Талайға таптырмаған "...бес күн"

Талайға таптырмаған "...бес күн"

Талайға таптырмаған "...бес күн"
ашық дереккөзі
Қазақ халқы «бесқонақ», «балақ күн», «қалыс күн» деп атаған күндер бар. Көкектің (арабша – сәуір) бастапқы екі он күндігінің ішінде бесқонақ білінуі тиіс. Бесқонақ кезінде күн райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауып, аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Қазақ бұл шақты «отамалы» деп те атаған. Отамалы кезінде жеңіл-желпі киініп алыс сапарға, жолға шықпайды, малды тым ұзатып өрістетпейді. Қыс мезгілінің ең соңғы зәрі – жылдың төртінші айы – көкек айының боранды қолайсыз кезі 11 көкекте кіріп, 17 көкекте шығады. (Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-кітабында жас Абайға әжесі «бесқонақ» бес-алты күн әрі-бері ауытқуы мүмкін екенін ескертеді). «Сәуір болмай тәуір болмайды», «Бесқонақ келмей, жаз болмас» деген қанатты сөздер содан қалған сияқты. Алдағы жаздың қалай өтуі «отамалыға» байланысты. Өйткені кей жылдары «бесқонақ» (отамалы) тыныш өтсе, «бес қонақ биыл ырымдамады, жаз қалай болар екен» деп алаңдаған. Жаз жауын-шашынсыз өтсе, жердің оты, астықтың шығымы бәсең болады. Демек, «бесқонақ» – ауа райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы. «Бесқонақ» – қазақ күнтізбесінің табиғатпен үндестігін нақтылай түсетін құбылыс. Күнтізбеде 365 күн болғанмен, оның бесеуі жылдың төрт маусымына кірмейтін, яғни жылдың «қонағы» есептелген. «Бес күн» ұғымы әлемдегі күнтізбелік қолданыста болған Күн, Ай, Иездигерд, Юлиан, Мысыр, Григориан күнтізбелерінде кездеседі. Ұлы Абай 34-қара сөзінде: «Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің...» деп, адам баласы бұл фәни мәңгілік емес екенін ұғыну – ғұмырдың қысқалығын «бес күндік» өмірде деп сөз ауыстыру мағынасында қолданған. Халық педагогы Ыбырай Алтынсариннің де «бес күн» сөзін жалған дүние ұғымында қолданғанын көруге болады: Бәріміз бір адамның баласымыз, Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз. Өмір деген бес күндік кетер өтіп, Атаң барған орынға барасыңыз. (Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. Алматы: Жазушы Т.2. –1989. – 496 бет. 11-бет). Қияметті қолдан жасау арқылы өмірді тозаққа айналдырғандарды «оның несі адам?» деген Абай «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма» деп басталатын өлеңінде: Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма? Баяғы күш, баяғы түсің бар ма? Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір, Желігі жерге тықпас кісің бар ма?!   Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма? Бір бес күннің орны жоқ аптығарға. Қай қызығы татиды қу өмірдің, Татуды араз, жақынды жат қыларға? – деп, күнтізбедегі «бес күнді» атай кететіні бар. «Бес күннің орны жоқ» деп астын сыза айтқан ақын сөзіне мән беру керек. Халық айтатын «Бес күндік жалған дүние» деген орамды сөз тіркесі – ой түбінен қозғау салар сөзге айналып кетті. Қазақтың төл күнтізбесі табиғат мезгілдерімен тікелей байланысты. Өйткені жер бетінде табиғатпен қоян-қолтық араласып өмір сүретін бірден-бір ел – қазақтар екені даусыз. Мәселен, жайлауға қай кезде көшу, қыстауға қай мерзімде қайту, малды өз мезгілінде күйекке алу уақытында үлкен мән жатады. Күйек дер кезінде алынбай, ерте алып қойса, төл күннің суығына түсіп шығын болады, ал күйек кеш алынса – саулықтардың күйі кетіп, қысыр қалады. Егін егуде де табиғаттың жыл мезгілімен санаспаса, өнім өнімділігі аз түседі, сондықтан дихандар тары