НОҒАЙ, ҚАЗАҚ БIР ТУҒАН

НОҒАЙ, ҚАЗАҚ БIР ТУҒАН

НОҒАЙ, ҚАЗАҚ БIР ТУҒАН
ашық дереккөзі

Өткен аптада Ресейдегi Ставрополь өлкесiнiң Тукуй-мектеб ауылында Чешенстанның Щелковской ауданына қатысты деген заңсыз әскери құрылымдардың бiрiн қолға түсiру әрекетi жасалды. Осы операцияны сол елдiң iшкi әскерлерi жүзеге асыруға талпынған. Телекадрлардан көргендей, Тукуй-мектеб ноғай ауылы болып табылады. Екi жақтың атысына бола жанұшыра дүрлiккендердiң көбi ноғай әйелдерi мен бала-шағалары. Соған қарағанда, Тукуй-мектебтегi екi үйде бекiнiп алып, қасық қаны қалғанша қарсыласқандар сол ноғай ұлтының өкiлдерi болса керек. Бұл кейiн айқындалар. Бiрақ мәселе онда емес. Мәселе Кавказдағы жүздеген жылдарға созылып келе жатқан тартыс-қырқыс оқиғалар жағдайындағы жергiлiктi ноғай халқының тағдырында.

Бұрындары Мәскеу баспасөзiнде жазылғандай, чешен жаугерлерi жағында соғысып, қолға түскен қалмақ не ноғай ұлтының өкiлi болса, Ресей әскерилерi оны аямайды екен. Тап сол жерде атып тастайтын болса керек. Сондағысы «қысық көз сендерге не жоқ?!» дегендей шекеден қарайтын пейiл көрiнедi. «Сондықтан, – деп айғақтайды ресейдiң бiрқатар журналистерi, — ноғай жаугерлерi ешқашанда тiрiдей қолға түспейдi және қасық қаны қалғанша айқасады». Айтса айтқандай, Тукуй-мектебтегi қамауда қалғандар түгелдей қырылып кеттi. Ондағы айқастан соң, қолға түскен ешкiм болмады. Осының өзi көп нәрсенi аңғартса керек. Қазақстанда қоғамдық пiкiрде Солтүстiк Кавказда болып жатқан оқиғалардың қазаққа қатысы жоқ деген түсiнiк қалыптасқан. Шын мәнiсiнде солай ма? Чешенстандағы оқиғалар туралы сөз болған сайын мынадай бiр үш жәйт менiң есiме оралады да отырады. 90-жылдардың басында «Аргументы и факты» апталығына ашынған бiр әйел оқырман: «Осы қазақтар» деген атау қайдан шықты? Бiздiң казактарды Кеңес өкiметiнiң аяусыз репрессияға ұшыратқаны аз болғандай, атына дейiн тартып алып, қайдағы бiреулерге берген-ау?!», — деген мағынада бiр хат жолдаған. Газеттiң редакциясы оны құптамағанмен, осындай көзқарастың негiзсiз екенiн дәлелдейтiндей ештеңе айтып жарытпаған-ды. Хаттың авторы Ставрополь ме, Симферополь ме — осы екi қаланың бiрiнде тұрады екен. Екеуi де осыдан бар-жоғы 200 жылдан сәл астам уақыт бұрын көшпелi ноғайлар мекендеген аймақтарда орналасқан. Симферополь орталығы болып табылатын Қырым аймағы туралы бұдан да гөрi нақтырақ нәрселер айтуға болады. Мәселен, Ресейдiң ХVIII ғасырдағы тарихи-демографиялық жағдайын зерттеушi белгiлi маман В.М. Кабузан былай дейдi: «К 1783 году из Крымского ханства вышли около 100 тыс. ногайцев, которые откочевали на Кубань. Из 300 тыс. человек (население Крымского ханства к началу 70-х г.г. XVIII века) 120 тысяч составляли ногайцы. В декабре 1783 года в Тавриде (Қырым түбегi- А.Т.) проживало всего 56.769 душ, причем это были татары и небольшое число евреев и казахов» («Народы России в XVIII веке. Численность и этнический состав», 196-бет, Наука, 1990). Бұл — бiрiншi жәйт.
«Чечня взята, но все ногайцы переколоты…»

Екiншi жәйт — 1995 жылдың маусым айында болған Буденновск трагедиясына қатысты. Ш.Басаевтың отряды жүздеген жергiлiктi тұрғындарды аманатқа алып, аурухананың iшiнде бекiнiп отырған кезде «Свобода» радиостанциясы арқылы сөйлеген марқұм академик А.Сахаровтың жесiрi Елена Боннер А.В.Суворовтың Екатерина II патшаға 1786 жылы жолдаған рапортынан үзiндi келтiрдi: «Чечня взята, но, к сожалению, все ногайцы переколоты…».

