ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДIҢ ТҮГЕЛ ҰСТАЛАТЫНДЫҒЫНА УӘДЕ БЕРДI

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДIҢ ТҮГЕЛ ҰСТАЛАТЫНДЫҒЫНА УӘДЕ БЕРДI

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДIҢ ТҮГЕЛ ҰСТАЛАТЫНДЫҒЫНА УӘДЕ БЕРДI
ашық дереккөзі

Алтынбек Сәрсенбайұлының, оның оққағары Б.Байбосын мен жүргізушісі В.Журавлевтің өлімі туралы суық хабар естілгенде, Елбасы қысқа мерзімді демалыста болатын. Президент қаза тапқан азаматтардың отбасы, туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 21 ақпан күні демалыстан оралған сәтте Нұрсұлтан Назарбаев ең әуелі «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының тілшілеріне сұхбат беріп, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін тергеу-тексеру жұмыстарына байланысты түсініктеме берді.

Елбасы үш азаматтың қазасын «қатыгездікпен жасалған кісі өлімі» деп атады.

– Мұның артында тұтас қоғамға және билікке тас лақтыру бар деп білемін. Мұның астарында еліміздің имиджіне жасалған қастандық жатыр. Қылмыскерлер адамдардың арасына қорқыныш пен сенімсіздік ұрығын себуді көздеген. Әлдебіреулерге біздің елде бейбітшілік, тәртіп пен тұрақтылықтың орнағаны ұнамайтын болуы керек, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына бұл қылмысты тез ашуды қатаң тапсырды. «Қылмысты ашу мақсатында басқа елдермен әріптестік жасауға да әзірміз» деді ол. Сондай-ақ Президент осы қылмысты ұйымдастырған, тапсырыс берген, орындаған адамдар кім болса да түгел жауапқа тартылып, соттың алдында жауап береді және қатаң жазаланады деп уәде берді.