Жасыл алаң, теңбіл доп

Жасыл алаң, теңбіл доп

Жасыл алаң, теңбіл доп
ашық дереккөзі

Көктемнің алғашқы айында кезекті футбол маусымының шымылдығы түрілді. Футбол маусымы әдеттегідей Қазақстан суперкубогын сарапқа салудан басталды. Бұл жолы да суперкубок үшін елордалық «Астана» мен алматылық «Қайрат» таласты. Аталған екі үздік команда 2015 жылдан бері суперкубок ойынында алаңға шығып жүр.

Суперкубок иесі – «Астана»

Биылғы Қазақстан суперкубогы «Астана» футбол клубына бұйырды. Бас қалада өткен ойында жергілікті команда «Қайратты» 3:0 есебімен жеңді. «Астанаға» жеңіс сыйлаған үш гол да ойынның екінші жартысында соғылды. Алғашқы голдың авторы – Иван Маевский. Алдына келген допты қақпаға тура бағыттаған «астаналық» ойыншы есепті ашты. Бұл ойынның 59-минуты болатын. Арада 3 минут өткеннен кейін Дмитрий Шомко Марин Томасовқа пас беріп, есеп еселенді. 67-минутта жартылай қорғаушы «Қайраттың» қақпасына екінші голын соқты. Одан кейін есеп өзгерген жоқ. Нәтижесінде «Астана» футбол командасы 2018 жылғы Суперкубоктың иегері атанды. Елордалық команда бұл жүлдені биыл үшінші рет жеңіп алды. Естеріңізде болса, бұған дейін «Астана» командасы 2011 және 2015 жылдары Қазақстан суперкубогын иемденген еді.

Шетелдік 31 ойыншы  ойнаған тур

Ал Қазақстанның футбол маусымы 11 наурыз күні ресми түрде ашылған болатын. Содан бері ел премьер-лигасының ІІ тур ойындары аяқталды. Спорт жанкүйерлері биылғы маусымның табысты әрі тартысты өтетініне сенім артып отыр. Көпшілік өткен маусымда командалар арасындағы бәсекелестіктің арта түскеніне куә болды. Егер командалар былтырғы қарқынмен ойнайтын болса, жаңа маусымның да тартысты өтері сөзсіз. Әрине, ел футболы шыңға шықпаса да, бұрынғыға қарағанда ілгерілеудің бар екендігін айтуымыз қажет. Бір өкініштісі, біздер футболға келген ауызды қу шөппен сүртуге дағдыланып алғандаймыз. Футболшылардан кемшілік іздеуге әзір тұратынымыз сондықтан. Жә, биылғы маусымнан жанкүйерлер не күтеді? Жаңа маусымның нендей жаңалықтары бар? Ал футболшылар қандай ойындар өткізеді? Жанкүйерлер мұның бәрімен әлдеқашан танысып алғаны сөзсіз. Ал биылғы футболдан Қазақстан премьер-лигасының алғашқы турында 42 футболшы өздерінің бірінші матчтарын өткізіпті. Олардың 11-і ғана қазақстандық футболшылар болса, қалған 31-і – легионерлер. Алғашқы турда тек «Астана» командасының сапында ғана дебютанттар болған жоқ. Ал өткен жылы ел біріншілігінің алғашқы турында 40 футболшы бірінші ойындарын өткізген еді. Жаңа футбол маусымындағы алғашқы тең есеп Қызылордада тіркелді. Қызылордалық «Қайсар» мен оралдық «Ақжайықтың» кездесуі тең есеппен аяқталды. 1:1 есебімен аяқталған ойында алаң иелері қатарынан Матиас Курьор, «Ақжайықтан» Еркебұлан Нұрғалиев гол соқты. ІІ тур ойындарында Талдықорған қаласында өткен «Астана» мен «Жетісу» командаларының кездесуі елордалық клубтың жеңісімен аяқталды. «Астана» сапындағы Патрик Твумаси мен Алексей Щеткиннің қарсыластар қақпасын дәл көздеуі командаға жеңіс сыйлады. Ал Алматының «Қайраты» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады. Алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңісті голдардың авторлары – Уго Сильвейра мен Ян Вороговский. Шымкентте «Ордабасы» петропавлдық «Қызылжармен» кездесті. Алғашқы таймда алаң иелері қонақтарға есе жіберіп алғанымен, ойынның екінші бөлімінде «Ордабасы» ойыншысы Абдуллай Диакате пенальтиден есепті теңестірді. Ойынның 66-минутында «Қызылжарлық» Георгий Попхадзенің өз қақпасына гол салуы «Ордабасыға» жеңіс сыйлады. Өз алаңында ойын өткізген командалардың бірі – «Ертіс». Павлодарлық команда «Ақтөбе» ойыншыларын 2:1 есебімен жеңді. «Ақтөбе» ойыншысы Асланбек Кәкімов пенальтиден есеп ашқан. Ойынның 15-минутында «Ертіс» сапындағы Илья Калинин есепті теңестірді. Ал 35-минутта «Ертіс» ойыншысы Фуад Салами қарсыластар қақпасына 11 метрден соққыны дәл жасап, командасына жеңіс сыйлады. Қостанайдың «Тобылы» қарағандылық «Шахтерге» есе жіберіп алды. Ойынның 57-минутында Артурас Жулпа допты қолайсыз қайтарып, өз қақпасына кіргізіп алды.