Орыс әскерiнiң сол жылы ноғайларды жаппай қырғынға ұшыратқаны туралы Ресейдiң ресми тарихнамасынан ештеңе таппайсыз. Мен өзiм бұл туралы шет елде жарық көрген черкес тарихшыларының еңбектерiнен оқығанмын. Е.Боннердiң сөзi де осы қайғылы оқиғаның қазiргi Чешенстан жерiнде болғанын ашып қана қоймай, оның метафизикалық тұрғыдан болса да кезектi Кавказ соғысына да, Буденновскiдегi қантөгiске де қатысы бар екенiн меңзеп өткендей болды. Осыған орай тағы да бiр айта кететiн нәрсе, Буденновскiдегi сол ноғайларды қойша қырған 1786 жылдан соң дәл 13 жыл (христиан халықтары қырсықты деп есептеп, «чертова дюжина» деп атайтын сан) өткен соң, яғни 1799 жылы «Святой крест» деген атпен дүниеге келдi. «На чужих костях счастья не построишь», — дейдi орыстың нақыл сөзi. Бiреудiң өзiн малша бауыздап тастап, жерiн тартып алғаны аз болғандай, оның атын да жоққа шығарып, ата-жұртын өзiмнiң ежелгi мекенiм деп жариялап, онда «Святой Крест» сияқты дiнiң үшiн қасиеттi түсiнiктi орнықтырмақ болғанымен басыңа бақыт нұры жауа ма?! Ендi үшiншi жәйтке келейiк. Өйткенi, ол жоғарыда қойылған сұрақтың жауабын табуға көмектесе алатын сияқты. Айтқалы отырғанымыз «Правда» газетiнiң Париждегi тiлшiсi В.Большаковтың 1995 жылдың 11 қаңтарында жарияланған «Пролитая кровь возвращается» деген мақаласы. Оның шыққанына талай жыл болса да, автордың айтқаны есiмнен кетпейдi. Онда ол Францияның Алжирдегi соғысын Ресейдiң Кавказдағы соғысымен салыстыра отырып, мынадай тұжырымға келедi: «Наблюдая за всей этой драмой, я неожиданно поймал себя на мысли, что это-та же самая Чечня, только на других широтах. А для русских — это Чечня ближайшего будущего, когда они ее либо покорят в очередной раз, либо уйдут оттуда раз и навсегда, но будут продолжать платить за всю пролитую кровь, начиная с первой, еще царской, Кавказской войны. Пролитая кровь обладает страшным свойством — она возвращается. Рано или поздно прольется кровь детей, внуков и правнуков тех, кто когда-то пролил чужую, безвинную кровь в чужой стране либо просто в чужом доме». Қандай сөздер! Бұндай сөздердiң қатты жан күйзелiсiнсiз ақылға келуi, сiрә, мүмкiн бе?! Мен осы сөздердi, әсiресе, теледидардан Чешенстанда қаза болған, не жоқ болып кеткен ұлдарын iздеп, әбден аянышты хәлге түскен ақ шашты орыс аналарын көрсеткенде, амалсыз есiме аламын. Иә, орыс армиясы өткен ғасырда да, осы ғасырда да, Кавказда соғыс жүргiздi. Бiрақ ол кезде де, бiздiң заманымызда да бұл соғыс бiр жақты кырғын болған жоқ. Кеңес заманындағы тарихи еңбектер Ресей армиясы 1801-1864 ж.ж. арасында 23 мың адамынан айырылды деп есептейтiн. Кейiнгi кезде «жалпы шығын 70 мыңға жеттi» деген мәлiмет айтылып жүр. Бiздiң замандасымыз болып табылатын Майербек Вачагаев деген чешен тарихшысы 1841 жылға ғана қатысты архивтiк деректердi зерттеп, тек сол жылдың өзiнде орыс армиясы 4000 адамынан айырылды дегендi айтады. Тау халықтарына да талай қиындықты көрiп, талай шығынды көтеруге тура келдi. Бiрақ олардың күресi ескерусiз қалған жоқ. Тiптi марксизмнiң классиктерiнiң өзi олардың бостандық үшiн күресiн барша адамзатқа үлгi етiп көрсеттi. Лермонтовтан бастап Толстойға дейiн талай орыс жазушы-ақындары өз шығармаларын таулық жiгiттердiң ерлiк қимылдарын суреттеуге арнады. Ал ноғай қырғыны бiр жақты қырғын болды. Жазық даланың халқы болып табылатын ноғайлар Кубань мен қазiргi Ставрополь аймағы жатқан жерден шегiне-шегiне келiп, осы күнгi Чешенстанның жазықтау жағы болып табылатын Терек пен Сунджа өзендерiнiң аралығын паналады. Одан әрi барар жерi қалмады. Өздерi «Iшкерi ел» деп атаған биiк таулы аймаққа қарай олар кете алмады. Осы арада оларды кейiн генералисимус атағын алған А.В.Суворов бастаған орыс әскерi қоршауға алып, оқ-дәрi жұмсамастан, штык пен қылыштың күшiмен қойша қырып тастады. Суворовтың рапортындағы «переколоты» деген сөз осыдан шыққан. Бұл жерде бiр нәрсенi айта кеткен жөн. Тау халықтары ол кезде Ресей патшасын сөз жүзiнде болса да мойындамаған. Ал Солтүстiк Кавказ алқабында XVIII ғасыр бойы көшiп-қонып жүрген ноғайлардың бiрқатары өздерiн Ресейдiң боданымыз деп мойындаған. Ондаған жылдар бойы орыс өкiметiнiң оларда шаруасы болған жоқ. Бiрақ 1783 жылы Георгий трактаты деп аталатын орыс-грузин келiсiмi жасалды.
Ноғайлар христиандардың бiр-бiрiн бауыр тартуының құрбаны болды

