Күреске толы күрделі жылдар

Күреске толы күрделі жылдар

Күреске толы күрделі жылдар
ашық дереккөзі
Жалпы, адамзат ғұмыры күрестен тұратыны белгілі. Қарапайым адамның жай ғана өмір сүруінің өзі күрес, яғни, әлеуметтік іс-әрекет. Ал өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырлары айқын, саналы іс-әрекет иесі ретіндегі тұлғаның асыл арманы, мұң-мүддесі тұтас халқының басты мұраты болып және ол билік жүйесінің сипатымен сәйкес келмей жатса, шын күрестің туатыны да, ажалмен айқасатын сәттерінің де аз болмайтынына кәрі тарих сан мәрте куә болған еді. Бұған Алаш алыптарының бірі – Мұстафа Шоқайдың өмірі де толық дәлел бола алады. Петербург университетіндегі оқуын әртүрлі себептермен 1916 жылы аяқтап, осы жылдың қарашасынан Мемлекеттік Думаның мұсылмандар бюросының хатшысы болып қосымша қызмет істеген Мұстафа Шоқай 1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Ташкенттен жеделхат алады. Онда шұғыл елге қайту туралы хабар бар еді. Жол-жөнекей Орынборда өтетін Торғай облысы қазақтарының съезіне қатысып, болашақ Бірінші жалпықазақ съезінде қаралуға тиісті мәселелерді біліп, Алаш қозғалысының алдағы міндеттерімен танысады. Мұстафа Шоқай содан Ташкентке бет алып, жолда екі күн Ақмешітте (Қызыл­орда) аялдайды. Ол қала тұрғындарының көбін жақсы таныса, олар да өзін жақсы білетін еді. Оның үстіне қазақтар Мұстафаны өздерінің сенімді өкілі, құқықтық қорғаны санайтын. Петербургте оқып жүрген кезінде бірнеше рет Ақмешітке келіп, үкіметтің қоныс аудару мәселелеріне қатысты материалдар жинап кеткен-тұғын. Талай мәрте орыс отаршылдық саясатының құрбаны болған сорлы халықтың жері мен суын қоныс аударушылар басқармасының шеңгелінен құтқарып қалған кездері де болды. Көптен бері осы жайларды көріп, біліп келген Ақмешіт тұрғындары Мұстафаны алда Ташкентте ашылатын Түркістан өлкелік атқару комитетінің бірінші құрылтайына делегат етіп сайлаған болатын. Түркістан өлкесінің қарамағындағы қалалар арасында Ақмешіттің өзіне тән кейбір ерекшеліктері бар еді. Осы қаланы жаулап алған генерал-губернатор В.А. Перовскийдің аты берілген, 1878 жылы ашылған училище шын мәніндегі хатшылар мен тілмаштар ордасы атанып, оны бітіргендер Сырдария облысы өңірінде ғана емес, Самарқанд және Ферғана облыстарында да әкімдер, мекеме, полиция басшылары арасында да кездесетін. Ақпан революциясының алғашқы хабары жетісімен Ақмешіт қаласы мен өңірдегі аудандардың тұрғындары Ұлттық кеңес құрады. Алайда құрамына хатшылар мен тілмаштар жабыла кірген, Ақмешіт қаласы мен оның төңірегінде билік иесіне айналған орыс жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі Ұлттық кеңесті көзіне шыққан сүйел санап, оны жоюға тырысып келген еді. Бірақ Ұлттық комитет өз елін, өз халқын басқару мәселесіне қатысуға құқы бар екенін айтып, қарсыласумен болған. Мұстафа Шоқай Ақмешітте көптеген таныстарымен жолығады. Қаладағы, төңіректегі жағдайдан толық дерлік хабар алады. Кеңес өкіметінің барлық жерде белең ала бастағанын біледі. Ұлттық кеңестің отырысы өткізіліп, жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесіне ықпал жасау арқылы жергілікті, ұлттық мекемелерге қозғау салу қажеттігі