Қызым - үйде, қылығы - ғаламторда

Қызым - үйде, қылығы - ғаламторда

Қызым - үйде, қылығы  - ғаламторда
ашық дереккөзі
Қазақ ертеден қыз баласының тәрбиесіне ерекше назар аударған. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін нәзік жан иелерінің  қоғамда қалыптасуы қашан да маңызды. Қызды әрдайым жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, кара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тек тәрбие берген. Сол дәстүрдің арқасында Елдің анасы атанған талай әйелдердің есімі бізге жетті. Ал бүгінгі қызғалдақтардың бейнесі тым ерек. Қазақ қызы дегенде көзіңе е шашы ұзын, көзі мөлдір, инабатты,  пәк, қайсар, намысшыл нәзік жандылар елестейді. Заманнан ба, адамнан ба қазіргі уақытта өзгеріс өте көп. Бір ғана ғаламтордың өзі ата – ананың тәрбиесіне қосақтасып келеді. Ондағы әлеуметтік желі арқылы қыздардың қаншама суреттері мен видеолары жүктеледі. Қыз баласына тән емес қылықтарын көрсетіп, өткен уақыттарда ұят санайтын іс-әрекеттердің барлығы ғаламторда толып жүр.  Бірақ оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп ойларымыз анық. Алайда ата-ананың бары да кейбір қыздарға кедергі емес екені мәлім. «Қызым үйде - қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім-киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Бүгінгі күнде қыз-дарымыздың көзге оғаш тиетін киімдері де бөлек әлемге айналған. Ол күнделікті өмірде немесе көгілдір экранда өте көп кездеседі. Әрине әсемдіккке, әдемілікке құмар жандар сәнденгенді, әрленуді жанындай сүйетіні анық. Және де үйлесімді сәнденудің еш оғаштығы жоқ. Тек ол өзіне сай жарасып, мөлшерімен пайдаланып, жан сұлулығын аша түсер болса болғаны. Хадисте: «Егер бір әйел еркектің назарына ілігу үшін сәнденіп, сыланып-сипанып, серуенге шықса, ол қаңғыбаспен бірдей және оған кадалған көздер де сондай» делінген. Әрине бүгінгі қоғамда қызғалдақтарымыздың барлығына топырақ шаша алмаймыз. Ата – ананың тәрбиесіне, мейіріміне шомылған, ұяттан аттамаған, әуелі өзінің намысын бірінші қоятын қыздарымыз да өте көп.  Анасына қарап бой түзейтін қыздар үшін ана берген тәлімнің ықпалы ерекше. Құрсақтан басталатын тәрбие, былдырлаған балалық сәби кезеңмен, жасөспірімдік шақ, бойжеткендік жаспен сабақтасып отырады. Келін атанған кезде де үйіне келген қонағына тамағынан бұрын, ашық-жарқын қабағымен қарсы алудың өзі де үлкен тәрбие екендігі мәлім.                                                                                                                   Қазақ қыздары қашан да ұлтымыздың айнасы болып саналады. Бойында жоғарыда айтылған қасиеттер дарыса, одан туылған ұрпақтың саналы, қиялы ұшқыр, текті болары анық. Аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным анамыздың елді ақылмен басқарғанын, дәрет алмай баласын емізбеген,  немересі Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжеміз ата салт-дәстүріміздің тәрбие жолындағы дұрыстығын дәлелдеген. Осындай саналы аналардан қашан да ұлы ұрпақ таралары заңды. Осы тұрғыда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазакстан халқына жолдауында "ана мен баланы қорғау" мәселесі тұрғысында ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар- болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары, -деген еді. Ұлттың келешегіне, дамуына, тәрбиелі ұрпақтың көбейуіне әрбір қазақтың қызы  бейжай қарамауы тиіс.

Тоғжан Нарбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

4-курс студенті

.