1784 жылы Картли-Кахетия патшасы Ираклий II кейiн Әскери-Грузин жолы деп аталатын жолдың салынуына қатысты өтiнiш айтты. Осы өтiнiштiң орындалуы айналып келгенде ноғай тағдырының ұшымен, қылыштың жүзiмен шешiлуiне әкелiп соқтырды. Жалпы алғанда, ноғайлар екi православие халқының бауырластық қарым-қатынас орнатуының құрбаны болды.

Тарихта талай қырғын болды. Бiрақ олар туралы ерте ме, кеш пе айтылып, тарихи тұрғыдан баға берiледi. Қырғынды жасағандардың келесi ұрпақтары ата-бабаларының оны iстегенiн мойындайды. Сөйтiп өздерiн, ең болмаса, қарғыстан құтқарды. Мәселен, ақ американдардың үндiстерге iстеген әрбiр қиянаты мұқият зерттелген. Ол туралы Жер шарының екiншi бетiнде орналасқан бiз де бiлемiз. Ноғай қырғыны туралы Ресей тарихшылары да, Қазақстан тарихшылары да жұмған аузын ашпайды. Ал олар шейiт болған жерде 200 жылдан берi тыныштық жоқ. Қан да судай ағып, көз жасы да төгiлiп жатыр… «Әңгiме орыс, чешен және ноғай туралы болса, оның қазаққа қандай қатысы бар?!» — деген сұрақ тууы мүмкiн. Черкес тарихшылары былай дейдi: «Иван Грозный 1556 жылы Астраханьды алғанда, черкес атқамiнерлерi «жүздеген жылдарға созылған қыпшақ билiгi күйредi!» деп қуанған. Кейiн олар бармақтарын тiстеуге мәжбүр болды. Ал қыпшақтың қазiргi ұрпағы кiм? Бұл сұраққа қазаққа, жалпы көшпендiлерге оң көзбен қарады деген Л.Гумилевтiң өзi: «Одан нақты тұқым қалған жоқ», — деп, аузын қу шүберекпен сүртедi. Бiрақ ғылымда әрқашанда идеологияның жетегiне ере бермей, принцiптiк жолдан таймайтын оқымыстылар табылады. Мәселен, Прагада дүниеге келген Евразиялық тарихи бағыттың негiзiн қалаушылардың бiрi Г.Вернадский былай деп кесiп айтады: «Кипчаки — это половцы и киргизы» («Монгольское иго в русской истории», «Наш современник, 3, 1992). Бұл жердегi «половцы» түсiнiктi. Ал «киргизы» — кәдуiлiгi өзiмiздiң қазақтар. Г.Вернадский Қазан революциясынан кейiн шет елге кетiп қалған патша заманының ғалымы болғандықтан, бiздi солай атаған. Ал «ноғайлар» бұл жағынан қалай қосылады?» дегендерге жауап ретiнде мына бiр цитатаны келтiруге болады: «По языку наиболее близки половцам карачаевцы, балкарцы, кумыки и степные крымские татары, чей язык по данным лингвистов, наиболее близок половецкому языку, известному по словарю «Кодекса Куманикуса «… Но есть ли целый народ, которого можно считать прямым потомком половцев? Есть. По всем данным истории и этнографии (кроме религии) этим народом можно являются ногайцы» («Кумык из рода половецкого?