сияқты майда дақылдардың піскен кезін құстардың көбін құрайтын жаушымшықтардың жұмыртқа басу уақытына дәлме-дәл келтірген. Бес есептік сан есімінің әлемдік мәнге ие болып, киелі сөзге айналып кетуі – қадымдағы Авестада айтылып, қасиетті Құран беттерінде тұруы да көп нәрсені аңғартса керек. Оқушыны бағалаудағы ең жоғарғы білім деңгейі, мұсылмандықтың бес парызынан алынған тәуліктегі бес уақыт намаз – осы санды құрайды. Анықтықты белгілейтін «бесенеден белгілі», «бес саусағындай» тағы да басқа тұрақты сөз тіркестеріне айналған мысалдарда астарлы мән бар. Шығыс шайырлары Деһлауи, Низами, Жәми, Науаи дүниеге алып келген бес кітаптан тұратын эпикалық дастандар – «Хамса» («Бестік») деп аталады. Көне үндінің мысал-ертегілер жинағы «Панчатантра» – санскрит тілінен қазақшалағанда «Бес хикмет» деген ұғымды береді. Бұл «Панча Шила» («Бес ұстаным») адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруінің бес ұстанымы негізінде жазылған ереже-нұсқаулар хайуанаттар жайында. ІІІ-ІV ғасырларда пайда болған 5 бөлімнен тұратын бұл әлемдік шығармада ежелгі үнді елінің өмірі суреттелген. Мұнда кейіпкерлер арқылы адам типтерін хайуанаттар әрекетімен тұспалдап суреттеп, қоғамдық келеңсіздікті баяндайды. «Панчатантра» паһлауи (ескі парсы) тіліне «Калила мен Димна» атымен аударылып, әлем әдебиетіне араб тілі арқылы таныс болды. Әлішер Науаидың Орталық Азия және Шығыс халықтарының күнтізбелермен таныс болғандығы, сонымен қатар, өзінен алдыңғы даналардың зерттеу еңбектерінен «бес күн» туралы оқығандығы байқалады. Ғажайып ғимаратта елді қонақ еттік, Ол үй іші бес күн қонақ, бес емес, – деген өзбек шайыры, шығыс жұлдыздарының бірі Науаи «бес күн» және «бес емес» деп әдебиеттану ғылымының сөз құбылту өнерін пайдаланған. Онда «бес күн» сөз тіркесі үй ішіндегі адамдарға айтылып тұр, екінші «бес емес» дегені алдыңғы айтылған «бес күнді», яғни адамдар емес, әр төрт жыл соңындағы артылатын бес күн – халықтың кие тұтқан «бес күн» қонақ екенін айтып отыр. Бұл әдеби көркем тәсіл арқылы ұлы шайыр оқушысын әлемнің тұңғиығын терең ойлауға үндейді. «Бес күн» ұғымы Науаидан бұрын айтылған. Парсының көрнекті ақыны Қожа Хафиз Ширази (1325-1389): Мен келемін гүл бақшаның пердесін аш, Наурыз әмірінің иесі бес күннен артық емес, – деуі Наурыз әмірінің «бес күн» ұғымынан «артық емес» екендігінің себебін халықтық әдет-ғұрыптан іздеуді нұсқап тұрса керек. Бұл туралы Шығыс ғұлама ойшылы Әбу Райхан Бируни (973-1048) «Ат-Тафһим» атты еңбегінде «Ертеде бабаларымыз бір жылды отыз күндік он екі айға (барлығы үш жүз алпыс күн) есептеп, қалған қалдық бес күнді Наурызда, яғни жыл басында мерекелеген. Бұл бес күн жыл есебіне кірмеген», – деп көрсетеді де, өзінің «Ежелгі халықтардың жәдігерлері» атты белгілі еңбегінде Бируни: «...жыл басы алтыға бөлініп тойланған; алғашқы бес күн патшалар, екінші бес күн ел қорғаушылар, үшінші бес күн ғұламалар, төртінші бес күн қызметшілер, бесінші бес күн барша бұқара халық, алтыншы бес күн өнер иелері мен шаруалар тойлаған», – деп көрсетеді. Түркі әулетінің сұлтаны Ғазнауи дәуірінде өмір сүрген көрнекті парсы тарихшысы Гардизи Әбу Сайд Абдулқайдың «Зайн ал-ахбор» («Хабар көркемдігі») еңбегінде жыл есебінен артылған осы бес күн ішінде сарай қызметшілерінің бірі патша киімін киіп, наурыз әмірімен бүкіл қаланы аралайтын, ішіндегі дүкендер азық-түлікті тегін тарқататын болған дейді. Адам жыл санағына кіргізбеген бес күнді – Наурыз мейрамымен байланыстырғандығы байқалады. Сондықтан