туралы қаулы қабылданады. Алайда бұл күндері Мұстафа орыс жұмысшы-солдат депутаттары кеңесімен бірге жұмыс істеу мүмкін еместігіне, ол кеңестің «ата дұшпан ел болмас» – бітіспес жау екеніне көзі жетеді. Бұған «Орыс революцияшыл демократиясы» ұйымының жұмысшы-солдат депутаттары кеңесімен алғаш рет кездесуі, олармен бірінші қақтығысуы толық дәлел бола алады. Қаладағы осындай жағдайда жасырын жолыққан өзінің жақсы таныстары, оның ішінде сол кезде қалалық милиция бастығы болып істейтін Жорабек Есенов пен Ақмешітте дүниеге келіп, кейін Ташкенттегі қазақ уездік партия комитетінің жауапты хатшысы болған Дүйсенбай Нысанбаев алдағы темір жол клубында өтетін үлкен жиналыста Мұстафаға кеңестер сөзін сөйлемесе, өзін жазым етуі мүмкін екенін ескертеді. Жиналыс кешке басталады. Клуб іші лық толы. Кезек өзіне келгенде Мұстафа көпшілікке тіке қарап, қазіргі Уақытша үкімет ұстанымын, оның халыққа, елге тиімді, тиімсіз жақтарын түсіндіре сөйлегенде залдағы гу-гулер басылып, Мұстафа идеясын қолдаушылар шыға бастайды. Сөзге шешен, көпшілікті баурай алатын ерекше қасиет иесі Мұстафа өз сөзінде біздер осы кезеңді, жағдайды пайдаланып, бүкіл түркі халқы болып, тәуелсіз ел құруды іске асырмасақ, тағы да ғасырлар бойы Ресейдің езгісінде қаламыз дегенде көпшілік құрмет көрсетіп, қол шапалақтайды. Ал өздерін революционер-пролетариат санаған, негізінен теміржолшы орыс ұлтының өкілдері өктемсіп, көпшіліктің Мұстафа сөзін қолдағандарын ұнатпай, айқайлап, оның атына ауыр-ауыр сөздер айтады. Тіпті, осы жиналыста Мұстафа Шоқай ұсталсын деген қаулы оқылады. Артынша электр жарығы сөніп, көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Шамалы уақыттан соң қайтадан жарық жанғанда ұстауға даяр тұрған милиционерлер, теміржолшы орыстар Мұстафаның орнын сипап қалады. Кіріп-шығатын жалғыз есікте тұрған екі орыс қарауыл тек Жорабек Есеновтің (ол қалалық милиция бастығы болатын – Ә.Б.) жалғыз өзінің ғана кіріп-шыққанын айтады. Жорабек Есенов жиналыстың аяғы насырға шабатынын біліп, бір амалды алдын ала жоспарлаған екен. Жиналыстың шешімін естісімен денесі шағын Мұстафаны қойнына алып, шинелін қаусырып, зор кеуделі әрі ұзын бойлы Жөкең оны сыртқа шығарып жіберіп, алғаш рет ажал қармағынан құтқарып қалған көрінеді. Бұл оқиғаға қатысты Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде мынандай жолдар бар: «Мен бір сөйлеген сөзімде (осы жиналыстағы сөзі – Ә.Б.) революция (Ақпан ревоюциясын айтып отыр – Ә.Б.) арқылы қандай құқыққа қолымыз жеткенін айтқанымда, жиналған солдаттар мен жұмысшылар: «Бізге Петербург адвокаты керек емес, үкімет біздің, солдаттардың, жұмысшылардың үкіметі – деп шуласып, тіпті: – Оны өлтіру керек! – деп тап берді» Түркістанда құрыла бастаған жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің іс-әрекетіне деген жергілікті халықтың наразылығы арта түсіп, арыз-шағымдар қардай борайды. Сондай арыздардың бірі Сырдария облысы, Қазалы уезінің қазақтарынан түскен болатын. Онда былай деп жазылған еді: «Біз революциядан соң жағдайымыз жақсарады деп үміттенгенбіз. Бірақ мұнымыз бекер болып шықты. Ауданда бар билікті қолына алған жұмысшылар мен солдаттар бізге бұрынғы үкіметтен бетер жамандық жасап жатыр. Зорлық-зомбылық күннен-күнге үдеп барады. ...