Автобусты жын қуғандай айдаған

Автобусты жын қуғандай айдаған

Автобусты жын қуғандай айдаған
ашық дереккөзі
  Қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын апаттар жиілеп кетті. Сол апаттардың көпшілігі автобус жүргізушілерінің кінәсінен болады. Соған қарамастан, қоғамдық көлік жүргізушілерінің тәртіпсіздігіне тұсау салу қиын болып тұр. Қоғамдық көліктерді желмен жарысқандай айдайтын жүргізушілер апатқа жиі ұшырап жатса, жұртшылықтың мазасы қашпағанда қайтсін.

Жүргізуші һәм жауапкершілік

Қарапайым халықтың басым көпшілігі күніне бірнеше мәрте қоғамдық көліктердің көмегіне жүгінеді. Таңертең жұмысы мен сабағына, кешкісін үйіне асыққан тұрғындарды діттеген жеріне жеткізетін қоғамдық көліктерге талап қатаң болуға тиісті. Бірақ сол көліктерді тізгіндейтін жүргізушілер автобус салонындағы адамдардың қауіпсіздігіне қаншалықты алаңдайды? Қоғамдық көлік жүргізушілерінің барлығы бірдей жауапсыз деп, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, «бір қарын майды бір құмалақтың шірітетіні» секілді автобус жүргізушілердің арасында жол ережесіне де, мәдениетке де пысқырып қарамайтындар жетіп-артылады. Олар қаншама адамның қауіпсіздігіне жауап беретінін, өздеріне артылған жауапкершілікті еш сезінбейтін секілді. Жасыратыны жоқ, жолаушылар тасыма­лымен айналысатын автобус жүргізушілерінің шектен шыққандығы қоғамда жиі сөз болуда. Даңғыл бойында бір-бірімен жарысу, көлік ішінде темекі тарту, тәртіп пен тазалықты талап еткен жолаушыларға аузына келгенін айтып салу сияқты деректер көп тіркелуде. Тіркелмей жатқаны қаншама... Автопарк басшылары белгіленген ережелерді сақтамайтын жүргізушілерді заң бойынша жазалауға барын салатын секілді. Бірақ одан шығар нәтиже шамалы. Алматы қаласында автопарк басшылығына жолаушылардан күніне жүргізушілердің дөрекілігі, жол ережесін сақтамағаны, автобусты дұрыс пайдаланбағаны үшін 20 шақты арыз келіп түседі. Жол қозғалысы кезінде белгіленген ережені сақтамағандар қатаң жазаланады. Мәселен, 2016 жылы 266, 2017 жылы 160 жүргізуші тәртіпке бағынбағандары үшін жұмыстан қуылған. Қазір автобустарда 15 пайыз, ал троллейбустардың 20 пайызында жүргізушілер жетіспейді. Жолаушылар қоғамдық көлік жүргізушілеріне ескерту айтуға да батпайды. Көңілі толмайтынын жеткізсе, «ұнамаса өз көлігіңмен немесе таксимен жүр» деп жолаушыларға дауыс көтеретін жүргізушіге қарсы ауыз аша алмай қалатындар көп. Егде жастағы жандардың да, қариялардың да, жастардың да сөзін құлаққа ілмейтін автобус жүргізушілері мұндай дөрекілікті қайдан жұқтырған? Әке-шешесі солай тәрбиеледі ме? Іші адамға толы автобустың қара жолда жүйткіп жүруі, тіпті, жеңіл көлік жүргізушілері үшін де қорқынышты. Аялдама маңынан тез өтіп кетуге тырысатын шопырлар автобус тізгіншілерін сөзбен де жеңе алмайтындығын айтады. Олар ешқашан өз кінәсін мойындамайтын көрінеді. Республиканың барлық қалаларында дерлік автобустар жаңартылып жатса да, транспорттық жүйеге өзгерістер енгізілсе де, мұның бәрі озбырлыққа еті үйренген көптеген жүргізушілер үшін шыбын шаққан құрлы әсері жоқ сияқты. Әрине, таңмен таласып, жол бойында жүретін жүргізушілердің де жұмысы оңай емес. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ жолаушыларды сыйламаған жүргізушіге кім түсіністікпен қарайды дейсіз. Кей жағдайда шектен шығып кететін жолаушылар да кездесіп жатады. Көпке топырақ шаша алмаймыз. Десек те, қоғамдық көліктегі жүргізуші мен жолаушы арасындағы текетіресті ретке келтіріп, тәртіп орнату қиын іс болып тұр.

