Өз тағдырын қақпақыл қылып ойнайтындар

Өз тағдырын қақпақыл қылып ойнайтындар

Өз тағдырын қақпақыл қылып ойнайтындар
ашық дереккөзі
Әр адам өз өмірі үшін өзі жауапты. Сондықтан әрбір азамат қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар салғаны жөн. Бірақ, соңғы кездері қоғамда өз өмірін қауіпке тігіп, ақылға қонбайтын әрекеттерге баратындар саны көбейіп кетті. Олар көбіне өз өмірлерін ғана қауіпке тігіп қоймайды, өзге жандардың тағдырын да талқыға салады. Бұл сөзімізге таяуда Көкшетаудан Астанаға электровоздың үстіне шығып алып, жетпек болған жігіттің әрекеті дәлел. Көкшетаудан Астанаға бағыт алған 25 жасар жігіттің қалтасында қаражаты болмағандықтан, елордаға тегін жетпек болған көрінеді. Теміржолшылардың көзін ала бере электровоз үстіне шыққан жігіттің көздегені жүзеге аспай, ток соғып, денесі жартылай күйіп қалған. Дереккөздеріне жүгінсек, электровоздардың электр кернеуі 29 мың вольт. Екі аяғы жанып, пойыз үстінде жан дауысы шыққан жігітті көрген өзге жолаушылардың зәресі ұшады. Ал ток соғып, зар қаққан жігітті әзер дегенде электровоздан түсіріп алған теміржол қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Ақырған аязды күні талайлар әбігерге түсті. Неге бұлай? Қарапайым адамдар екі көше жаяу жүргенде жаурап қалатын қақаған аязда 282 шақырым қашықтықты сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүйткіген ашық электровоз үстінде, боран өтінде қалай жүріп өтпек болды ол? Бар ойы Көкшетаудан Астанаға тегін жету болған азамат электровоздардың аса жоғары кернеулі тоқпен жүретінін білмегені ме? Қазақ қанша аңқау, аңғал десек те, бұл жігіт елсіз аралда өскен жоқ қой. Құйтақандай балалар да білуге міндетті нәрседен қалай хабарсыз өскен? А.П. Чеховтың «Злоумышленник» деп аталатын әңгімесі естеріңізде болар. Сонда теміржол рельстеріндегі болттарды қармақбауға салмақ ретінде пайдаланбақ болып, босатып алып жүрген жерінен ұсталған Денис Григорьев тергеушінің сұрақтарына қалай жауап беретін еді? «Болттарды шешіп алғаныңның кесірінен пойыздар апатқа ұшырайды, адамдар қаза табады» деген тергеуші сөзіне Григорьев: «Біз бәрін шешіп алып жатқан жоқпыз. Кейбірін қалдырамыз. Мұның бәрін ойланып істейміз ғой», – деп жауап береді. Чехов әңгімесінің кейіпкері өз әрекетінің өзгелердің өміріне кесірін тигізетінін ойламайды. Бұл жағдай да соған ұқсас болып тұр. Бірақ қазір ХХІ ғасыр емес пе? Адам да, заман да өзгерді. Бүгінгі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Ал ХІХ ғасыр орыс халқының мешеу, көздерін тоғышарлықтың шелі тұмшалаған қараңғы кезең болатын. Олар үшін кешірімді шығар, ал қазіргі ХХІ ғасырда әрбір қазақстандық орта мектепте білім алып, айналадағы құбылыстың бәрімен танысып жүрген жоқ па? Соған қарамастан, ХІХ ғасырдағы Чехов әңгімелерінің кейіпкерлері бүгінгі күні де көбейіп келеді. Бұл ненің белгісі? Эгоизмнің ең басты көрінісі емес пе бұл? Ол жігіт өзі зардап шеккенімен қоймай, өзгелерге де кесірін тигізгенін ескермегені қалай? Бір қаладан екіншісіне жетуді көздеген азаматтың электровоз үстінде зардап шеккені үшін сол жерде болған теміржолшылар жазаланбайды дейсіз бе? Олардың бірі сөгіс алатын шығар, енді бірі қызметінен төмендетілетін болар. Бірақ бір адамның өзімшілдігінен, ақымақтығынан неге өзгелер жапа шегуі тиіс? Олар да