Теміржолмен тасылған бидай, тары, арпа, күріш – бәрі де орыстарға беруге теміржол станциялары мен қалаларда сақталуда. Біз қазір аштан өлетін халге жеттік». Мұндай шағымдар Түркістанның жержерінен үстемелеп түсіп, оны Үкімет комитеті Жұмысшы солдат депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесіне жібергенімен әлгі кеңес тиісті мекемеге «революция заңдарына» назар аударыңыздар деумен ғана шектелетін. Ақмешіт ауданынан келген осындай арыздардың бірін тексеру үшін Сырдария облысының атқару комитетіне жіберген болатын. Тексеру осы комитеттің төрағасының екі орынбасарының бірі Мұстафа Шоқайға тапсырылады. Тиісті мандатпен 1917 жылғы мамыр айының аяғында жол бойы Ақмешіт арыздарын тексеруге тиісті қасында елу шақты өкілмен қалаға келеді. Келісімен аудан комиссары Преображенский деген жас офицермен Ақмешіт аудандық жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің төрағасы, темір жол жұмысшыларынан шыққан В.В. Агаповқа жолығады. Бірақ онымен түсіністік таба алмайды. Ертеңіне бұрыннан заң мекемесі болған үйдің ауласында 300-400 адам қатысқан митинг болады. Онда ресми адамдар, жер-жерден келген өкілдер сөз сөйлеп, аудандағы жағдай туралы, солдаттар мен жұмысшылардың тәртіпсіздігі мен жүгенсіздігі туралы айтады. Өз кезегінде Мұстафа Шоқай Түркістан ұлттық орталығының өкілі және Сырдария облыстық атқару комитеті тарапынан қатысып тұрғанын, жұмысшы солдат депутаттарының кеңестері мен жергілікті ұлттық ұйымдарды біріктіретін ынтымақты табу үшін келгенін айтып, жұмысшысолдат депутаттарының кеңестері «мандат комиссиясы» (тексеруші ресми алқа) деген алқаларын жіберіп, халықты мазаламауын, қарулы солдаттарды ауылға жұмсап, тінту арқылы дүние-мүлік пен салық жинауды мүлдем тоқтатуға, комитет мүшелері мұндай әрекеттерге тыйым салуға тиіс деген мазмұнда сөз сөйлейді. Мұны естіген В.В. Агапов бір топ тілмаштарымен Мұстафа Шоқайдың қасына мінбеге келіп, алқынған қалпы француз революциясы туралы қайдағыларды соғып, патшалар мен байларды қуған орыс солдаттары мен жұмысшылары туралы айтып, сонан соң Мұстафа Шоқайға бұрылып, оның мәшһүр Петербург адвокаты (заң қызметкері болғанымен ешқашан адвокат болмаған – Ә.Б.) болғанын, Түркістан мұсылман халықтары орталық бірлігін қолына алып, өлке халықтарын орыс жұмысшылары мен солдаттарына қарсы қоймақшы екенін, Түркияның тыңшысы, түрікшіл, исламшыл, орыс дұшпаны болғанын айтып, мұсылмандар Мұстафа Шоқайұлының соңынан еретін болса, орыс жұмысшы солдаттарына қарсы шығатынын ұмытпасын деп зіл тастап, серіктестеріне өз айтқанын мақұлдата сөйлейді. Содан митингінің аяғы шиеленіске ұласады. Орыс жұмысшылары мен солдаттарының арасында да, түркістандықтар арасында да бүлік шығады. Мұның барлығын мұқият бақылап отырған аудан комиссары Преображенский мінберге жүгіріп шығып, бар дауысымен қалада бүлік шыққанын, қазақтар төңіректі қоршап алғанын, егер Мұстафа Шоқайұлына қарсылық көрсетілсе, бүкіл қалада дүрбелең туып, жағдай ушығып кететінін хабарлайды. Содан Мұстафа Шоқайдың атын атап, «дереу өлтіруді» талап еткен айқай басылады. Сөйтіп, «жергілікті халықты революциялық демократияның шексіз билігіне қарсы қоюы мүмкін» деген «айыппен» М.