Ережені ескермейтіндер көп

Жалпы, ережеге сай қоғамдық көліктерде медициналық мақсаттағы дәрі-дәрмектердің болуы міндетті. Себебі жолда қандай жағдай орын алатыны бір Аллаға ғана аян. Сондай кездерде қоғамдық көліктерде алғашқы көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер болуы тиіс. Медициналық қобдишадағы дәрілер саны 5 адамға жетуі керек. Сондай-ақ, жол жүру ережесінің талабына сүйенсек, қоғамдық көліктердің іші-сырты шаңнан, кiрден, бояудан және көрудi төмендететiн өзге де заттардан таза болып, терезелерi жарқырап тұруы тиіс. Одан кейін терезе ойығын ақпараттық немесе жарнамалық материалдармен 30 пайыздан артық жабуға тыйым салынған. Өкініштісі, бізде заңмен бекітілген талаптардың көбі орындалмайды. Үстіміздегі жылы Астана қаласындағы қоғамдық көліктерде жүрегі қысылған екі бірдей адам қайтыс болды. 24 қаңтар күні орталық базардан №48 маршруттағы автобусқа отырған әйел адам кенеттен өзін жайсыз сезініп, автобуста отырған жерінен талып құлайды. Жанындағы адамдар дереу жедел жәрдем шақыртып, әйелдің өмірін құтқарып қалмақ болады. Алайда дәрігер келіп жеткенше жолаушы әйел бақиға аттанып кеткен. Анықталғандай, 1969 жылғы әйелдің жүрек талмасы ұстаған. Елордадағы №307 автобуста болған екінші жағдайда да ер азамат жүрек талмасынан қаза тапқан. Егде жастағы ер адам автобусқа Қоянды ауылындағы соңғы аялдамадан отырады. Автобус орнынан қозғала бергенде жолаушылардың бірі ер адамның жағдайы нашарлап кеткенін айтып, дауыстап айғайлаған. Жолаушылардың бірі ер адамды дереу ауруханаға жеткізу керектігін айтып, автобус жүргізушісі сол жерден тікелей ауруханаға жол тартқан. Алайда үш минутта тез жеткеніне қарамастан, сырқат жолаушы жолда қайтыс болыпты. Әрине, ажал айтып келмейді. Бірақ қоғамдық көліктерде мұндай жағдайлардың орын алуы жұртшылықтың үрейін туғызғаны сөзсіз. Аузы-мұрнына лық толған кейбір автобустарда дені сау адамның өзі ұзақ шыдап тұра алмайды. Ал денсаулығында кінәраты бар адамдар үшін ине шаншыр орын жоқ, ауа жетпейтін автобус салонында ұзақ тұру қауіпті. Сондықтан, қарапайым халық қоғамдық көліктердің сау адамды ауру қылуы ғажап еместігін жиі айтады. Өте жоғары жылдамдықпен, көлікті орғытып айдайтын жүргізушілер жолаушылардың жүрегі айнып, миы шайқалатынын ойламайтын болса керек. Оның үстіне, адамы көп, жүргізушісі дөрекі автобусқа мінгендердің көбі жетер жеріне жеткенше жүйкесі жұқарып, діңкелеп қалады, сірә?! Ал ақпан айында Алматыда көше сыпырушысы өзін қаққан автобус жүргізушісін жазаға тарта алмай жүргендігін айтып, ақпарат құралдарына шағымданған еді. Қатты соқыдан келіншектің бауыры бірнеше жерден жыртылып кеткен. Бір ажалдан аман қалған әйел енді біржолата төсек тартып жатып қалуы мүмкін. Ал апатқа кінәлі қоғамдық көлік жүргізушісі бастапқыда техникалық ақауды айтып ақталмақ болғанымен, кейіннен ол өтірігі ашылып, оның ұялы телефон қызықтап отырғаны белгілі болды. Тас жол бойын қардан тазалап жүріп, ажал құша жаздаған келіншек өзінің барынша сақ болғанын айтады. Қауіпсіздік ережесіне сәйкес арнайы киім киіп, жол белгісін де қойып қойған. Зар жылаған байғұс келіншек өзін қаққан автобус жүргізушісі жазадан сытылып кете ме деп күдіктенеді. Айтуынша, келіп халін де білмеген екен. Оның күдіктенуі бекер болмай шықты. Өйткені көз алдындағы көше сыпырушысын көрмеген жүргізуші тежегіш істен шықты деп алдаған. Алайда автобустан еш ақау табылмаған. Кейіннен жүргізуші түсініктеме жаза отырып, ұялы телефонның қызығына түсіп кетіп, жолға қарамағанын мойындады. Автопарк басшылары жауапсыз жүргізушінің енді автобус рөліне отырмайтындығын айтып, зардап шеккен азаматқа өтемақы төлеуден басын ала қашты. Заңдық тұрғыдан да, адамдық тұрғыдан да ол келіншекке өтемақы төленуі керек емес пе?! Тіптен, заң міндеттей алмаған күнде де, автопарк басшылары адамдық жөннен аттап кетпек болғандары қалай? Бейкүнә келіншектің қарғысы оларды алысқа жібере ме? Автобус жүргізушілерінің адам қағу деректері жиілеп барады. Салдарынан, зардап шеккен азаматтар айлар бойы сот жағалап, денсаулығына келген зақымды сенделіп жүріп дәлелдеуге мәжбүр. Қоғамдық көліктерде орын алатын мұндай қайғылы жағдайлар жүргізушілерді жүгендеудің уақыты жеткенін аңғартқандай.