отбасын асырап, бала-шағасын аяққа тұрғызу үшін, күн-түн демей жұмыс істеп жүр ғой. Неге осыны ойланбайды екен? Өзімшілдік өрге сүйрейтін қасиет емес. Әлде бұдан былай әрбіріміздің басқан қадамымызды аңдып, бір-бірімізден сезіктеніп ғұмыр кешеміз бе? Ғаламтор беттерінде әдемі фотосурет жасау үшін биік ғимараттардың төбесіне шығып, тау-тасты, өзен-көлді жағалап жүріп, қауіпті қозғалыстар жасайтын жастар жайында жиі сөз болады. Осыдан 2 жыл бұрын Павлодарда 15 жастағы бозбала тоқтап тұрған пойыздың төбесінен селфи жасаймын деп тоққа түскен болатын. Шамамен 27 мың вольттық жоғары кернеулі сымды жалаңаш қолымен ұстай алған жасөспірім өте ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Денесінің 80 пайызын күйік шалған. Дәл сол уақытта Өскеменде Ертіс өзенінің жағасында тұрып селфи жасамақ болған жасөспірім суға батып кеткен болатын. 17 жастағы бозбала өзен жағалауындағы қоршауға шығып алып, селфи жасамақ болған. Кенет ол құлап кетіп, суға кеткен. Ал 2017 жылдың қараша айында Қарағандыда жүк вагонының үстінде селфи жасамақ болған 14 жастағы екі жас­өспірім ажал құша жаздады. Кәмелеттік жасқа толмаған екі жеткіншек теміржол станциясының жолында тұрған жүк вагонының үстінде селфи жасаймыз деп, күші 27 мың вольттық тоққа түсіп қалған. Олар ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Теміржол станциясы өкілдерінің айтуынша, балалардың бірінің денесінің 65 пайызын күйік шалған. Өткен жылдың жазында Солтүстік Қазақстанда да 15 жасар бала өзін суретке түсіремін деп өмірімен қош айтыса жаздады. 9-сыныптың оқушысы жоғары кернеулі бағананың басына шығып, ұялы телефонның фотокамерасына суретке түспек болған. Сол сәтте оны ток соғыпты. Абырой болғанда, оқиға орнына құтқарушылар дер кезінде жетіп, оқушыны бағананың басынан түсіріп алды. Осы секілді ессіз қадамға баратындарды кімдер тәрбиелеуде? Ата-аналар балаларына өз өмірі үшін жауапты екендіктерін, өз қателіктері үшін өздері жауап беретіндігін, өз әрекеттері үшін өздері зардап шегетіндіктерін, өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуі қажеттігін ескертпейтін болғаны ма? Әлде ата-аналар бала тәрбиесіне мүлдем немқұрайлы қарайтын күйге жетті ме? Жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген талайлардың тағдыры да талқыға түсуі мүмкін. Ол ешқайсымызды ойлантпай ма? Бәрі алаңғасар, бәрі қарақан басының ғана қамын күйттеп, «өзгелер бүл болмаса, күл болсын» деген қағидамен ғана күн кешкені ме? Орын алған жайттың бәріне кімді айыптайсың? Ессіз әрекетке барып, өзі зардап шеккендерді ме? Сондай әрекетке жол берген қоғам мүшелерін бе? Әлде біреудің ессіздігінен ескерту алатын қызметкерлерді ме? Қандай жағдай болмасын, айыпты адамды табу қиын емес. Ал айыбыңды түсініп, әрекетіңнің ақылсыз екенін ұғыну, кейін мұндай жағдайдың қайталанбауына барын салу – ақылдылықтың белгісі. Мұндай жағдайлар өзгелерге де үлкен сабақ болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, осындай ойсыз әрекеттердің кесірінен өз өміріне балта шабатындардың қатары арта беретін түрі бар. Жәй ғана жарақат алмайды, күйікке шалынбайды, бақытсыз жағдай оқиғаға онша қатысы жоқ бейкүнә жандардың да талайын шарпып кетеді. Қалай айтқанда да, алаңғасарлардың ақылсыз әрекетінен қоғамның рухани зиян шегіп тұрғанын жоққа шығаруға болмайды.