Мемлекеттік тіл һәм 26 жыл

Мемлекеттік тіл һәм 26 жыл

Мемлекеттік тіл һәм 26 жыл
ашық дереккөзі
Сағындырған көктем келді. Бұл – жаңару, жаңғыру мезгілі. Тіршілік атаулы тонын шешіп, түрленетін, гүлденетін шақ. Айналаның бәрі оянып, түрлі түске бояна бастаған. Бірақ... тіл тірлігі бәз баяғы қалпында. Тірілер, түрленер түрі көрінбейді. 26 жылда жаңғырмаған ана тілімізді көктем селт еткізе қойсын ба?.. Сол самарқау күйі. Шенділер менсінбесе, шекпенділер төр бермесе, мұны көрген қараша да қаға беріс қалдырса, тіл байғұс қайтіп еңсе тіктесін? Тіл – тәрбиелеуші, тіл – біріктіруші, тіл – түлетуші. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің мәртебелі нышаны, тәуелсіздігінің тірегі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор екені баршамызға мәлім. Бұл жөнінде Елбасы 2014 жылғы халыққа Жолдауында: «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», ‒ деген болатын. Түсінгенге бұл мемлекеттік тілдің баянды болашағына деген сенімді нықтай түскен әрі мемлекеттік тілдің бүгінгі миссиясын мөрлеп берген сөз. Мұны осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін беретін ұран деп түсінді жұрт. Алайда мемлекеттік тілдің тынысын ашуға бастамашыл болуы тиіс мемлекеттік қызметкерлер, Парламент пен Үкіметтегілердің өзі қазақ тілін үйренуге құлық танытпай жүргендіктен, осы күні ұлтты тіл төңірегінде ұйыстыру туралы сөз қозғауға ұялатын жағдайға жеттік. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да әлі күнге дейін қазақша «нан сұрап жей алмайтын» лауазымды тұлғалар елімізде жетіп артылады. Олардың арасында ел алдында жүрген әкімдер, министрлер мен депутаттар да баршылық. Бұдан былай мемлекеттік тілді білмейтін шенділер алшаң басып жүре алмайды. Өз бетімен меңгере алмаса, тіл оқыту курстарына баруға тура келеді. Өйткені апта басында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған Елбасы Парламент пен Үкімет қызметін жаппай қазақ тілінде жүргізуді бұйырды. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңызына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев: «Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс», – деді. Мемлекет басшысының бұл пәрмені тіл жанашырларын жігерлендірді. Көпшілігі мұны «тілімізді тірілтетін ең маңызды шешім» деп қуанысты. Алайда бір ауыз қазақша білмейтін шенді-шекпенділердің ана тілінде сайрап кететініне сеніңкіремейтіндер де бар. Мәселен, Владимир Косарев, Артур Платонов, Владимир Божконың қазақша сөйлеп отырғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Мүмкін емес сияқты, иә? Үкіметте де қазақшаны тек қағазға қарап қана оқитын лауазымды тұлғалар көп. Олар Елбасының тапсырмасын орындай ала ма, әлде кезекті сылтауларын дайындап үлгерді ме? Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы Президент айтпай-ақ қазақ тілін жетік білулері тиіс. Ата заңда Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екені және оның қазақ тілі екені анық көрсетілген. Мемлекеттік органдардың, ведомстволардың бәрінде іс-қағаздар мен құжат айналымы қазақ тілінде жүргізілуі керек. Әрбір мемлекеттік қызметкер қызметке алынар кезде қазақ тілінен емтихан да тапсырады. Заңдағы талаптардың бәрінен аттап өткендер Мемлекет басшысының тапсырмасын ұршықша иіріп әкетеді дегенге сену қиындау. Естір құлақ болса, Елбасы бұған дейін бірнеше рет «қазақ пен қазақ тек қазақша сөйлессін» дегенді қадап айтқан. Өкінішке қарай, бұл пәрмен баннерлердегі ұран күйінде қалды.