«Автобус» шарасы нәтижелі бола ма?

Осындай оқиғалардың жиілегенін ескерген Ішкі істер министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігі «Автобус» жедел алдын алу шарасын қолға алған болатын. Ақпан айының соңына таман құзырлы органдар шараның қорытындысын шығарды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 19 мың құқықбұзушылықты анықтап, тиісті шара қолданды. Атап айтқанда, еңбек пен демалыс режимі бұзылған – 166 жағдай, 245 тиісті куәліксіз жүргізу фактісі, жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың болмауы бойынша – 594, жылдамдықты асыруда – 1 135 факті, көлік құралын жүргізу барысында ұялы телефонды пайдалану бойынша 3,5 мыңнан астам факті, жолаушыларды заңсыз тасымалдауға байланысты 195 факті, көлік құралын масаң күйде жүргізуінің 14 фактісі анықталды. Тіпті, әрбір алтыншы жолаушылар таситын көлік техникалық талаптарға сай болмай шыққан. Сондай-ақ, өз ісіне салғырт қараған автобус парктерінің 190 лауазымды тұлғасына 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Полицейлердің айтуынша, жыл сайын автобус жүргізушілерінің қателігінен 500 жол-көлік оқиғасы болады. Соның кесірінен 60 адам қаза тапса, 800-ден астам жолаушы түрлі деңгейдегі жарақат алады екен. Ал Ақтөбеде 52 адам өртеніп кеткен автобус оқиғасынан кейін жолаушылар көлігін бақылауға алу тапсырылған болатын. Тәртіп сақшылары жолдағы заң бұзушылықтың азаймай отырғанын айтуда. Әсіресе, мұнда тас жолда жылдамдықты шамадан тыс арттыратындар көп болып шықты. Төрт күн ішінде жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін автобустардан 200 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Облыста жол қауіпсіздігі ережесін бұзған 846 дерек тіркелді. Оның ішінде автобус рөлінде отырып, телефонмен сөйлескен 164 жүргізуші бар. Павлодарлық автобус жүргізушілері болса «Автобус» жедел іс-шарасының нәтижесінде мемлекетке 1,5 млн теңгеден астам айыппұл төледі. Жалпы, қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын жол апаттарының қатары көбейгендігі халықты алаңдатпай қоймайды. Жүргізушілердің өте жоғары жылдамдықпен қала көшелерінде жүйткіп жүргенін көргенде, иманыңды үйіріп, амандық тілеуден өзге шараң да қалмайды. Себебі жүргізушілердің көбі жолаушылардың наразылығына назар да аудармайды. Әйтпесе, қоғамдық көліктегі қауіпсіздік мәселесі мен жүргізушілердің жол ережесін сақтауы – жазылып та, айтылып та жүрген жайт. Тіпті, бұл мәселені көтеруден қарапайым жұртшылық та жалыққан сияқты. Десек те, адам баласының қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Осыны бәрі есте ұстауы шарт. Жүздеген адамды бір орыннан екінші бір жерге жеткізіп жүрген қоғамдық көлік жүргізушілері өздерінің сонша адамның қауіпсіздігі үшін жауапты екендіктерін сезінуі қажет. Сонда ғана жолаушылар қоғамдық көлікте өз өміріне алаңдамайтын болады. Автобустардағы айқай-сүрен, боқтық-былапыт, ұрыс-керіс тыйылатын болар, сірә?!