Үйлерін су басқан аягөздік 12 отбасыға жаңа пәтер берілді

Үйлерін су басқан аягөздік 12 отбасыға жаңа пәтер берілді

Үйлерін су басқан аягөздік 12 отбасыға жаңа пәтер берілді
ашық дереккөзі
Үйлері судың астында қалған аягөздік 12 отбасыға жаңа пәтер берілді. Баспана кілтін облыстың әкімі Даниал Ахметов тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат,  Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тасқыннан зардап шеккен аягөздік 12 отбасы облыс әкімінің қолынан жаңа пәтерлердің кілтін алды. - Аз ғана уақыттың ішінде 12 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Бұйырса, енді бір он күннен соң тағы да 15 отбасы жаңа баспанаға көшеді. Тек сәл шыдамдылық танытыңыздар. Сіздердің осындай қуанышты жүздеріңізді көру біз үшін де бір бақыт» - деді Даниал Ахметов. Пәтер алған отбасылар атынан Айгүл Сайфуллина, Лилия Нанковская және Меруерт Дүтбаева алғыс айтты.   «Менің үш балам бар. Үйіміз құлағанда далада қалғандай күй кешкенбіз. Сол кезде облыс әкімі өзі келіп, жұбатқан болатын. Уәдесінде тұрып, бүгін жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Тағдырымызға алаңдап, көмек қолын созған барша қазақ еліне аягөздіктер атынан алғыс айтамын», - дейді Меруерт Дүтбаева. Бүгінде тасқын салдарынан 140 үйдің ауласына су кіріп, 14 үй құлағаны, 18 үйдің апаттық жағдайға түскені анықталды. Даниал Ахметов үй-жайы бүлінген ағайынға да көмек көрсетілетінін атады. Осы апаттың салдарымен күресу үшін құрылған «Аягөз болашақ» қорына 169 млн теңге түсіпті. Оның 100 млн теңгесі облыстық «Парыз» қорынан аударылған.  Оның сыртында «Қазақмыс» сияқты алпауыт кәсіпорындар қаржылай көмек беруде. Еліміздің түкпір-түкпірінен 34 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жеткізілген.