…», Ю.Евстигнеев, канд.ист.наук, сотр. НИИКСИ ЛГУ, «Вокруг света», 1992). Сонымен, айналып келгенде, қыпшақтардың (половецтердiң) қазiргi ұрпағы – қазақтар мен ноғайлар. Олар — бiр халық. Ноғай фольклоры толығымен қазақ ауыз әдебиетiнiң құрамына кiредi. Демек, ноғай — қазақтың құрамдас бөлiгi. Солтүстiк Кавказда олардың қалдырған iздерi жағалай сайрап жатыр. Тек «Қойсу» деген атауы бар бiрнеше өзен бар. Ондай атауды қазақ пен ноғайдан басқа кiм беруi мүмкiн?! Қарашай мен балқар халықтарын осетин тайпаларынан бөлiнiп шығып, ноғай-қазақ тiлiн қабылдаған таулықтар деуге рет бар сияқты. Балқарлар өздерiн «таулық» деп атайды. Қазiрдiң өзiнде қарашай-балқар тiлi қазақ тiлiне өзбек, татар тiлдерiнен, тiптi кейiнгi 100-150 жыл iшiнде мықтап татарланған башқұрт тiлiнен де жақын. Ал сол башқұрт халқының өзiнiң бiрталай бөлiгiн қазақ-ноғайдың Жетiру-Жетiсан (Едисан) тайпасына кiретiн табын руы құрайды. Башқұртстанның орыс-казактарының өзi өздерiн «Табынские казаки» деп атайды. Осыдан он жыл бұрын олар Алла Пугачева мен Филлип Киркоровқа «Икона Табынской божьей матери» дегендi сыйға тартты… Осетияда орыс әкiмшiлiгi орнағанға дейiн билеушi тап өкiлдерiн «тауби» деп атаған. Ноғай мен қазақтың атқамiнерi «би» болса, қарашай, балқар және осетин атқамiнерi «тауби» болған. Яғни осының барлығы жалпы бiр түсiнiк ауқымына саяды. Оның үстiне ең құдiреттi деген осетин кландарының фамилиялары қазақ фамилияларынан ешбiр айнымаған. Мысалы: Айдаболов, Есенов… Ендi Чешенстанға қайтып оралайық. Бұл елдiң топонимикасы Қазақстандiкiне қарағанда әлдеқайда қазақы көрiнедi. Оның ауылы — «эвл», селосы — «юрт» (жұрт), қаласы — «гiала». Орысты бiзге көршi түркi халықтарының iшiндегi ең жақыны башқұрттың өзi «рус» деп атайды. Чешен тiлiнде ол қазақ пен монғол тiлiндегi сияқты «оьрси» деп аталады. Ал мынадай атаулардың қазақша атаудан қандай айырмашылығы бар: Каргалинская, Кошкельды, Майртуп, Карабулак, Бердакиел (Бардакел)?! Бiрақ бiз үшiн ең бастысы: чешен халқының тарихи санасы «қазақ» деген атаудың табиғи иегерi «қазақ» па, «орыс казагы» ма деген сұрақтың жауабын сақтап қалған. Чешендер қазақты «казак» деп, ал орыс казагын «гiалаказакхи» (отырықшы казак) деп атайды. Жай «казак» болмаса, «гiалаказакхи» қайдан шығады?! Демек, чешен тiлiнiң логикасы тұрғысынан алғанда, «казак» («қазақ») табиғи түсiнiк те, «гiалаказакхи» жасанды туынды болып табылады. Бұл — бiрiншiден.
Бiлмесең — бiлу керек, бiлсең – естен шығармау керек