«Сол жақтағыларды» қызартқан Микаелян

Қазақ тілін білмейтін қазақтың орысша шүлдірінен құлағы жауыр болған жұрт осы күні тілін бұрап, қағазға қарап оқыса да, мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге тырысқан өзге ұлт өкілдерінің баяндамасын тұшына тыңдайды. Мәселен, жуырда Мәжілісте өткен жиында «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасаған депутат Наринэ Микаелянға көгілдір экранның бер жағындағы қауым түгел риза болысты. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де депутаттың мемлекеттік тілге деген мұндай құрметіне разылығын жасыра алмай: «Рахмет! Жарайсың, Наринэ Гамлетовна!», ‒ дегенде, жиынға қатысып отырғандар түгел қол соғып, қошемет көрсетті. Микаелян баяндамасын аяқтап, орнына отыруға ыңғайланғанда төраға: «Меніңше, көптеген азаматтарға жақсы үлгі көрсетті. Әсіресе, сол жақта отырғандарға», ‒ деп заң жобасы бойынша депутаттардың алдында баяндама жасап, олардың сұрақтарына жауап беретін мемлекеттік органдардың өкілдерін қағытып өтті. Төрағаның сол жағына жайғасқан солар еді. Талай-талай жиында ресми тілде сөйлеп машықтанған көптеген министрліктің лауазымды тұлғалары қазақша қойылған сұрақтарға өзге тілде жауап беретініне көзіміз де, құлағымыз да үйренген. Наринэ ханымға көрсетілген қошемет өздеріне жасалған ескерту екенін олар ұқты ма? Бұл мемлекеттік тілге жасалған құрмет екенін жүректерімен сезді ме? Күні кеше Тамара Дүйсенованың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Мадина Әбілқасымова да қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын болып шықты. Өзі қатысқан алғашқы Үкімет отырысында министр бастан-аяқ орысша сөйледі. Премьер-министрге экс-министр 5 жыл шеше алмаған жұмыссыздар мәселесін аз уақытта реттеймін деп уәде берді. Ол үшін заңға өзгеріс енгізіп, өзін-өзі белгісіз жұмыспен қамтып жүрген 3 миллион азаматты ресми тіркеп, оларға мемлекетке салық төлететінін айтты. Үкіметтегілер орысшасына шүйліге қоймағанымен, жиыннан кейін қазақша сұрақтарын төпелеткен тілшілер Әбілқасымоваға мемлекеттік тілді меңгермейінше істегені жарқырап көрінбейтінін ұқтырды. Ұятқа қаларын білген министрдің тілшілерден тырағайлап қашудан басқа амалы қалмады. Оның орнына хатшысы жауап берді. Көмекшісі министр жақын арада дайындалып, 3-4 айдың көлемінде қазақ тілінде сұхбат беретінін айтып сендірді.

Ант-су ішкендер уәдесін неге орындамайды?