да осы күндер тіршілікте ерекше күн болып саналған. Иран қаламгері Қожа Абдоллах Ансаридің (1006-1088) «Иллоһинома» еңбегінде «бес күнді» ерекше дәріптейді. Бірінші күн – өткен күн яғни жоғалған уақыт, енді ол қайтып келмейді. Өкінгенмен пайда жоқ. Өткенге салауат, «Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір» (Абай) дегенге саяды. Екінші күн – бүгінгі күнде әрбір адам өткеннен сабақ алу керектігі, өзі үшін өмірінің соңын ойлап, нәпсісін тыйып, мінезін түзеу ләзім. Пайдалы жұмыспен айналысу, артына із қалдыру. Ұлы Абай: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деген болатын. Үшінші күн – ертеңгі күн, бұл күнді саған нәсіп ете ме, жоқ па, оны Алла тағала біледі дей келе: «Ей, адамдар, ертеңгі күн сенікі емес, ертеңге уәде берме, алдыңда не боларын білмейсің, бүгінгі бітер істі ертеңге қалдырма», – дейді. Оны Абай да ескерте кеткен: Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. Төртінші күн – уәде берген күн, яғни бұл дүниені тәрк ететін күн. Бұл күллі тірі адамға уәде беретін күн. Қасиетті Құранның Әли-Имран сүресінің 26-аятында: «Ей, мүлік пен дәулет Иесі болған Раббым, Сен қалағаныңа мүлік бересің және қалағаныңнан бұл мүлікті тартып аласың, қалағаныңды әзіз-құрметті қыласың және қалағаныңды қор қыласың. Барлық игілік, Жалғыз Сенің Қолыңда. Әлбетте, барлық нәрсеге Күшің жетеді». Бесінші күн – тіршілік ғұмырдағы ең маңызды күндердің бірі. Есеп күні, қиямет күні деп те айтылады. Бұл күн адам баласына сынау жүргізетін қасиетті күн болып саналады. Тақуаларға да, өлімді ойламайтындарға да о дүние есігін ашатынын, өмірдің өткіншілігін, алдампаздығын ескертетін күн (Абайша айтқанда, «Ат арықтар, тон тозар, қадыр кетер»). Адам баласының басындағы тәк­капарлық, күншілдік, қызғаныш, ашкөздік, басқаны менсінбеушілерге Жаратқан Ие сынау мақсатында мал-дүние, мүлік, амал-айла, білім, денсаулық сияқты бар нәрсені беріп, «Бұл – бес күндік бір майдан ер сынарлық» деп Абай айтқан сынақтан өткізеді. Әр пенде істеген амал шарқына қарай «сый-сияпатын» алатын күн болып есептелген. Фәниде шындыққа тік қарай білу жоғары мәртебе, ал қарай алмау ауыр өкініш. Махаббат, достық қылуға, Кім де болса тең емес. Қазір дайын тұруға – Бес күндік ғашық жөн емес.   Сүйіспек көңілім ойлайды, Жанның бәрі – қатыбас. Сүйісу тозбай тұрмайды, Еңбекке аз күн татымас, – деген Абай сүйіспеншілікті терең ұғына алмайтын жандардың адами тұрғыдан төмен болатындығын ескертеді. Және өмірдің мәңгілік еместігін айта келіп сүйісу де, махаббат та өміршең емес, тек еңбек пен ізгіліктің өміршең екендігіне сендіреді. Сонымен, бес дейтін қасиетті ұғым адамның адамдығын толық сақтайтын Ислам дініндегі иманның бес негізі Аллаға, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, қияметке сену – жәй айтыла салмағанына көзіміз жетеді. Ұлы Абай осы бесті қасиет тұта отырып, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде: Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, – деп ескертеді. Жалпы, «Бес» ұғымын – қазақтар кие тұтып, танымы мол атауларды «бес» сөзімен тіркестірген, байланыстыра атаған. Демек: Бесқасқа (ру), Бес қару, Бес саусақ, Бес парыз, Бес қала, Бесқарағай, Бессайыс (спорт), Бестам (көне қала), Бесшоқы, Бес жұлдыз, Бесжылдық (жоспар), Бестөбе, Бес уақыт намаз тағы да басқа атаулардың мәні терең деп білеміз.

Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан

мемлекеттік университеті, Гуманитарлық

ғылыми-зерттеу институтының

аға ғылыми қызметкері