Шоқайды 21 мамырда Перовскіде өткен солдаттар митингісінде өлім жазасына кескен шешімдері орындалмай қалады. Осылай Мұстафа Шоқай Ақмешіттегі шағымды тексеремін деп келіп, басбұзар орыс жұмысшылары мен солдаттарының құрбаны бола жаздайды. 1917 жылғы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше съезі Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, жұрт өзін-өзі басқаруға ерікті, Қоқан автономиясын жариялаған болатын. Бірақ көп ұзамай, яғни 1918 жылғы 18-23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер қанды қырғынға ұластырды. Сөйтіп, Қоқан автономиясы барлығы алпыс төрт күн ғана өмір сүреді. Оның құлауының себептері көп болатын. Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын алғашқы күндерден бастап-ақ мойындамады. Большевиктер жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Соның салдарынан автономияның негізгі мақсаты мен мұратын жете түсінбеген бұқара халық тарапынан да оған тиісті қолдау көрсетілмеді. Ең бастысы, Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санады. Жоғарыдағы қанды қырғыннан кейін Қоқан қаласының маңында 5-10 күндей жасырынып, содан қауіпсіздеу ғой деп Ферғана маңындағы бір өзбек ауылынан екіншіге ауысып жүрген Мұстафаны 7 ақпан күні Құмбасты қыстағында большевиктерге қарсы құрылған, қазақтарды да дінсіздер деп санайтын 20 шақты діншілфанатик, қарулы өзбек жастары тұтқынға алады. Олар қазақ екенін білгеннен кейін, діни сауатын тексеріп көреді. Бірақ орынды жауаптарға қарамай, осы кезде жан-жақтан жиналған 70-80 адам Мұстафаны дінсіз деп, өлтіруге шешім жасайды да, бір ағашқа жіп тартып, дайындыққа кіріседі. Осы кезде жиналған топқа жаңа келген бір өзбек Мұстафаны танып, оның Петербургтегі студенттік күндерінен бастап Түркістан халқы үшін еткен еңбегін, Қоқан автономиясына қатысты жұмысын жан-жақты түсіндіреді. Осыдан кейін топ өздерінің жасаған үлкен қателіктерін мойындарына алып, кешірім сұрап, сый-сияпат жасайды. Бірақ бұл оқиға Мұстафаға аса ауыр тиеді. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде 1917 жылғы мамыр айының соңғы күндерінде болған осы оқиға кезінде орыс солдаттары мен жұмысшыларының қолынан өлмегеніне өкінген болатын. Ал өзіне араша түскен өзбек жігітінің атын ұмытқанмен Мұстафа оның 1916 жылы армияға алынған жастардың бірі болғанын және әскерден келе жатып Петербургте ақшасыз, аш жүргенінде көмектескенін есіне түсіреді. Адам баласына жасаған жақсылық еш зая кетпейді, ілгері-кейін оның қайтарымы болмай қоймайды деген заңдылық осылайша іске асып еді. 1918 жылғы 1 мамыр күні тағы бір аса қауіпті жағдай болады. Бұл өлкеде болу қауіпті екенін жақсы түсінген Мұстафа Шоқай жақында ғана тіл табысқан, 18 сәуірде Ташкенттің ескі шаһарында имамға некелерін қидырған Мария Яковлевнамен Мәскеуге кетудің қамына кіріседі. Содан тиісті құжаттарды алған соң Мұстафа ауыр жаралыға ұқсап, бет-аузын таңып, адам танымайтын кейіпте әйелі екеуі станцияға келеді. Бұл кезде жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздары тексеріліп жатқан екен. Мұны көріп