Тілшілер шенеуніктердің берген уәдесін түртіп алып жүреді. Уақыты келгенде, есіне салады. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов міндетіне кіріскен уақытта Мәскеуде қызмет еткен жылдары ана тілін ұмытыңқырап қалғанын айтып, жарты жылда қазақ тілін қайта меңгеріп алуға уәде берген болатын. «Мәскеуде бес жыл қызмет еттiм, туған тiлiмдi ұмытып қалыппын. Бiрақ алты айдың iшiнде меңгерiп аламын», ‒ деп өткен жылдың қаңтарында көптің алдында ант-су ішкен. Журналистер жарты жыл бойы күтті, қазақша сұраққа қазақша жауап беруді талап еткен жоқ. Алты ай өткеннен кейін, яғни 2017 жылдың шілдесінде Үкімет отырысынан кейін Сүлейменовке есеп беретін кез келгенін ескертті. «Біз сізді алты ай мазалаған жоқпыз, алты ай күттік. Қазақ тілінде жауап беремін деп айттыңыз. Біз тұрдық уәдемізде, сіз де тұрасыз деп ойлаймыз. Бүгінгі ұсынып отырған кеден кодексінің бұрынғы кодекстен ерекшелігін, басты жаңалығын айтыңызшы. Сондай-ақ, бұл кодексте бизнеске қандай жеңілдік жасалып отыр?», ‒ деп сұрады журналистердің бірі. Министр сәл кідірістен соң: «Жалпы, бұл кеден кодексінің ең маңызды новелласы, идеологиясы – ол автоматтандыру. Сондықтан бизнес қағаздар, кедендік декларация толтырудан босатылады. Барлығы электрондық түрде толтырылатын болады. Бұл ең маңызды, ең жағымды бизнеске новелласы бұл кодекстің (министрдің сөзі қаз-қалпында берілді – авт.)», ‒ деп қысқа қайырды. Бұл сауалға дейін тағы бір журналист салық кодексіне қатысты сұрақ қойып, қазақша жауап беруді өтінген еді. Алайда мүдірер жерін білді ме, Тимур Сүлейменов «орысша айтып берейінші» деп, ресми тілде сайрай жөнелді. Түйгеніміз, министр қазақ тілін әлі жетік білмейді, күрделі сұрақтарға келгенде тұшымды жауап беруге қиналады. «Ұмытып қалған» ана тілін еске түсіруге жарты жыл аздық еткен тәрізді. Мүмкін, бір жыл керек шығар. Бірақ Данияр Ақышевқа бір жыл да аз болды емес пе? Ұлттық банктің төрағасының әлі күнге дейін қазақшаға тілі сынбай жүр. Осы орайда, Елбасының өткен жылдың соңында БАҚ өкілдерімен кездесуде айтқан мына бір сөзі еске түседі. «Мен 17 жасымда қазақ мектебін бітіріп, Украинаға жол тартып, одан кейін өздеріңіз білетіндей Теміртаудың металлургиялық комбинатына келдім. Орыс тілді ортада 20 жылдан астам уақыт жүргеннен кейін тілді (қазақ тілін – авт.) ұмытып қалдым. Сексенінші жылдардың соңында Қарағанды облысынан Алматыға Орталық комитеттің хатшысы болып келдім. Міне, осы кезде қазақ тілінде сөйлеуім керек болды. Маған қазақ тілінде шығатын «Социалистік Қазақстан» газетін оқи бер деп кеңес берді. Оңай болған жоқ. Оқып, оқып ақыры сөздік қорымды ұлғайттым. Бәрі де адам өзін-өзі қалай жігерлендіреді – соған байланысты», ‒ деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, мемлекеттік тілді меңгеру үшін ең әуелі құлық керек. Құлық болмаса, жарты жыл тұрмақ, жарты ғасырда да нәтиже шықпауы мүмкін. Қазақ тілін үйренемін деп уәде берген тағы бір министр – Марат Бекетаев. Өткен жылдың шілдесінде «Мемлекеттік тілде қашан сөйлей бастайсыз?» деген журналистің сұрағына министр қазақ тілінің дайындық курсына жазылып, үйреніп жүргенін айтқан-тын. «Бір жылда қазақша еркін сөйлеймін деп ойлаймын. Бүгінде аптасына үш рет қазақ тілінен сабақ алып жүрмін. Ауылға барғанда жергілікті тұрғындарымен, туысқандарыммен қазақша сөйлесемін. Оның маған көп көмегі тиеді», ‒ деген еді Бекетаев мырза. Сұраған уақытының аяқталуына аз қалды. Бекетаев сөзінде тұрып, туған тілін «қысқа» мерзімде меңгеріп алған министр ретінде тарихқа ене ме, әлде сөзінде тұрмайтын шенеуніктер қатарына қосыла ма – уақыт көрсетеді. Бір қызығы, өз тілін үйренуді қиынсынып жүрген шенділер өзге тілдің бірнешеуінде ағып тұр. Қазақ тілінің тазалығы сондай, исең қай тілді игеруден де именбейді ғой, жарықтық. Сондықтан қаны қазақ, жаны қазақ азаматтарымыз кез-келген тілді оп-оңай меңгеріп алады. Соның бірі – Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов. Ағылшын тіліне судай елшінің там-тұм французшасы да бар. Пәкістанның ресми тілі – урду тілін де пәкістандықпен тең білмесе, кем емес. Дипломат хинди тіліне де жетік. Бір сөзбен айтқанда, кәдуілгі полиглот. Бірақ неге екені белгісіз, ана тіліне келгенде күмілжиді де қалады. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ыдырысов мырза қазақша білмейтінін мін көрмейтін тәрізді. Бір кездері оның: «Қазақ тілі – дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» дегенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Қазақстанның алыс-жақын шетелмен қатынасын нығайту жолында төккен терін, еткен еңбегін еш ете жаздаған да – осы сөзі. Осындайда Карл Маркстың сөзі еріксіз ойға оралады. «Өзі тұрып жатқан елдің тілін тек үш адам білмеуге құқылы. Біріншісі – қонақ, сосын – ақымақ және үшінші ‒ басқыншы». Сонда Қазақстанда туып-өскен, осы елдің нанын жеп, суын ішетін, халқына бас боп, жол көрсететін, бірақ мемлекеттік тілін менсінбейтін шенеуніктерді Маркс айтқан үш категорияның қайсысына жатқызуға болады?.. Кейде осындай кең байтақ жерде, тәуелсіз елде отырып, билік өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегеніне қуанатын халық әлемнің өзге бұрышында жоқ шығар деген ойға қаласың. Сонда да жұрт күдерін үзбейді, қазақ тілінің ерте ме, кеш пе, өз тұғырына қонарына сенеді. Ендігі үміті – Президенттің пәрмені. Парламент пен Үкімет Елбасы тапсырмасын қаншалықты орындайтынын жыл соңында көреміз. Оған дейін қолдан келері – шенеуніктерді қамшылау, мемлекеттік тілді білу артықшылық емес, міндет екенін шұқылап айта беру, айта беру...