Екiншiден, Ресей тарихнамасының мағлұматтарына қарағанда, орыс казактары Терек өзенiнiң жағасын ХVI ғасырдан бастап қоныстанған. Бұл рас болса, қазақтар чешендерге одан да бұрын белгiлi болған.

Ал ресми тарихқа жүгiнсек, чешен мен қазақ халықтары бiр-бiрiн 1944 жылы кавказдықтар Қазақстанға жер аударылған уақытта алғаш рет көрген. Жалпы алғанда, қай жерден ноғайдың бiтiп, қазақтың басталатынын айырып алу мүмкiн емес қой. Мәселен, ноғайдың Алтыұл ордасынан қазақтың алты ата Әлiмi шықты. Ал ноғайдың жембойлық (джембойлук) деп аталатын руының Жем (Ембi) өзенiнiң бойынан шыққаны атынан-ақ көрiнiп тұр. Бiрақ бұл ноғайлардың Едiлдiң арғы жағында ғұмыр кешкенiне бiрнеше жүз жыл толды. Ноғай көп халық болған. Жоғарыда аталған В.М.Кабузанның айтуына қарағанда, XVIII ғасыр бойы Кубань алқабында тұрақты халық ретiнде 100 мың ноғай өмiр сүрген. 1783 жылы Қырымнан тағы да бiр 100 мың ноғай көшiп келiп қосылады. Тап сол жылы «Георгий трактаты» деп аталатын орыс-грузин келiсiмшарты дүниеге келдi. Келесi 1784 жылы грузин патшасы Әскери-Грузин жолын салу туралы өтiнiш айтты. Бұл жол қазiргi осетиннiң Моздок қаласынан бастау алды. 1786 жылы орыстың ұлы қолбасшысы ноғай мәселесiн шешудi қолға алды. Оның әскерi де жорыққа Моздоктан шықты… Содан 203 жыл өткен соң жүргiзiлген санақ бойынша, олардың Солтүстiк Кавказдағы бүкiл автономиялық республика-облыстары мен Ставрополь және Краснодар аймақтарындағы саны 70 мыңнан әрең асқан. Олардың өз автономиясы жоқ және болған да емес. XIX ғасырдың орта шенiнде 16-ақ мың болған осетиндердiң саны қазiр 600 мыңнан асты. Ноғайлармен Солтүстiк Кавказда көршi болған басқа тау халықтары да талай қиындықтарға қарамастан, саны жағынан өспесе, өшкен жоқ. «Өлi риза болмай, тiрi байымайды» деген түсiнiк көп халықтарда бар. Орыста да бар, бiзде де бар. Соған қарамастан, А.В.Суворов ноғайларды қойша көгендеп қойып қырып, қанын судай ағызған жерлердiң тура үстiмен Алтын Орда Ноғайының туған ұлы Таз батырдан тараған қазақ таздары жерiнде ашылған ғаламат Теңiз кенiшiнiң мұнайын айдап апарып сатып жатырмыз. Айтқалы отырғаным — КТК құбыры. Бұның арты не болады?! Адам о дүниеге жүрiп кеткенде, қай халықтың болса да атқаратын дәстүрлi рәсiмi болады. Ол орындалмаса, адам жерленген болып есептелмейдi. Сондықтан қазақта хабарсыз кеткен адамның шейiт болғаны туралы хабар ондаған жылдардан кейiн келiп жетсе де, оған құран оқытып, ас беру дәстүрi бар. Ноғайлар — бүтiн халық болған. Оны жоқтау парызы — қазақтың мойнында. Өз алдымызға тәуелсiз ел болған екенбiз, ендi осы парызымызды өтеуiмiз керек.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