Жатақхана салу жарысы басталса игі...

Жатақхана салу жарысы басталса игі...

Жатақхана салу жарысы басталса игі...
ашық дереккөзі
Әлемдік стандарттарға лайықталған білім жүйесін құруды мақсат еткен ел білімгерлерді оқытуға ғана емес, олардың өмір сүру жайын жақсартуға да көңіл бөлуі тиіс. Өйткені санасын тұрмыс билеген жастан жасампаздық күту қиын. Президент әлеуметтік бес бастамасының үшіншісін жоғары білім алудың қолжетімдігі мен сапасын арттырып, студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне арнағаны сондықтан. Бес бастамасын жариялау барысында үйінен жырақта білім алып жүрген студенттердің жағдайына тоқталған Елбасы: «Бәрімізге белгілі, басқа қаланың жастары қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдауға мәжбүр. Осыдан кейін сапалы білім алу туралы сөз қозғау мүмкін бе?», – деді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Президент жоғары оқу орындарына еуропалық компаниялармен бірлесіп жатақхана салуды тапсырды. «Бүгінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе. Мұны шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындары мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында девелоперлік компаниялармен жатақхана салу жұмысын жолға қоюы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестицияның бір бөлігін біртіндеп өтеуге кепілдік береді. Осы орайда, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдары өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола жоятын болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жоғары оқу орындарының басым бөлігі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмай отырғаны жасырын емес. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 470 мың жастың 204 мыңы басқа қалалардан келген, яғни баспанаға мұқтаж. Олардың бір бөлігі қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жалдамалы баспанада тұрса, бір бөлігіне жатақханадан орын бұйырған. Бір ғана Алматының өзінде 131 мың студент білім алуда. Олардың баспана мәселесін шешуге қаладағы 30 мың орындық 94 жатақхананың қауқары жетпесі анық. Астанада да студенттерді жатақханамен қамту мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Бүгінде елордада 30 жатақхана бар, 2017 жылы жаңа 4 жатақхана салынды. 35 колледждің 2200 студентке ғана арналған 16 жатақханасы бар. Десе де, Астана қаласы Жастар департаментінің мәліметі бойынша 13 мың студент жатақханаға мұқтаж. Елбасы 2018-2019 жылы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Яғни, жаңа оқу жылында студенттердің саны артса, жатақханаға деген сұраныс та көбейеді деген сөз. Демек, жергілікті әкімдіктер мен жоғары оқу орындары Президент тапсырмасын орындауға уақыт создырмай кірісуі керек. Елбасы жүктеген міндетті қалай орындағалы жатқанын алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жария етті. Мегаполис басшысының айтуынша, бүгінгі күні Алматыда 50 мыңнан астам студент жатақханаға зәру. Осыған орай, өткен жылы 2 мың орынды 4 жатақхана салынған. Қала басшысы 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салуға уәде берді. Ал Батыс Қазақстан облысындағы оқу орындарының студенттері үшін төрт жатақхана бой көтермек. Бұл туралы өткен аптада облыстық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясына қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті. Оның айтуынша, биыл ЖОО білімгерлері қоныстанатын екі жатақхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар, Оралдағы индустриалды колледж жанынан жатақхана салынбақ. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы бөлінді. Елбасы бастамалары қостанайлық студенттерді де баспанаға мұқтаждықтан арылтуға тың серпін берді. 2022 жылға дейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жанынан 344 орындық 4 жатақхана бой көтереді. Өңір білімгерлерін қуантқан бұл жаңалықты ҚМПУ ректоры, профессор Еркін Әбіл өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында жариялады. Көкшетауда 3 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Қазір қаладағы оқу орындарында 7 жатақхана ғана бар. Ал барлық студенттерді жатын орынмен қамту үшін кемінде тағы 8 ғимарат керек. «Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің бес бірдей жатақханасы болғанмен, әлі 1 мың студент пәтер жалдап жүр. Сондықтан оларға жаңа жатақханалар керек. Облыста 38 колледж бар болса, олардың жанында 20 шақты жатақхана орналасқан. Десе де, олар әзірге 5 жарым мыңнан астам студентті ғана паналатуға қауқарлы», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов. Білім басқармасындағылар бұл мәселе алдағы 2-3 жылдың ішінде толық шешілетініне сендіруде. Себебі оқу орындары Елбасы көтерген бес бастаманың аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жаңа жатақханалар тұрғызбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Павлодар облысында да үшінші бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда Ертіс өңірінде үш жоғары оқу орны қызмет етеді. Олардың ең ірісі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің екі жатақханасы бар. Жеті мыңнан астам студент білім алатын оқу орны үшін бұл жатақханалардағы орын жеткіліксіз. «Еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруы талапкерлер мен студенттер қатарының артуына оң септігін тигізуде. Оның үстіне, Елбасы тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны көбейсе, келесі жылы білімгерлер саны көбейе түсері сөзсіз. Сол себепті жатақхана салып, тұрғылықты орындарды арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл жергілікті халық үшін ғана емес, Ресей және Қытайдың шекаралық өңірлерінен келетін жастар үшін аса маңызды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жанында 860 орынға шақталған екі жатақхана бар. Тағы 900 студент кезекте тұр. Мәселені шешу мақсатында жаңа студенттер үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – дейді университет ректоры Гаухар Ахметова. Мамандардың есептеуінше, Елбасы бастамасы негізінде техникалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлінген жағдайда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техникалық білім алатын студенттердің қатары 30 пайызға артады. Мамандар олардың саны 4,5 мыңға жетеді деп болжауда. Жатақхана мәселесі өңірдегі колледж білімгерлері үшін де өзекті. Қазіргі таңда Павлодар облысында 50 колледж болса, олардың 22-сінде ғана жатақхана бар. Студенттер үйінің көбі өткен ғасырдың 80-  жылдарында салынған. Мәселен, көлік және коммуникация колледжі жанындағы жатақхана 60-жылдары пайдалануға берілген. Тозығы жеткені өз алдына, ол небары 75 студентті паналата алады. «Колледжде 200-ден астам студент оқиды, ал жатақханамыз 75 орындық. Сол себепті студенттерді әлеуметтік жағдайына, оқу үлгеріміне қарай іріктейміз. Жатақхана бөлмесіне ілікпегендер пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл мәселе тезірек шешімін тапса дейміз», – дейді Павлодар көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары Бекболат Сейітханов. Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Сүйіндікованың айтуынша, өңір студенттерінің баспана мәселесі 2022 жылға дейін біртіндеп шешімін табады. Әуелі Ақсу қара металлургия, Павлодар көлік және коммуникация колледждері жанынан әрқайсысы 200 орын болатын студенттер үйі салынбақ. Жер бөлінген, қаржы қаралуда. Бөлінетін қаражат «көбелек келіп көбігін, жапалақ келіп жартысын ішкен» кеседегі сүттің кебін кимей, мақсатты жұмсалса болғаны.