“Жетiмдер” десе, Әзиз Несин есiме түседi

“Жетiмдер” десе, Әзиз Несин есiме түседi

“Жетiмдер” десе, Әзиз Несин есiме түседi
ашық дереккөзі

«Түркiстан» газетiнде жарияланған «Қара баланың көз жасы» деген мақаланы оқып шығып, терең ойға шомдым. Елiмiз егемендiк алғаннан берi бiраз уақыт өттi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары дүниеге келген жетiм сәбилер қазiр ержетiп, бозбалалар мен бойжеткендерге айналды. Амал не, олардың iшiнде iшiмдiк пен нашақорлыққа салынған жасөспiрiмдер де жоқ емес.

Бүкiл посткеңестiк елдердi шарпыған азғындық шет елге жетiмдердiң сатылуына дейiн әкеп соқты. Өкiнiшке қарай, шетелдiктер баланы тек асырап алып қана жатқан жоқ, олардың арасында бала органдарын сататын қылмыстық топтар да бар көрiнедi. Халықтан қанша жасырылса да, олардың қылмыстары ашылып та жатыр. Бұндай жәйттер күллi әлемдi дүр сiлкiндiрген. Бұл орайда елiмiздiң демографиялық ахуалының тығырыққа тiрелiп тұрғаны да жасырын емес. Тiптi, Қазақстанның демографиялық жағдайы көңiл көншiтерлiктей деуге келмейдi. Бiзге әрбiр тұрғын, дүниеге келiп жатқан әрбiр бала қымбат. Қазақ жерi талай соғыстар мен қақтығыстарды басынан кештi. Қанды соғыстарда қайтыс болған ержүрек батырлардың балаларын ел болып тәрбиелеп өсiрген бұрындары… Ауылда қалған ру өкiлдерi бала асыраған. Жетiм қалған баланы, тiптi, алыс туыстардың тәрбиесiне де бермеген. «Асар» партиясының дүниеге келуi көп қазақты қуантты. Себебi бұл сөздiң астарында ұлттық ар-ұят, ұлттық сезiм жатқан iспеттi. Бұл партия экологиялық мәселелердi шешуде, жас ұрпақты тәрбиелеу iсiнде көп игi бастамалар көтерiп, жүзеге асырып келедi.

Балаларды патриоттық рухта тәрбиелеудiң мәнi зор. Осыдан 30 шақты жыл бұрын бiз, зайыбым Қалтай Мұхамеджанов екеуiмiз Түркияда әлемге әйгiлi жазушы Әзиз Несинмен кездескенбiз. Ол кезде Әзиз Несин Стамбұлдан жүз шақырымдай жерде өз қаражатына мектеп-интернат салып жатқан. Сол мектепке барғанымызда, әйгiлi түрiк жазушысы:

– Сорлы халқымыздың мойнынан кедейлiк пен қайыршылықтың қылшылбыры түспей-ақ қойды. Мiне, көрiп тұрсыз, осы жердi мен бес миллион лирға сатып алдым. Мен алғанда қылтанағы шамалы, қой тастар басқан, қол тимеген жабайы жер болатын. Тастан тазартудың өзiне бiр жылдай уақыт кеттi. Бiзде не қымбат – жер қымбат. Өзiңiз бiлесiз, менiң қазiргi жағдайымда тер төгiп, машақатқа түспей-ақ күн көруге болады. Әрине, менiң мүмкiншiлiгiммен, «ақылды» бiреулер болса дүкен ашып, зауыт сатып алып, шетiнен жонып жеп аспанға шырт түкiрiп жатар едi. Бiздiң қоғамның қалпына ол жарасқанда қандай. Бiрақ, мұндағы менiң мақсатым басқа. Өзiмнiң бiр қыз, екi ұлым бар. Олардың әрқайсысына үй-жай берiп орналастырдым. «Бұдан былай әкемiзден көк тиын қаражат сұрамаймыз» деген тiл-хат алып заңдастырып та қойдым. Ендi, мiне, әр елде шыққан кiтаптардан бiраз ақшаның басы құралып қалған. Әрi-берi есептей келiп, осы бiр мектеп-интернат салуға бел будым. Бұл өзi бас-аяғы он бес балаға арналған. Мына төменгiсi тамақ iшетiн, ойнайтын жерi болады. Екiншi қабатында оқиды, түрлi керектi оқу құралдары, кiтапханасы да осында жайғасады. Үшiншi қабатында балалардың жататын орны, үйсiз-күйсiз тәрбиешiлер де осында орналасады.

– Тәрбиешiлер мен мұғалiмдердi қайдан аласыз?

– Жалдаймын. Айлық төлеймiн. Бiзде қазiр екi миллионға тарта жұмыс таба алмай жүрген адамдардың iшiнде ондайлар да жеткiлiктi.

– Сонда қалай? Неше жастағы балаларды интернатқа аласыз? – дедiм мен Әзиз ойының түпкi тамырын таба алмай.

– Екi-үш жастан аспауы керек. Одан асқан сәбидiң тәрбиеге көнуi қиын. Жетiм болғанда да ата-анасын бiлмейтiн, аты-жөнiн аңғармайтындарын аламын. Содан он сегiзге келгенше осында оқып, тәрбие көредi, – деген едi.

Әзиз Несиннiң сол игi бастамасы менiң жүрегiмде жақсы сақталған-ды. Бұл өзi үлгi аларлық, құптарлық бастама екенi ақиқат. Қазiр бiздiң елiмiзде қалталы азаматтар баршылық. Олар ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларға көңiл бөлiп, Әзиз Несин ұйымдастырғандай мектеп-интернатын ашып жатса қанеки?! Мұндай интернаттарда бала дұрыс тәрбие алып, өзiнiң жетiм екенiн қатты сезбес едi. Әрбiр жетiм балаға тек қана мемлекеттiң емес, қоғамның да қамқоры керек. Қазақ ешқашан да жетiм мен жесiрлерiн қаңғытып қоймаған. «Жетiм көрсең жебей жүр» – деп халқымыз тектен-текке айтпаса керек. Бала тәрбиесiне қоғам немқұрайлы, немкеттi қарамауы тиiс. Бiз әрбiр жетiм бала үшiн жауапкершiлiктi сезiнуiмiз керек. Сонда ғана бiздiң мемлекетiмiз марқайып, ұрпағымыз бақытты өмiр сүредi. Бақытты, тәрбиелi ұрпақ – ел болашағы! Мен Әзиз Несиннiң бастамасын «Асар» партиясы қолдайды деп сенемiн. Бұл партияның басшылығында әрi әйел, әрi ана, әрi саясаткер Дариға Назарбаева отыр. Жетiмдер мәселесiне де бұл партияның немкеттi қарамайтынына сенiмiм кәмiл.

Фарида БЕКЖАН