Азия біріншілігінде қазақстандық екі ару қола медаль еншіледі

Азия біріншілігінде қазақстандық екі ару қола медаль еншіледі

Азия біріншілігінде қазақстандық екі ару қола медаль еншіледі
ашық дереккөзі
Бішкекте  әйелдер күресінен Азия біріншілігі өтіп жатыр. 38 елдің спортшылары бақ сынап жатқан додада екі қазақстандық спортшы қола медальға қол жеткізді.  Алғашқы қола жүлдені Ирина Козюлина (68 келі) жеңіп алса, екіншіні Эльмира Сыздықова (76 келі) алды. 68 келіде күрескен Ирина Козюлина жартылай финалда қытай балуанынан жеңіліп, артынша қола медаль үшін болған белдесуде кореялық қарсыласынан басым түсті. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 келі) да жартылай финалда Қытай балуанынан ұтылды. Бірақ, қола медаль үшін күресте жігерлілік танытып, моңғол бойжеткенінен айласын асырды. Кеше өкінішке қарай, боз кілемге шыққан үш қызымыз жүлдесіз қалды. 50 келідегі Марина Закшевская жұбаныш белдесуде кореялық балуанға есе жіберді. Оның алдында Марина үнді балуанынан жеңілген еді. 55 келідегі Назгүл Нұрахан Азия чемпионатын бесінші орынмен аяқтады. Қола медаль үшін күресте Назгүл моңғолиялық балуанға шамасы келмеді. 59 келідегі Назира Аманжолова іріктеу сайысында жапониялық қарсыласынан ұтылып, жарыстан шығып қалды. Енді бүгін қалған бес салмақта (53, 57, 62, 65, 72) жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Бұған дейін, Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алған еді.