бұлар қатты абыржиды. Өйткені тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет-жүзіне қарап тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Бірақ кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап, біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, бұлар отырған купені аттап кетеді. Осылай Мұстафа Шоқай тағы бір қатерден құтылған болатын. Мұстафа Шоқай ғұмырының соңғы 20 жылдан астамын жат жерде – Францияда өткізді. Кеңес Одағындағы ұлттық озбырлық пен өктемдіктің зардаптарын әлем сахнасына шығарып, азаттық қозғалысының эмиграциялық идеологиясын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты, қоса беретін де еді. Алайда әлемнің тарихи сахнасына фашизмнің келуі Мұстафа Шоқай өмірін күрт өзгертті. 1941 жылдың шілде айының алғашқы күндерінде Мұстафа Шоқайға Түркістанға қатысты сөз сөйлеу ұсынылды. Ал Мұстафа «елден кеткеніме жиырма жылдан асты, елде мен туралы пікір басқаша» деп, алдымен түркістандық тұтқындардың жағдайымен танысқысы келеді. Содан тамыздың аяғынан қарашаның басына дейін екі айдан астам лагерлерді аралайды. Қыркүйек айында Сувалки лагеріндегі түркістандық тұтқындардың алдында өте қысқа сөйлейді. Бәлкім, ұзақ сөйлеуге жүрегі шыдамаған шығар. Бас аяғы 78 сөйлемдей мәтін: «Қымбатты отандастарым! Сіздерді көріп, жүрегім қан жылайды. Қалайша сіздер темір тордың арғы жағында ұсталып отырсыздар? Сіздер оған лайық емессіздер. Алланың бізді неміс тұтқынынан құтқаратынына, үйлерімізде бейбіт және адал еңбек етуге ықпал ететіне сенімдімін» деген сөздермен басталады да: «Менің ең өзекті қамқорлығым – сіздерді әртүрлі лайықты жұмыстарға орналастыру, сөйтіп, болашақ Отанымыз – Түркістанды құруға қажетті әрқайсыңыздың мамандық алуларыңызға көмектесу» – деп аяқтайды. Мұстафа Шоқай лагерлерді аралап болғаннан кейін әйеліне хат жолдайды. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты өз естелігінде сол хаттан мынадай үзінді келтіреді: «Сіздер – немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенімдей болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ». Бұл хатты қасындағы У.Каюмға аудартып, СС («Schutzstaffel“ сөзінен қысқартылып алынған) офицерлерінің біріне табыс етеді. Офицер оқып шығып, Мұстафаға: «Пікірлеріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа: «Осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді», – деп жауап беріпті. Мұстафа осы жылдың аяғында, 27 желтоқсанда Берлин ауруханасында қайтыс болады. «Сүзекпен ауырған» дегеннен басқа мәлімет жоқ. Дегенмен, логика ажалдың қолдан жасалғанына жетелейді. Лагерлерді аралап шыққаннан кейін, 1941 жылғы қазан айында Мұстафа Шоқай аса құпия түрдегі өзіне жазған хатты У. Каюмханның неміс әкімшілігіне таныстырмауы мүмкін емес. Сөйтіп, бүкіл ғұмырын халқына арнаған, қазақ елінің азаттығы үшін аянбай күрескен Мұстафа Шоқай ажалмен бірнеше рет бетпе-бет ашық айқасып, аман қалған еді. Алайда тек сандаған миллиондарды ажал құштырған неміс фашистерінен қорғап қалуға туған халқының мүмкіндігі де, рухы да жетпей қалды. Өйткені неміс фашизмі адамзат баласына төнген тажал болатын.  

Әбдіжәлел Бәкір,

 саяси ғылымдарының докторы,

профессор