі айыптаулардың алдын алу үшін АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының бір қызметкерін арнайы шақырту жіберіп, алдыртып отыр. Әзірге оның аты-жөні, қызметі, жасы т.б. туралы мәліметтер жарияланған жоқ, бірақ тергеу-тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін шетелдік маман баспасөз мәслихатын өткізіп, жан-жақты мағлұмат беретін шығар деген ойдамыз.

Iшкі істер органдары осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. IIМ Бауыржан Мұхамеджанов осы аптада аталмыш қылмысқа орай анықталған кейбір мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, 11 ақпан күні кешкі сағат тоғыздарда қылмыскерлердің Сәрсенбайұлы отырған көлікті тоқтатып, тапсырыс бойынша басқа көлікке отырғызып, алып кеткені белгілі болып отыр. Бұл «жұмыс үшін» орындаушыларға 25 мың АҚШ доллары төлеуге уәде берілген көрінеді.

Қазіргі таңда осы іске байланысты ұсталған ұйымдастырушы мен бес орындаушының үстінен тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың аты-жөнін ішкі істер қызметкерлері құпия ұстап отыр. Әзірге бес адамның ҰҚК «Арыстан» қызметінің әскери қызметкерлері екені ғана мәлім.

Осы жерде заңды сұрақ туады: бұл «ұйымдастырушы» Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берушінің өзі ме, әлде оның өзі әлдекімнің нұсқауымен жұмыс істеп отырған «орындаушы» ғана ма?

Қылмысты ашу жұмыстарына Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері де тартылған көрінеді. Осы мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, Б.Байбосын мен В.Журавлевке тиесілі ұялы телефондармен әлдекімдердің сөйлескені белгілі болған. ҰҚК бұл адамдардың аты-жөнін анықтап үлгерген екен.

Қолда бар аз мәліметке қарағанда, құқық қорғау органдары әуелі өз ішінде тазарту жұмыстарын жүргізуі керек. «Арыстанның» қолға түскен бес адамына қоса тағы біраз погонды қылмыскерлер қолға түсуі мүмкін. Белгілі саясаткерді өлтіруге тапсырыс беру ісіне қатысы бар деген адамдардың саны бес-алтаудан көбірек деп топшылау жасауға негіз бар.

Бұл оқиғаны «қоғамдық жарылыс» деу артық айтқандық болар. Бірақ қылмыстың ашылуы ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып немесе оның нәтижесі күдік келтірерліктей болған жағдайда, «жарылыс» болуы әбден мүмкін.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі – саяси қылмыс екендігіне дау жоқ. Тергеу-тексеру жұмыстары аяқталмай тұрып, бұлай деуіміздің себебі бар – қазіргі күні қалыптасқан қоғамдық пікір осыған саяды.

… Саяси қылмыстардың түп-төркіні әдетте толық ашылмай жатады. Бұған айқын мысал ретінде АҚШ президенті Джон Кеннедидің өлімін айтуға болар. Бұл тапсырысты өлім туралы қаншама мақала жазылып, қаншама деректі және көркем фильм түсірілді, бірақ шынайы қылмыскерлердің есімдері сол күйі ашылған жоқ…

Бет қатталып жатқанда:

Кеше ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаев пен оның екі орынбасарының өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазғандары белгілі болды. Президент Дүтбаевтың өтінішін қабыл алып, қызметінен босатты. Нартай Дүтбаев төрт жарым жыл атқарған қызметтен кетісіне «қарамағымдағы кейбір қызметкерлердің қылмыстық іс-әрекетіне тосқауыл бола алмағандығымды өзіме айып санаймын» деп түсініктеме берген.

ҰҚК төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып бұрынғы бірінші орынбасар Владимир Божко тағайындалды.

Гүлбиғаш Омарова